Sport

«Дзюдо енді дүрілдер, сірә…»

Астанада дзюдодан «ТАК Astana Club» спорт клубының тұсаукесері өтті. Клуб командасын дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері Сергей Раков басқарады.

 

 

Команда құрамына әлем чемпионы Максим Раков, Азия ойындары мен Азия чемпионатының жүлдегері Ислам Бозбаев, Азия чемпионы және «World Masters-2013» халықаралық турнирінің жеңімпазы Сергей Лим, «Қазақстан барысы-2013» турнирінің, Азия чемпионатының жүлдегері Ержан Шынкеев енді. Клуб жұмысының негізгі мақсаты – Қазақстанда дзюдо жүйесін дамытып, жетекші спортшылар дайындау, сөйтіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізу. «Мен Ресей мен Германияның түрлі клубтарында өнер көрсеттім. Бұл – мен үшін өте жақсы тәжірибе. Қазір осындай клубтың Қазақстанда ашылып жатқанына қуаныштымын. Енді өзіміздің тудың астында өнер көрсететін боламыз» дейді Максим Раков. Сондай-ақ, «ТАК Astana Club» басшылары үшін маңыздысы – балалар дзюдосын дамыту. Сондықтан, болашақта дзюдо мектебін ашу жоспарлануда. Онда қалаған жан жаттығып, шеберліктерін шыңдайтын болады. Бұдан бөлек, Сергей Раков клубтың ҚР жастар чемпионаты жеңімпаздарымен келісімшартқа отыруды жоспарлағанын мәлімдеді. «Жапония, Франция, Ресейдің ең мықты командаларымен бірігіп құрама құрамыз» деді ол. Қазір отандық клуб 21 желтоқсанда Парижде өтетін Еуропа клубы лигасына қатысуы үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Астанада команданың маусымы қараша айында басталады.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button