eGov порталы жаңғыртылатын болды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев eGov порталын жаңғырту жұмыстары қалай жүретінін айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Министр eGov-тың қазіргі жай-күйіне талдау жүргізілгенін атап өтті.
− eGov порталы 2013 жылғы технологиялар негізінде құрылған және өз мүмкіндігі шегінде жұмыс істеп келеді. Жаңарту кезінде қиындықтар болды, жаңа функцияларды іске қосуда шектеулер бар, инфрақұрылымға жүктеме артып келеді, сервистер қолжетімді болмайды. Осы жағдайларды назарға алып, eGov-ты жаңа технологиялық шешімдер негізінде жаңғыртуға кірістік, − деді Жаслан Мәдиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Дәлірек айтқанда, қызметтер қайта құрастырылып жатыр, бұл оларды бірнеше батырма басу арқылы алуға мүмкіндік береді. Электрондық үкімет шлюзі жаңартылған, интеграциялау процестері жақсарған.
− 2000 пайдаланушыдан тұратын фокус-топта тестілеуден өтіп жатқан виртуалды AI-ассистент құрылды. Көру қабілеті нашар және зағип азаматтар үшін дауыстық және мәтіндік навигация арқылы eGov-қа қолжетімділік артады. Сондай-ақ әрекетке қабілетсіз тұлғалардың қамқоршылары үшін мүмкіндіктер кеңейтіледі. Осы қадамдар инклюзивті, орнықты және заманауи цифрлық платформаны құруға бағытталған, − дейді Цифрлық даму министрі.
Сондай-ақ, мемлекеттік сервистерді бизнес қажеттіліктеріне сай ету үшін eGov Business порталы жұмыс істейді. Бұл қосымшада жеке кәсіпкерді тіркеу, салық күнтізбесі, сертификаттар, электрондық қол қою қызметтері автоматтандырылған.
− Бұл бизнестің құқықтық сауатын арттырады. Болашақта әлеуетті клиенттерді іздеу, нарықтық аналитика, сұранысты мониторингтеу сияқты жаңа сервистер іске қосылады. Барлығы кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту үшін, − деп түсіндірді министр.
Бұған дейін Ж. Мәдиев Таразда балабақша кезегін 92% қысқартқан тәсілді барлық өңірге енгізуді ұсынған еді.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметтің 91% онлайн көрсетілген. «Ұлттық қор – балаларға», «Стоп-кредит», «Көлік иелену тарихы», «Құмар ойындарға қатысудан ерікті түрде бас тарту» секілді танымал сервистер іске қосылған.
Сондай-ақ, eGov арқылы кедергі келтірген көлік иелеріне анонимді хабарлама жіберуге болады.