Басты ақпаратСаясат

Екіжақты қатынастарға тың серпін

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты.

Шекара маңындағы аймақтар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелеріне арналған форумның жұмысына облыстардың басшылары, екі елдің салалық мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Президенті жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде форум екіжақты қатынастардың, әсіресе өңірлердің өзара байланыстарының құрамдас әрі маңызды бөлігіне айналғанын айтты. Мемлекет басшысы індеттің таралуына байланысты күрделі кезеңде Қазақстанға көрсеткен көмегі үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда 7500-ден астам ресейлік және 3500-ге жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Ынтымақтас тық орнатқан уақыттан бері форум аясында 200-ге жуық келісім мен шартқа қол қойылды. Осы кезеңде тауар айналымы 3,5 есеге өсіп, 19 миллиард долларға жетті. Ресейден тартылған тікелей инвестицияның көлемі соңғы 15 жылда 16 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Ресейге салынған қазақстандық инвестицияның көлемі 4,5 миллиард долларға жуықтады. Елдеріміз арасындағы іс-қимылдар экономиканың барлық саласы: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым бағыттары бойынша жүргізілуде.
– Біздің кәсіпорындарымыз Теңіз, Қарашығанақ сияқты әлемдік деңгейдегі кен орындарын бірлесе игеруде. Каспийдің қазақстандық бөлігінде Жеңіс, әл-Фараби теңіз жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың жалпы құны – 6,5 миллиард доллар. Бұдан бөлек, біз Қаламқас-теңіз – Хазар ірі кен орындарын игеруге кірісеміз. Ресеймен арадағы стратегиялық серіктес анықталды. Ол – «Лукойл» компаниясы. Жобаның жалпы құны 5 миллиард долларға жуық. Біз теңіз жобаларын жүзеге асырып жатқан инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасадық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл жөніндегі бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, ресейлік серіктестерді жаңа жобаларды іске асыруға шақырды. Қазіргі уақытта 3 жоба іске қосылды. Олар: «Кировец» маркалы тракторын, «Hyundai» автомобилін және ГАЗ автокөліктеріне арналған қосалқы бөлшектерді шығару жобасы. Сәуірде қуаттылығы жылына 3,5 миллион дана дөңгелек шығаратын зауыттың құрылысы басталды.
– Мемлекеттеріміздегі порттардың қуаттылығының әлеуеті зор. Қазіргі жағдайда негізгі экспорттаушылар қалыптасқан бағыттарға балама жолдар қарастыруда. Сондықтан Қазақстан мен Ресейдің теңіз порттары арқылы мультимодальдық транскаспий бағытын дамыту өте өзекті болып отыр. Біз Ресейдің Солтүстік теңіз жолына қатысты үлкен жоспарлары мен жобалары туралы білеміз. Іс жүзінде Қазақстан мен Ресей бірлесе отырып, экспорттаушыларға Еуропадағы және басқа да аймақтардағы көлік тораптарымен байланыстыратын балама транзитті бағыттар желісін ұсына алады, – деді Қазақстан Президенті.
Президент өткізу пункттерін коммерциялық транзит қауіпсіздігі мен жылдамдық мәселелерін шеше алатын заманауи тексеру кешендерімен жабдықтауды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі форумның тақырыбы экология мен «жасыл экономикалық» өсім саласындағы ынтымақтастық екенін атап өтіп, аталған мәселенің маңызды әрі шұғыл сипат алып отырғанын айтты.
– Қазақстан мен Ресейдің экологиялық мәселелері ұқсас. Бұл – ауаның, судың, топырақтың ластануы, радиация мен өндірістік қалдықтардың жиналып қалуы. Оған қоса, көрші отырған соң көптеген мәселе екі жаққа да ортақ. Оны шешу үшін үкіметтер экология, биологиялық әртүрлілікті сақтау, трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау салаларындағы 7 келісімге қол қойды. Келісімдер жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Алайда экологиялық ахуалдың нашарлауы тоқтайтын емес. Сондықтан аталған мәселелерді шешу халықаралық деңгейде бірлескен әрекеттерді күшейтуді талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Пленарлық отырыс аясында Ресей Президенті Владимир Путин, Қазақстан мен Ресейдің салалық министрліктері мен өңір басшылары сөз сөйледі. Форум қорытындысы бойынша ондаған келісім құжаттарына қол қойылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button