Экономика

ЕХРО-2017

Висенте Гонсалес ЛОССЕРТАЛЕС, Халықаралық Көрме Бюросының Бас хатшысы:

Бiз Қазақстанға жобаның жүзеге асуының шынайы мүмкiндiгiн бағалауға келдiк. Бiз екi түрлi критерийге сүйене отырып, шешiм қабылдаймыз. Бiрiншiсi – техникалық критерий. Оған Экспоның жобасы қаланың бас жоспар түзiлiмiне енуi, көлiк-коммуникация жүйесi, интеграциялық бағалау, халықты тасымалдау және жатын орынмен қамтамасыз ету сияқты аспектiлер кiредi. Мұның барлығы үш ай бойы көрменi 5 миллионнан аса халық келiп қызықтаған кезде қажеттi дүниелер.
Екiншi критерий – ХКБ мүшелерiнiң пiкiрi. Комиссия төрағасы түсiндiргендей, олар жобаны жарамды деп тапса, онда мүше елдердiң дауыс беруiне жiбередi. Жарамсыз деп тапса, онда мүлде қатыспайтын болады.
Қазақстан мен ХКБ Хатшылығы екi жылдың iшiнде қол жеткiзген жұмыс нәтижелерiн осы комиссия бағалайды. Бiз ХКБ мүше елдерi назарына жоғары деңгейдегi жобаны әзiрледiк. Осы аптаның iшiнде олар бiздiң екi жылдық жұмысымызды көрiп, бағамдады. Мен осы жобаны дайындауға атсалысқан ұйымдастыру комитетiнiң барлық мүшелерiне алғыс айтқым келедi. Бағалау жұмыстары кезiндегi iс-шараларды тиiмдi өткiзгендерi үшiн де көп рахмет.
Ендi бiз өз есебiмiздi жасаймыз. Үш жыл iшiнде испандық Сарагоса мен кәрiстiң Есу қаласы Экспо көрмесiн өткiзуге құрылыс нысандарын салып үлгерген-дi. Ал Астанаға келсек, Қазақстан 10 жылда жаңа астана салған мемлекет. Әлемде ондай мемлекет жоқ. Сондықтан жаңа Экспо-орталық салу қолынан келетiнiне әбден сенемiз. Өйткенi, мемлекеттерiңiз қысқа мерзiмде ауқымды жобаларды жүзеге асыра алатын әлеуетi бар екендiгiн әлем алдында паш еттi. Егерде бұл байқауда қазақ елiнiң асығы алшысынан түсiп жатса, онда бiздiң Хатшылық тарапынан да үлкен жұмыстар жасалады.
Мен үшiн Қазақстаннан қалатын ең үлкен естелiк – ұлттық нақыштағы көрген-бiлгендерiм. Қазақтардың дәстүрi. Осы жолы киiз үйдi көрдiм. Үйiнде қыран баптаған отбасыға қонаққа бардық. Ұлттық мәдениеттiң нышандары саналатын ән-күймен, билермен таныстық, музыкалық аспаптарды тамашаладық. Мiне, осының бәрi қазақтардың ұлттық бет-бейнесiн айқындайтын ерекшелiктер. Осының барлығы Экспоның бiр жобасы екiншiсiн қайталамайтындығының белгiсi. Бiздiң спорттық жарыстардан артықшылығымыз да осы. Бассейн қай елде де бассейн. Ал Экспоның берерi әр елде әрқалай. Экспоның аясында қатысушы ел өзiнiң ғасырлар бойы қалыптасқан болмысын көрсете алады. Өзiнiң салт-дәстүрi мен өнеге-ғибратымен бөлiседi. Экспо Қазақстанда өтсе, онда ол маңызы зор салтанатты шара болады. Қазақтың ұлттық мәдениетiн Экспоның аясында халықаралық деңгейде ұсынады.
Қазақстан тәуелсiз жиырма жыл iшiнде өзiнiң институционалдық тұғырын, халықаралық қарым-қатынастар жүйесiн қалыптастырғанын дәлелдедi. Әрине, байқау қорытындысын шығаратын кезде ХКБ-ға мүше елдер мұны ескеретiн болады. Мен қазiр олардың шешiмiне қатысты ештеңе айта алмаспын. Өйткенi, бiз әлi Бельгияда болған жоқпыз. Оның жобасын көрмедiк. Екiншiден, жабық сайлау кезiнде қай ел үмiткерлердiң қайсысына дауыс берерi тағы белгiсiз. Бельгияның бұрын Экспо өткiзгенi рас. Бiрақ ол 1958 жылы болған. Тағы да өткiзуге мүмкiндiгi бар. Бiрақ бұл шешiм қабылдауға әсер ете қоймас. Орталық Азия елдерi iшiнен Қазақстан ең бiрiншi болып осындай халықаралық байқауға қатысуға үмiткер болуға ниет бiлдiрген ел. Мемлекеттiң Батыспен де, Шығыспен де, Таяу Шығыспен де сыртқы байланыстары нығайып келедi. Бұл, әрине, ескерiлетiн жағдай.

ҰЛТТЫҚ ЖОБА БОЛМАҚ

Астана – EXPO-2017 байқауын өткiзуден үмiткер қала. Бельгиялық Льеж екеуi қазiргi таңда жоба алдындағы сынаққа түсiп жатқаны белгiлi. Осы мәселеге қатысты елордамызға Халықаралық көрмелер бюросының делегациясы ресми сапармен келiп кеттi. Сараптама комиссиясының тұрақты төрағасы Стин Кристенсен бастаған делегаттар Астананың EXPO сияқты әлемдiк деңгейдегi көрме өткiзуге лайықты деңгейiн зерделеуге келген.
Делегация мүшелерi 11 наурыздан бастап Астанадағы түрлi қауымдастықтармен кездесу өткiздi. Алғашқы кездесу ҚР Парламентiнен басталды. Әр түрлi министрлiктердiң жауапты өкiлдерiмен, Сауда-өнеркәсiп Палатасының бiрқатар дауазымды тұлғаларымен кездесiп, Елбасының қабылдауында болған делегаттар Қазақстан үшiн EXPO-2017 қаншалықты маңызды екендiгiне көз жеткiздi. «Көрменi өткiзуге үмiткер ретiнде бiздiң елiмiз өз мүмкiндiгiн көрсетiп отырғанына қуаныштымыз. Бiз оны ұлттық жоба ретiнде санайтын боламыз» дедi Президент Н.Назарбаев кездесу барысында. «Бiз осы жолы Қазақстанның Президентiмен, министрлермен, Парламент мүшелерiмен, кәсiподақтар мен үкiметткiк емес ұйымдар өкiлдерiмен кездестiк. Академиялық ортамен де, студенттермен де әңгiмелестiк. Толықтай алғанда, сапар барысы бiзге Қазақстанның қажеттi саяси және қаржылық қолдау жасауға дайын екендiгiн көрсеттi» – деп атап өттi өз сөзiнде Стин Кристенсен.
14 наурызда Астана әкiмi И.Тасмағамбетовпен сұхбаттасқан мәртебелi меймандар елорданың әлеуетiмен танысты. «Қазақстандықтардың орташа жасы 31-32 жас. Сондықтан демография тұрғысынан жас қоғам жаңашылдық пен өзгерiстерге оң көзқараспен қарайды» деген қала әкiмi алдымен адами капиталдың маңыздылығына тоқталып өттi. Одан кейiн Астана елорда болғалы iшкi өнiмнiң 70 есе артқандығын тiлге тиек еттi. Қазақстанның саяси ерiк-жiгерi жобаны экономикалық тұрғыда жүзеге асыруға қабiлеттi екендiгiне де тоқталды.
Астанада аталмыш көрменi өткiзуге 113 га жер телiмi алдын ала дайындалған. Оның орналасу кеңiстiгiн өз көздерiмен көрген делегаттар мейлiнше риза болғандарын жасырмады. Жобаны сол жерде макет бойынша таныстырған ҚР Президентiне қарасты Сәулет кеңесiнiң мүшесi, профессор Аманжол Чиканаев қамтылған аумақты толықтай көгалдан-дырып, түрлi мейманханалар мен мейрамханалар салып, инфрақұрылым жасақталатындығы жөнiнде ақпар бердi. Бұлардан өзге де қажеттi нысандар салу ойластырылған. Жоба қаланы дамытудың бас жоспарына кiрiктiрiлетiн болады. Ол Шәмшi Қалдаяқов көшесi мен К-1 айналма жолының аймағында орналасқан. Жер телiмiнiң қаланың игерiлмеген бөлiгiнде орналасуының өзiндiк тиiмдiлiгi бар. Көрме кешенi жүзеге асса, мұнда қоғамдық көлiк желiлерiнiң жаңа бағыттары ашылады. Жерүстi рельстi көлiк жүргiзу жоспарланбақ. Алдын ала зерттеулер бойынша, аталмыш көрмеге 2,5 миллионнан астам қонақтар келедi деп күтiлуде. Олар бiрнеше ай бойы павильондарды қызықтаса, онда көрме бiткенше мұнда 5 миллионнан астам келiмдi-кетiмдi кiсi болады екен.
Халықаралық көрме бюросы өкiлдерiнiң ресми сапары Алматыда жалғасты. Астанадағы баспасөз мәслихатында олар елордамыз, Қазақстан, қазақ халқы туралы ой-пiкiр алмасқандарына шексiз қуанышты екендiктерiн жеткiздi. Қазақстан жұртшылығын қызықтырған көптеген сауалдарға жауап бердi. Бес күн бойғы кездесулерден алған әсерлерiмен бөлiстi. Қазақстан байқаудан өткен күнде не ұтатындығын мазмұнды түрде сипаттады. Қазақстан ұсынған жобаның ендiгi кезде қандай сынақтан өтетiндiгiн айтты. «Бұл тек жоба алдындағы дайындық кезеңi. Егер Қа-зақстан 2012 жылдың қарашасында өтетiн Халықаралық көрмелер бюросына мүше елдер арасындағы жабық сайлаудан өтсе, онда бiз екi жыл бойы аталған жобаны қосымша кеңейтуге, дамытуға мүмкiндiк аламыз. Содан кейiн ғана ХКБ сiздердiң EXPO-2017 жобаларыңызды тiркеуi мүмкiн. Осындай ұзақ мерзiмдi дайындықтан өтетiндiктен, бiз жан-жақты қамтылған, өте мықты жобаны әзiрлеуге атсалысамыз» дедi жобаға баға беруден әзiрге бас тартқан ХКБ бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес.
Жобаның қаншалықты қаржыға салынатындығы туралы, оған қандай күш-қуат қажеттiлiгi жөнiнде күнi бұрын ақпар таратуды орынсыз деп тапқан EXPO-2017-нiң Ұлттық үйлестiрушiсi, Сыртқы iстер министрлiгiнiң жауапты хатшысы Рәпiл Жошыбаев көпшiлiктi қызықтырған сұрақтарға аталған орталық сайтынан жауап табуға болатындығын жеткiздi. Астана әкiмiнiң айтуынша, егерде жоба байқаудан озып шығып жатса, көзделген нысанда кедендiк және салықтық жеңiлдiктер беретiн ерекше құқықтық тәртiп енгiзу мәселесiн де қарастыру ойда бар екен.
«Қазiр бiз жобаның қаржылық тарауы туралы комиссия алдында есеп бердiк. Мәселе тек сол павильондарды салуда ғана емес, соларға жету үшiн жолайрықтар, шетелден келетiн, елдiң түкпiр-түкпiрiнен ағылатын қонақтарды күтiп алуға қосымша аэропорттар салу, темiржол бағыттарын айқындау, автокөлiк жолдарын жөндеу жұмыстары қолға алынады. Бұл Астананың дамуына серпiн беретiн жойқын күш болар едi. Тiптi, бүкiл елдiң iскер қауымына зор мүмкiндiктер ашатын жоба. Жеке инвестициялар салынып, мемлекеттiк инвестициялар игерiлер едi. Оған қоса, 113 га жердiң экономикалық аймақ ретiнде қалыптасуға ықтималдылығы пайда болар едi» дейдi Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлiгiнiң Сауда комитетiнiң төрағасы Айдар Қазыбаев.
В.Г.Лоссерталес мырзаның айтуынша, комиссияның ең алдымен назар аударатын мәселесi – Экспо-орталықтың көрме бiткеннен кейiнгi ахуалы. Оның жалпы қаланың бас жоспарында алатын орны. Оның келешек үшiн әрi қарай кәдеге жарауына мән беру. Салынған құрылыс нысандарының ел игiлiгiне жарауы жергiлiктi халық үшiн аса маңызды. Жобаның техникалық критериiмен танысып қайтқан делегаттар, Қазақстанның ыстық ықыласына, жоғары деңгейдегi қабылдауына ризашылықтарын бiлдiрдi.
Бұл байқаудан жеңiп шықса, Астана халықаралық деңгейдегi тағы бiр айтулы шараның ұйытқысына айналмақ. Ал, 2017 жыл елордамыздың жиырма жылдығына дөп келетiнiн ескерсек, онда екi салтанатты мереке қапталдас өтедi екен.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button