Тәуелсіздікке 30 жыл

Егемен елдің елордасы

16 желтоқсан – тарихы тереңде жатқан, елдің жаңа заманда өз алдына қайта тәуелсіз болған күн, теңдесі жоқ мереке. Осыған орай, мереке қарсаңындағы Нұр-Сұлтан қаласының ерекше көріністерін тамашалауды ұсынамыз.

[smartslider3 slider=1411]

Елорда – Отанымыздың жүрегі, бейбіт елдің баға жетпес байлығы. Қазақ деген абыройлы елдің атағын асқақтата түскен биік қамал – тәуелсіздіктің символы. Күн өткен сайын көркейе түскен елордамыз бүгінде көз тоймастай ғажайып бейнеге ие. Жаны жайсаң қазақ халқымыздың төгілген тері мен ерен еңбегінің, Елбасымыздың кемел саясатының арқасында әрбір арайлап атқан таң сайын жетіп жатқан жетістіктері орасан зор. Осынша жетістік, осынша армандардың жүзеге асуы – тәуелсіздіктің арқасы.

Ұлт мерейін асырған торқалы той қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы жаңаша түрленді. Қаланың орталық көшелеріне көк байрағымыз ілініп, рухымызға патриоттық дем берді. «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» деп жазылған баннерлер елорданың қай бұрышынан қарасаңыз да көзге бірден түседі. Астанаға қадам басқан жолаушының бірінші аялдайтын «Нұрлы жол» теміржол вокзалы мен Н.Назарбаев атындағы халықаралық әуежай да Тәуелсіздік күнін ерекше атап өтуде. Дәл осы қала қақпаларында егемендігімізді паш ететін көріністер LED-экрандарда көрсетілуде. Ал көпқабатты ғимараттардың қабырғалары түрлі түсті мерекелік плакаттармен көмкерілген. Алтын күн мен қыран құстың бейнесі ел тәуелсіздігінің мерекесін ерте жеткізгендей. Желтоқсанның ызғарлы аязы елордалықтардың мерекелік көңіл күйіне әсер ете алған жоқ. Өйткені тәуелсіздік нышандары қалаға көрік беріп тұр.

Халқымыз отызды орда бұзар жас дейді. Жеткенімізден жететіндеріміз көп. Істелген істен атқаратынымыз көп. Әлемдік тарих үшін бұл, әрине, көп уақыт емес. Бірақ осы тәуелсіздікте өткен аз уақыт қазақ халқының ғасырлық арманы болатын. Сол бабалар арманына жетуіміз – біздің ұлы жетістігіміз. Ал ұлы жетістігіміздің асқақ жемісі – елордамыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button