Экологиялық ахуал – қоғам назарында
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында бүгінгі таңда қоғам назарын аударып отырған басты мәселенің бірі – елдің экология жағдайына тоқталды.
Өзіміз өмір сүріп отырған қоршаған ортаның тазалығы мен саулығы баршамызды алаңдатады. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Биылғы көктемнен бері елордада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экология акциясы ұйымдастырылып, тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастаманы барша астаналық қолдады.
«Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс» деді Президент.
Тазалық акцияларына еліміздің түкпір-түкпірінен миллиондаған адам қатысты. Алдағы уақытта да әкімдіктер халыққа жағдай жасап, «Таза Қазақстан» аясында көп жұмыс атқарылады деп ойлаймын.
Біз алдағы уақытта келер ұрпаққа таза ауа, таза жер, таза табиғат қалдыруымыз керек. Бұл ретте Астана тұрғындары қала тазалығына белсенді атсалысуда. Осы мақсатта елордамызда жыл сайын экология акциясы өтіп, игі істің аясында үздік аулалар анықталады. Биылғы «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртiптiң үлгiсi» экология айлығы барысында Астана қаласы Алматы ауданы бойынша біздің Р.Қошқарбаев көшесіндегі №46/1 үйдің ауласы ажарлы деп танылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде біз елорда көшелерін тазартып, аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру, сондай-ақ жолдарды ретке келтіру жұмысын қызу жүргізіп келеміз. Былтыр ауламыз бен жертөлеміз жаңарса, биыл аумақты жарықтандыру жұмысы қолға алынды. Осы күнге дейін біршама шаруа тындырылғанмен, алға қойған жоспарларымыз одан да көп. Бұл ретте тұрғындардың ауызбіршілігі барлық мәселенің шешілуіне жол ашты. «Үздік аула» атағын жеңіп алуға тұрғындардың әрқайсысы өзінше атсалысты десем артық айтқандық емес. Біздің жеңісіміз – бұл ортақ еңбектің жемісі. Ұйымшылдықтың арқасында атқарылған іс нәтиже беріп, ауламыз заманауи келбетке ие болды.
Жалпы қаламыздың таза болуы мәдениетімізді, адамгершілігімізді көрсетеді деп ойлаймын. Қазіргі таңның өзінде ауламызда жеке акциялар өтіп жатыр. Біз әр кез балаларға қоқысты қалай сұрыптау керектігін, табиғатқа не зиян, жалпы суды, ауаны, қоршаған ортаны ластамаудың маңызын түсіндіріп айтамыз. Осындай игі істер келешекте жалғасын табады деген ойдамын. Бір сөзбен айтқанда, біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек.
Қуаныш ОСПАНОВ,
«Тұрсын Астана-2» МИБ төрағасы