Басты ақпаратШартарап

Екі тарап та зардап тартқан

Украина даласында сұрапыл соғыстың жүріп жатқанына 300 күннен асты. Осы 10 айда Ресей Украинаның шығысындағы 4 облысты өзіне қосып алғанымен,  қазірге дейін бірде-бір облысты әкімшілік аумағы бойынша толық бақылауына ала алған жоқ. Керісінше соғыс бастала салған кезде басып алған Харьков, Херсон облыстарының біраз аумағынан шегініп шықты. Қазір соғыс, негізінен, Днепр өзенінің жағалауында жүріп жатыр.

Қираған қала, күйзелген ел

Жан беріскен сұрапыл соғыста екі жақтан нақты қанша адам қаза тапқаны белгісіз. Ресей тарапы болса, қыркүйек айының басында 6000-ға жуық әскеріміз қаза тапты деген еді. Содан бері бұл жөнінде ешқандай мәлімет таратқан жоқ. Ал Украина тарапы болса, 20 желтоқсанға дейін 100 мыңға жуық Ресей әскерінің көзін жойып, 3000-ға жуық танкін, 6000 бронды көлігін, 600-ге жуық тікұшақ пен соғыс ұшағын қираттық деп отыр. Украина сарбаздарының шығыны да беймәлім. 2 желтоқсан күні Украина президенті Владимир Зеленскийдің кеңесшісі Михаил Подоляк соғыс басталғаннан бері 10 000-13 000-ға дейін украиналық сарбаз мерт болды деп мәлімдеді. Дегенмен Подоляктың мәлімдемесін елдің әскери күштері растаған жоқ. Тек маусым айының өзінде күн сайын 100-ден 200-ге дейін украиндық сарбаз қаза тапқанын ескерсек, Украина әскерінің шығыны да аз емес, әрине. Өйткені өткен айда АҚШ-тың жоғары дәрежелі генералы Марк Милли соғыс басталғаннан бері 100 000-ға жуық ресейлік сарбаз бен 100 000 украиндық сарбаз қаза тапты немесе жараланды деп мәлімдеген болатын.

Ресей армиясының соққысынан Украинаның көптеген қалалары қирады, Мариуполь, Бахмут сынды қалалар жермен-жексен болды, 3000-нан астам ауыл жойылды. Ел астанасы Киевті қамтыған көптеген қалалардың жарықпен, сумен, жылумен қамтамасыз ететін әлеуметтік нысандары күйреп, Киевтің  40 пайыз халқы жарықсыз қалған кездері болды. Украина билігі бүлінген нысандарды қалпына келтіруге тырысқанымен, Ресей қарулы күштері  Ираннан сатып алған ұшқышсыз ұшақтар мен алыс аралыққа атылатын зымырандар арқылы Украина даласына күн құрғатпай шабуыл жасауда. Батыс елдері көмекке берген әуе шабуылынан қорғану жүйелері олардың көбін қағып түсіргенімен, жасалу құны небәрі 2000 долларды құрайтын ирандық «Шаһит»-тер украиналықтар үшін тым қымбатқа тоқтауда.

Соғыстың тауқыметін тартқан халық та қатты күйзелді. БҰҰ-ның дерегіне сүйенсек, соғыс басталғаннан бері 16 миллионнан астам халық шетелге босып кеткен. 20 желтоқсан күні Украинаның Бас прокуроры Andriy Kostin «соғыс басталғаннан бері 8311 бейбіт тұрғын қаза тапты, оның 437-сі – бала. 11000-нан астам бейбіт тұрғын жараланды» деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол Ресей армиясының 45000-нан астам әскери қылмысы тіркелгенін де атап өтті. Бұған дейін, яғни 9 желтоқсанда АҚШ-тың Біріккен штаб төрағасы Марк Милли соғыс басталғаннан бері Украинаның 40 000 бейбіт тұрғыны қаза тапқан болуы мүмкін деп болжам жасаған болатын. Осы санақтардың барлығын қоса есептесек, 10 айға жалғасқан соғыста екі тараптан өлген адамның саны 300 мыңға жуықтаған болуы ықтимал. Сарапшылар соғыстың салдарынан Украина елінің тартқан экономикалық шығыны 300 миллиард доллардан асып кетті деген болжам жасап отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштер еселене түсетінін ескерсек, Украина соғысы Еуропадағы екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі адам ең көп қырылған, экономикалық зардабы да аса ауыр соғыс деген атпен тарихта қалғалы тұр.

Қауіп артып, күдік күшейді

Ресей екі-ақ күнде бір жағына шығарамыз деген бұл соғыстың жүріп жатқанына 300 күннен асса да, ұрыстың бүгін, ертең тоқтайтын түрі жоқ. Есесіне тіпті қыза түсетін түрі бар. 15 желтоқсан күні Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Залужный Батыс БАҚ-тарына берген сұхбатында «Ресей үлкен шабуыл жасауға дайындалуда. Ақпан, наурыз айларында шамамен 200 мың әскермен (мобиктер) шабуылға шықпақ. Донбасс бағыты арқылы және Киевке де ұмтылуы мүмкін. Қарсы алуға дайынбыз» деген болатын. Сондай-ақ ол Украина әскерінің де өте үлкен операцияға дайындалып жатқанын атап өтті.  Осыдан бір күн бұрын АҚШ-тың соғыс зерттеу институты (ISW) да «Ресей қаңтар-ақпан айында жаппай шабуылға шығуға дайындалуда. Яғни «Харьков-Луганск-Донецк» бағытында жаппай шабуылға өтуі мүмкін» деп мәлімдеген еді.

Қараша, желтоқсан айларында Украина даласындағы соғыс қимылдары айтарлықтай бәсеңдеді. Тек Донбасстың Бахмут қалашығы төңірегіндегі сұрапыл соғыс қана толас тапқан жоқ. Ресей қарулы күштерінің бұл қалаға шабуыл жасағанына жарты жылдан асқанына қарамастан, Украина қарулы күштері қаланы әлі өз бақылауында ұстап тұр. Кейбір деректерде бұл қалаға шабуыл жасап жатқандар Ресейдің жалдамалы әскерлері (вагнерлер) деген ақпарат айтылып жүр. 20 желтоқсан күні іргесінде ұрыс жүріп жатқан бұл қалаға Украина президенті Зеленский де ат басын бұрып, алдыңғы шепте қан кешіп жатқан батырларын марапаттап, жауынгерлерінің жігеріне жебеу, қайратына демеу беріп қайтты. Бұл арада соңғы айларда соғыс қимылдарының аздап бәсеңдеуіне ауа райының әсері екенін де айта кеткен жөн. Әсіресе жер лайсаң болып, судың бетін мұз тұтпауы екі жақтың да техникасының ұрыс салуына үлкен тосқауыл болып тұр. Екі тараптың да келер жылдың басында аяз күшейіп, жердің тоңы қалыңдаған мезгілде жойқын шабуылға дайындалып жатқандығының бір себебі осында.

Осыған дейін Ресей әскерінің әрқандай шабуылына төтеп береміз деп мығым сеніммен отырған Украина қарулы күштерінің соңғы күндері «Ресей Беларусь елі арқылы Украинаға қайта басып кіре ме? Беларусь елі де соғысқа араласып кете ме?» деген қаупі күшейді. Дүйсенбі күні Ресей Федерациясының президенті Путин, Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Минскіге барып, Беларусь елінің басшысы Лукашенкомен кеңес өткізді. Кездесуде нақты не талқыланғаны белгісіз, Батыс БАҚ-тары «екі ел мәңгілік одақ құрды» деп жарыса жазып жатыр. Дегенмен, Ресей басшысы бұл сапарында Лукашенкомен Беларусь әскерлерін соғысқа тіке араластыру мәселесін талқылады деген болжам да айтылып жатыр. Алайда Лукашенко Ресей басшысының бұл талабына қосылмаған сыңайлы. Өйткені «егер Беларусь елі соғысқа араласатын болса, санкцияның сабауымен жүнше түтеміз» деп Еуроодақ та, АҚШ-та алақандарына түкіріп дайын отыр. Сол себепті Беларусь басшысы бұл талаптан бас тартқан болуы мүмкін. Дегенмен, Украина барлаушылары Ресей Беларусь жеріне апарған әскери техникаларын Украина шекарасы маңына қарай жылжыта бастағанын хабарлады. Оның үстіне соңғы күндері Украина қарулы күштері де Украинамен шекаралас аумақтағы Ресей нысандарына да соққы бере бастады. Осы жағдайға байланысты Ресей тарапы да шекара қорғанысын күшейтті. 20 желтоқсан күні Ресей президенті Путин Федералды қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) өз шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаңа қауіптермен күресу үшін бақылауды күшейтуді бұйырды. Демек, алдағы уақытта Украина соғысы бақылаудан шығып кетуі де мүмкін. 10 желтоқсан күні НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Норвегияның NRK телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында «Украинадағы соғыс бақылаудан шығып кетсе, бұл Солтүстік атлантикалық альянс пен Ресей арасындағы толық масштабты соғысқа ұласуы мүмкін» деп мәлімдеген еді.

Соңы немен тынады?

«Әр қандай соғыстың соңы келіссөзбен шешіледі» деген сөзді аузынан тастамайтын батыстың дипломаттары соңғы кездері екі тарап келісімге келуі керек деген мәселені де жиі айта бастады. Дүйсенбі күні АҚШ-тың аға дипломаты Генри Киссинджер «тағы бір жойқын дүниежүзілік соғыс қаупін азайту үшін Украинада бейбітшілік туралы келіссөздер жүргізетін уақыт келді» деп мәлімдеді. Бірақ Киев «бұл агрессорды уақытша тыныштандырумен бірдей» деген уәж айтып, бұл ұсыныстан бас тартты. Демек, қазір екі тараптың келісімге келуі қиын. Өйткені Украина территориясының бестен бір бөлігін басып алған Ресей келіссөздің алғы шарты ретінде «Киев Мәскеудің оңтүстік және Шығыс Украинаны өзіне қосып алғанын мойындауы керек» десе, Украина билігі «келісімге келу үшін Ресей әскерлері Украинаның барлық аумағынан, соның ішінде 2014 жылы аннекциялаған Қырымнан да кетуі керек» деген талабынан тапжылмай тұр. Қазан айында Украина президенті Зеленский «біз мағынасыз келіссөздерге уақыт жоғалтпаймыз, Ресейдің келісімге келейік дегені – уақыттан ұту. Украина соғысы Украина жауынгерлерінің Қырымды қайтарып алуымен аяқталады» деген болатын. НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг те қараша айының соңында «Ресей соғыста жеңіліс тапқанға дейін онымен ешқандай келіссөз болмайды» деп мәлімдеме жасаған еді. Дей тұрғанмен, Ұлыбританияның «The Guardian» басылымы жақында «Украина Қырымды басып алуға тырысса, Путин ядролық қару қолдануы мүмкін» деген мәліметті таратты. Осы тұрғыдан алғанда, АҚШ, Ұлыбритания, Еуроодақ, НАТО-ға мүше мемлекеттер Украинаға қанша жәрдем жасағанымен, Киевтің Қырымды отан құшағына оралтуы қиын секілді.

Санкция сансырата ма?

Украина­ға әскер кіргізген күннен бастап Батыстың экономикалық бағыттағы жазасына ұшыраған Ресей әп-сәтте әлемдегі санкция ең көп салынған елге айналды. Импорт-экспорт саудасы жаппай тосқауылға ұшырады, батыс елдері өз құзыреті шегінде Ресей мұнайын 60 доллардан (барреліне) артық бағаға сатып алуға тыйым салды. Осының нәтижесінде басқа елдерге мұнай сатуда үлкен тосқауылға ұшыраған Ресей Үндістан мен Қытайға қара алтынның баррелін 35 доллардан сатуға мәжбүр болып отыр.  Бұл нарық бағасынан екі есе төмен. Оның үстіне соғыс басталғаннан Ресейдің кейбір қалталы байлары мен қабілетті, дарынды жастары шетелге ағылды, әскер қатарына алынудан жалтарып шетел асқан жастар да аз емес. Осының салдарынан Ресейде еңбек күші де жетіспей жатыр. Соғыс басталғаннан бері шетелдің 2000-нан астам компаниясы Ресей нарығынан кетті, шетелдегі активтері бұғатталды, ірі банктеріне санкция салынды. Дегенмен, «Жылан үш кессең де кесірткедей халі бар» дегендей, Ресей әлі сыр бермей тұр. Дегенмен мамандар «келер жылдан бастап салмақты санкциялардың өнімі көріле бастайды, бұл Ресей экономикасын күйретіп кетуі де ықтимал» деген болжам да жасап отыр.

Соғыстан кейін Ресейдің халық­аралық қауымдастық алдындағы бет-беделіне де ауыр нұқсан келері сөзсіз. Еуроодақ бастаған бірқанша ел Ресейді «терроризмді қолдаушы ел» деп таныды. БҰҰ да Ресейдің Украинға басып кіргенін айыптайтын бірқанша қарарды дауысқа салды…

Қысқасы, Украина соғысы екі тарапты да қиындыққа батырды. Оның соңғы немен тынады? Ол жағы әлі күңгірт.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button