Денсаулық

Егде жаста қалай тамақтанған жөн?

Егде жастағы және кәрі адамдардың дұрыс тамақтануын ұйымдастыру – өзекті мәселе. Себебі жақсы тамақтану ағза мүшелері мен жүйелерінің теріс өзгерістеріне жол бермейді. Тамақтану қаншалықты дұрыс құрылса, соншалықты адам өмірі ұзақ, денсаулығы мен еңбекке қабілеті жоғары болады.

Тамақтану режиміне тамақты қабылдау мерзімі, тамақ ішу аралығындағы үзілістер, бір тәулікте рационға кіретін калорияны бөлу жатады. Төрт мезгіл тамақтану анағұрлым тиімді. Өйткені асқазанға күш біркелкі түсіп, тамақ шырынының тағамды толық өңдеп шығуын қамтамасыз етеді. Тамақты күн сайын белгілі бір мезгілде қабылдау асқазан сөлін неғұрлым шұғыл бөлу рефлексін қалыптастырады. Рационды мынадай тәртіппен бөлу анағұрлым тиімді болады: таңертеңгі асқа 25%, түстікке 15%, кешкі тамаққа 25%. Кешке тамақты ұйқыға дейін 2 сағат бұрын ішу керек. Сондай-ақ тамақты бірқалыпты қорыту үшін тамақ температурасының режимін сақтаудың маңызы зор. Ыстық тамақ температурасы 50-60 С аспауы тиіс, ал суық тамақ температурасы, әдетте, 10 С-тан төмен болмауы керек.

Адам жасы ұлғайған сайын тұзды аз-аздан пайдаланған жөн. Егде жаста көбінің тұз бен қышқылтым дәмге сезімталдығы азайып, соның әсерінен тұзды көп салғысы кеп тұрады. Алайда бұл адамды ісіндіріп қана қоймай, гипертонияға, сал ауруына әкеледі, бүйрекке салмақ түсіреді. Бұдан қашу үшін тұзды сапалы дәмдеуіштер мен пайдалы майларға алмастырған дұрыс. Сондай-ақ уақыт өте адамның ас қорыту жүйесі әлсіреп, содан сілекей мен асқазан сөлі көп бөлінеді. Нәтижесінде ағза қажетті дәрумендерді толық ала алмайды. Мүмкіндігінше жеміс-жидектер мен көкөністер, дәнді дақылдарды көбірек жеген пайдалы. Бұған қоса, құрамында кальций көп тағам жеу керек. Бұл қартая келе кемитін сүйектің беріктігін нығайтады. Кальций сүт өнімдерінде көп болады. Алайда егде жаста адам бойында лактоза тез сіңірілмейтінін де ұмытпау қажет. Одан бөлек, «Омега-3» дәруменін қабылдау маңызды. Балық майы ревма­тоидті артрит ауруымен күресте жақсы көмектеседі. Аптасына екі рет балықты асып немесе буға пісіріп жеген жөн.

 Сәуле ШАГИРОВА, көпсалалы медицина орталығының салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрiгерi

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button