Қала тіршілігі

Екі мың жұмысшы жұмылдырылды

Қардың қалың жаууына байланысты Астана қаласының коммуналдық қызмет мекемелері күшейтілген режиммен жұмыс істеп жатыр.

 Қала көшелерін тазалауға 800-ден аса арнайы техника бір­лігі мен екі мыңға жуық жұмыс­шы жұмылдырылған. Соның ішінде 569 жұмысшы мен 264 техника Сарыарқа ауданын тазаласа, 588 жұмысшы мен 296 техника Алматы ауданын, ал 276 техника мен 738 жұмысшы Есіл ауданын тап-тұйнақтай етті.
Жұмысшылар алдымен автобус аялдамалары мен жаяу жүргінші жолдары, көпірлер мен өтпежолдар сияқты басқа да адам аяғы үзілмейтін орындарды, аурухана, емхана сынды әлеуметтік маңызы бар ны­сандардың кіреберістерін тазартудан бастауда. Сонымен қатар көктайғақта көпшіліктің тайып құлап, жарақаттанбауын алдын алуды мақсат тұт-
қан жұмыс тобы тұрғын үй­лер аумағындағы тайғанақ жер­лерді ретке келтіруді назарға алды. Ол үшін елордада көк­тайғаққа қарсы қажетті құрал-­жабдық қорының жеткілікті екенін айтады мамандар. Ал жиналған қар арнайы полигон­ға тасымалдануда.
Бұл тұрғыда жергілікті би­лік елордалықтар мен қала қо­­нақтарын қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, көлік жүргізушілерін жылдамдық­ты арттырмай, жол үстінде ара­қа­шықтықты сақтай отырып, оқыс әрекет жасамауға шақыр­ды.
«Жаяу жүргіншілер әр қада­мын аңдап басып, жолдың екінші жағына тек арнайы белгі көрсетілген жерден ғана өткені дұрыс. Көшедегі техникалар жол көлік қозғалысының баяулауына әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан бұған түсіністікпен қарап, қала ішіндегі сапары­ңыз­ды алдын ала жоспарлап шыққаныңыз жөн» дейді жергілікті билік өкілдері.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button