Елордада – елшілер

Екі елдің ортақ тарихы біздерді жақындатады

Иордания Хашимит Корольдігі (әл-Мамляка әл-Урдуния әл-Хашимия) – Батыс Азиядағы мемлекет. Солтүстігінде Сириямен, шығысы мен солтүстік-шығысында Иракпен, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Сауд Арабиясымен, батысы мен солтүстік-батысында Израильмен шектеседі. Оңтүстік-батысынан Қызыл теңіздің Акаба шығанағы қоршайды. Иордания – конституциялы монархия. Қазіргі конституциясы 1952 жылы 1 қаңтарда қабылданған. Мемлекет басшысы – король. Иордания Хашимит Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Юсуф Абдельғанимен сұхбатымызда қазақ жұртының тарихымен тамырлас мемлекеттің туризм саласындағы әлеуетіне мән бердік. Алдағы уақытта  барыс-келіске жаңа серпін беріліп, өркениеттер жақындай түседі деген сенімдеміз.

[smartslider3 slider=495]

– Елші мырза, екі ел арасын жалғаған ізгілік  ишаралары ел астанасында көрініс бергені  қуантады. Осыдан біраз бұрын Король ІІ Абдалланың Жарлығымен Иордания астанасының орталық көшелерінің біріне ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың есімі берілді. 2018 жылғы желтоқсанда Амманда «Астана» көшесі салтанатты түрде ашылды. Мемлекетаралық  саяси-мәдени-экономикалық байланысына қысқаша шолу жасасаңыз.
– Қазақстан мен Иордания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылы ақпан айында орнатылды, ал 2007 жылы Иордания Хашимиттік Корольдігінің елшілігі Нұр-Сұлтан қаласында «уақытша сенімді өкіл» деңгейінде ашылып, 2010 жылы «Төтенше және өкілетті елшісі» тағайындалып, «Елші» дәрежесіне көтерілді.
Иордания Королі Абдалла II ибн әл-Хусейн Қазақстанға 7 рет ресми және іссапарларымен келді, Корольдің Қазақстанға жасаған соңғы 2017 жылғы ресми сапары аясында оған «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы» табыс етілді. Осы орайда, Иордания Королі Абдалла II аймақтық және халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тынымсыз күш-жігері үшін берілген осы сыйлықтың алғашқы лауреаты атанды.
Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Иорданияға соңғы ресми сапары 2009 жылы болса, Мәртебелі Король Абдалла II 2019 жылы БҰҰ Бас ассамблея­сының 74-ші сессиясы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, екіжақты келіссөздер өткізді.
Түрлі аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдары ұқсас болғандықтан, Қазақстан мен Иордания арасындағы саяси қарым-қатынастар беріктік пен тұрақтылықпен сипатталады, ал қарым-қатынастардың беріктігі мен тұрақтылығының дәлелі ретінде екі бауырлас мемлекет басшыларының мерзімді сапарларын айтып өтсек болады.
Экономикалық қарым-қатынастарға келетін болсақ, екі ел арасында осы күнге дейін 4 отырысын өткізген «үкіметаралық комиссия» бар. Сонымен қатар, тұрақты түрде өткізіліп тұратын «бірлескен кәсіпкерлер кеңесі» де бар. Қазіргі таңда аталмыш «үкіметаралық комиссия» мен «іскерлік кеңес» екі ел экономикасының дамуы мен қарқындауына өз үлесін қосып келеді. Бірақ, өкінішке қарай, біздің елдер арасындағы тауар айналым көлемі жоғары деңгейде емес. Оған көптеген факторлар әсер етіп отыр, мысалға айтатын болсақ, екі ел арасында тікелей әуе тасымалының жоқтығы, тікелей теңіз жолының болмауы және де үлкен алшақтыққа байланысты әуе мен автомобиль жолдары жүк тасымалы құнының жоғары болуы. Дегенмен, бүгінде осы қиындықтарды жеңу жолында жұмыстар жасап жатырмыз, екі ел арасында сауда мен туризм салаларын дамыту мақсатында тікелей әуе қатынасын орнату мәселесін қарастырудамыз.
Мәдениет және білім саласындағы қарым-қатынасқа келер болсақ, екі елдің тарихы, діни ұстанымдары мен мәдени құндылықтары өте ұқсас.  Қазақстан мен Иордания арасында осы салаларда қол қойылған бірнеше келісімшарт бар. Бүгінгі таңда қазақ жерінде 600-ге жуық иорданиялық студент білім алып жатса, ал Иорданияда 100-ге жуық қазақстандық студент білім алуда. Осы білім алушылар өз кезегінде екі ел мәдениетін бір-бірлеріне таныстыруда өз үлестерін қосып келеді.
– Елордамызда қазіргі Иордания Корольдігінің негізін қалаушы Хусейн бен Талал есімімен аталатын көше бар. Амман көшесі де өзара ықыластың белгісі деп қабылдаймыз. Ел тарихында айрықша орны бар осы кісі туралы айтып берсеңіз.
– Король Хусейн бен Талал – (Алла оны рахымына алсын) Иорданияның үшінші Королі. Біздер, Иордания халқы оны «әл-Малик әл-Бани», яғни «Жасампаз Король» деп атаймыз, өйткені ол жарты ғасырдан астам уақытта билік институттарын, елдің инфрақұрылымын құрып, елдің тұрақтылығын сақтай білді. Барлық елдермен, олардың көшбасшыларымен жақсы қарым-қатынаста болып, ел имиджін көтеру жолында аянбай еңбек етті.
Иорданиядағы Хашимит әулетінің тамыры Мұхаммед Пайғамбардың с.а.у. (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әулетінен бастау алады. Сондықтан да Хашимит әулеті барлық иорданиялықтар мен мұсылмандардың сүйіспеншілігі мен құрметіне ие, ал иорданиялықтар әрқашан Корольге тек патша ретінде ғана емес, қиыншылық кездерде пана болатын, әділ басқарушы, әрі қамқор тұлға ретінде қарайды.

[smartslider3 slider=497]

– Иорданияның ежелгі тарихын еске алсақ, қазіргі қазақтың бұрынғы тарихымен де бір байланысты көреміз. Мысалы, биыл Атлах шайқасына 1270 жыл толып отыр. Оның маңызына тоқталып өтсеңіз. Иорданияның ислам тарихындағы жылнамасында бұл оқиғаға қандай баға берілген?
– Жоғарыда айтқанымдай, екі елдің тарихи және діни құндылықтары – бір, бірақ Қазақстан жаңадан құрылған мемлекет болғанымен, араб әлемінде осы қазақ топырағынан Әбу Насыр әл-Фараби сияқты көптеген ғалымдардың шығуы осы аймақтың ежелден мәдениет пен өркениет ордасы болғандығынан сыр шертеді. Осы орайда, қазақ халқының Дін Исламды Орталық Азияда таратудағы тарихи рөлін ерекше атап өткім келеді. Оған арабтар мен қазақтардың бірігіп, қытайлықтарға тойтарыс берген әйгілі «Атлах-Талас шайқасы» дәлел болса керек.
– Осы өңір түрлі өркениеттердің тоғысқан әрі билік үшін шайқасқан да жері болды. Соның бір ізі қазақ жерінде ұлықталатын мамлюктердің, Бейбарыстың ізі жатыр. Оған қатысты жерлерге тоқталып өтсеңіз. Олар туризм нысаны ретінде насихатталып отыр ма?
– Араб тарихында үлкен орын алатын қазақтан шыққан көптеген атақты ел басқарушылар мен батырлар бар, мысалы, «Рукн ад-Дин», яғни «дін қорғаушысы, тірегі» лақап атымен танылған Сұлтан Әл-Захир Байбарыс Мысыр мен Шам елдерін, оның ішінде Иорданияны ұзақ уақыт биледі, сондай-ақ ол Айн Джалут, Мансура және Иблестин шайқастарында ерекше көзге түсіп, өзінің стратегиялық басқарушылығы мен асқан батылдығы арқасында әлемге әйгілі болды.
Иорданияда Сұлтан Бейбарысқа тиесілі көптеген ескерткіштер бар, өйткені ол Иорданияның оңтүстігіндегі Карак қамалын қалпына келтіріп, оны өз шайқастарында пайдаланған. Сонымен қатар Шоубақ пен Азрақ қалаларындағы бірқатар бекіністер мен қамалдарды қалпына келтірген. Бүгінде «мамлюктер дәуірінде» тұрғызылған бекіністер Иорданияның ең көрнекті туристік орындарының бірі болып табылады.

[smartslider3 slider=496]

– Елдің көне антикалық мұралары, мемлекеттің бүгінгі келбеті туристерге қаншалықты тартымды. Ковидтің салдарын есепке алмағанда, барыс-келіс қалай дамып отыр? Болашақта осы саланы дамытуға қатысты жобалар бар ма?
– Иордания елі туристік көрікті жерлердің алуан түрлілігімен ерекшеленеді, олай дейтін себебім, әлемнің кереметтерінің бірі болып саналатын, Набатилер дәуірінде жартастан қашап салынған – Петра қаласы бүгінде тарихи-мәдени нысан ретінде көптеген елдерден сая­хатшыларды елге тартып келеді. Римдіктер дәуірінен сыр шертетін Джераш қаласында да тарихи көне ескерткіштер көп. Сондай-ақ Ислам өркениетін дәріптейтін көптеген мәдени орындар, сахабалардың жүрген тарихи жерлері мен Византия, Рим және Грек сияқты ежелгі өркениеттердің ескерткіштері де Иордания елінде сақталған.
Сонымен қатар, Иордания жерінде әлемдегі ең төменгі нүкте болып табылатын Өлі теңіз, құмды Уади Рам сияқты әдемі орындар бар. Өлі теңіздің тұзы мен балшықтары тері ауруларына, буын қақсауы мен ревматизмге бірден-бір ем болып саналады. Осындай сырқаттарға ем алу мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар біздің елге келеді. Сондай-ақ Иордания­да әлемдегі ең көне шіркеулер мен Иса Мәсіхтің шомылдыру рәсімін өткізген тарихи мекен орналасқан. Ол жерлерге жыл сайын миллиондаған турист келіп, Иорданияның археология­лық, тарихи-діни және табиғи орындарын тамашалайды.
Иордания тұрғындары – қонақжайлылығымен, жомарттығымен ерекшеленетін және де ежелгі араб салт-дәстүрлерін сақтай білген халық.
– Әңгімеңізге рахмет, елші мырза!
 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button