Sport

Екі жарыстан екі алтын

Астана қаласының «№7 Олимпиадалық резервті балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің» оқушылары екі халықаралық жарыстан екі алтын медаль әкелді.

Жақында Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында самбодан өткен Азия чемпионатында 65 келі салмақта ел намысын қорғаған Ақ­бота Арғынғазина чемпион атанды. Осы жарысқа тыңғылықты дайындалып барған астаналық ару барлық қарсыластарынан басым түсті. Ал жартылай финалда, сонымен қатар ақтық белдесуде керемет шеберлігімен тәнті етті. Финалға шығу жолында Малайзия спортшысын 8:0 есебімен тізе бүктірсе, алтын медаль үшін айқаста боз кілемнің иесі, яғни, Түркіменстан балуанымен бетпе-бет шықты. Өте тартысты өткен осы кездесуде Ақбота Арғынғазина қарсыласын таза лақтырып жеңіске жетті. Азия чем­пионының құрметіне Ашхабад төрінде Қазақстан әнұраны шырқалды. Бұл жеңіс – бапкері әрі әкесі Жаңабатыр Айтқұловтың да жеңісі екені сөзсіз.
Осы спорт мектебінің тағы бір шәкірті Алексей Магдеев те халықаралық жарыстың жеңімпазы атанып келді. Жас спортшы Швецияның Йопчепенг қаласында тай боксынан өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Астаналық спортшы 45 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей, алтын медаль иеленді. Алексейдің бұл жеңісіне бапкері Диас Қабдуов та ортақ.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button