Басты ақпаратҚала тіршілігі

«Экотаксиде» өткен бiр күн

[wppa type=»slideonly» album=»21″ size=»auto»][/wppa]

Астанада газбен жүретін «Экотакси» қызметі Президент күні қарсаңында пайдалануға берілген еді. Сол күні Елбасы аталмыш парктің алғашқы жолаушысы атанды. Елорда әкімімен бірге «Қазақ елі» алаңынан автокөлікке отырып, Назарбаев орталығының жаңа ғимаратына барды. Бүгінде Президент мінген сол көлік таксопарктің гаражында сақтаулы. «Экотакси» қызметінің басқарушы директоры Әділхан Жақып­беков елорда газетінің тіл­шілері екенімізді білгенде, өтінішімізді жерге тастамай дәл сол көлікпен қаланы аралауға мүмкіндік берді. 

 Жауапты жүргізушілер қайда?

Елімізде жол апаты асқынып тұр. Айдың күні аманында жасы да, кәрісі де айтып келмейтін апаттың құрбаны болуда.  Оның  90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен екені дәлелденген.

«Экотакси» қызметін дамыту жөніндегі директор Абай Жолдаспаев ең алдымен астаналық жүргізушілер туралы шындықты жайып салды. Айтуынша, жөні түзу жүргізуші табу оңай емес екен. Оларды  іріктеу барысында медициналық жағдайы мен  ішімдікке, нашақорлыққа тәуелділігі тексерілген. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына азаматтар туралы сұранымдар жолданған. Нәтижесінде 30 пайызы «наркотесттен» сүрініпті.  «Ішімдік ішпейтін, темекі тартпайтын, мәдениетті жүргізушілерді іздедік.  Өйткені,  жолаушылардың қауіпсіздігі аса маңызды. Әзірге  жасы  жиырма бестен асқан, көлік айдаудағы өтілі жеті жылдан кем емес елу азаматты жұмысқа қабылдадық» дейді А.Жолдаспаев.

Өркениетті елдерде  жүргізушімен қоса такси көлігі де сенімді әрі қауіпсіз болуы шарт. Халықаралық сапа стандарттарына сай келетін  «Ssang Yong»  модельді оңтүстік корейлік автокөліктер өзіміздің Қостанай қаласында құрастырылады. Біріншіден, биік әрі жайлы. Екіншіден, экологиялық отынмен жүреді. Үшіншіден, жүргізушілерге сағатына 75 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Төртіншіден, жол талғамайтын көлік ішіне қауіпсіздік жабдықтары түгелдей орнатылыпты.

Абай Жолдаспаев қала ішінде қызмет көрсететін «Экотакси» көліктерін компьютер арқылы немесе планшет арқылы басқарады. Дәл қазір 37 көлік жолаушы тасып барады екен.  Байқағанымыздай, 617 нөмірлі көлік  – 27 шақырым, 672- нөмірлі көлік  34 шақырым жылдамдықпен кетіп бара жатыр.  Кенет 667-нөмірлі көліктің тәртіп бұзып, тоқтап қалғаны жөнінде белгі келіп түсті. Технологияның дамығаны сонша, ол көліктің жүргізушісі кім, қайдан шықты, қайда барады, салон ішіндегі жолаушының аты мен телефоны автоматты түрде экранға жарқ ете қалды. «Жүргізуші  Алмас Омаров  76 км/сағ  жылдамдықпен жүрген.  Соңында көлігі  тоқтап  қалды. Жоғарыда айтқанымдай, белгіленген шамадан 1 км/сағ  асып кетсе де, көлік  құлыптанып қалады» деп түсіндірді бізге Абай.  Ол дереу тәртіп бұзған көлікті құлыптан шығарды. Ал, жүргізушіге бірінші рет ескерту жасалып, одан кейін айыппұл салынатынын айтты. «Осындай жағдай 5-6 рет қайталанса, өкінішке қарай, жүргізушімен қоштасамыз» дейді ол.  Ондағы ақпаратқа сүйенсек, Сарыарқа көшесінен тапсырыс берген жолаушы Майлин көшесіндегі  5-үйге  бара жатыр екен. Таксометр оның бағасын 740 теңге деп есептеп берді. Мұның бәрі  алдымыздағы  планшетте көрсетіліп  тұр.

 Қаладағы қарбалас

Демалыс күні қаланың қарбалас тіршілігі қар тазалаудан басталған. Әрбір көшеде  тізіліп бара жатқан қоқыс таситын көліктер. Оларды жол полициясының көлігі бастап барады. Ал, көше жиегі мен аялдамаларда  қолдарына күрек ұстаған жұмысшылар. Бет қаратпас аязға қарамастан жұмыстарын жалғастыруда. «Еңбегің сайлы болса, жегенің майлы болар» дегендей, олардың бәрі бір деммен, дамыл таппай жұмыс істеуде.

Біз Есіл ауданының аумағында келеміз. Таяуда ғана «Астана-Тазарту» кәсіпорны он үш арнаулы техниканы іске қосқаны белгілі.  Аталмыш техникалар дәл осы аудан көшелерін тазалайды екен.  Жалпы, мекеме автопаркінде 62 техника бар көрінеді. «Экотаксиді» тоқтатып, сондағы жұмысшылардың бірімен тілдесе кеттік. «Күн сайын жұмысқа бірінші ауысымда – 47, ал  екінші ауысымда 13 техника шығады. Бір күнде шығарылатын қоқыстың орташа көлемі 500 тоннаға жетеді» дейді өзін Азамат деп таныстырған жұмысшы.

Бензин орнын газ басады

«Экотакси» сұйытылған газбен жүреді. Бензинге қарағанда бағасы екі есе арзан. 2800 теңгеге толтырып алып, күні бойы жүруге болады. Мекеменің еншісінде GPS-трекермен, ақпарат панелімен, таксометрмен жабдықталған 100 автокөлік бар. 2017 жылға қарай көлік санын 500-ге жеткізу жоспарлануда.

Мұндай көліктердің көбейгені, әрине, тұрғындарға жақсы. Астананың экологиялық ахуалын жақсартуда, бұйыртса, 2014 жылы басқа қоғамдық көліктер газбен жүретін болады. Жолаушылар көлігінің тапшылығына байланысты қала әкімдігі келесі жылы 350 автобус сатып алмақшы. Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рашид Аманжолов  «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық барысында  автобустар газ қондырғысымен жабдықталатынын айтты. Осыған байланысты қалада жаңадан газ-электр стансасы мен  жанар-жағармай құю бекеттері ашылатын болады. «Астанада 18 газ құю бекеті жұмыс істейді. Алматы қаласында бар-жоғы үшеу ғана. Сондықтан бұл мәселеде елордада ешқандай қиындық кездеспейді» дейді А.Жолдаспаев.

«Экотакси» қызметінің бағасы қандай?» деген сауалымызға мекеме қызметкері былай деді: «Баға тарифтері нақтыланған. Үйден алып кету – 600 теңге. Бұған 5 км жол жүру кіреді. Егер  баратын жердің қашықтығы асып кетсе, одан кейінгі әр шақырымына 110 теңгеден қосылады. Мұны таксометр есептеп шығарады. Әзірге қаладағы орташа есеп 1000 теңгенің көлемінде. Өркениетті елдерде мұндай өзіндік жол құнына халық әбден үйренген. Ал, бізде шақырымына төлеу дегенді естігенде, ренжіп хабарласқандар көп  болды. Әрине, қымбат дейді.  Ал бізге адам өмірі мен қауіпсіздігі одан да қымбат».

Ресми автопарктің жұмыс тәртібі тұрғындардың жайлы жетуіне арналған. Салон ішінде жүргізушінің де, жолаушының да темекі тартуына болмайды. Қазақпыз ғой, жолшыбай таныс-туыстың үйіне кіріп-шығуға, дәріханаға немесе дүкенге соғуға болады. Жүргізуші төрт минут тегін күте алады екен. Одан кейінгі әр минутқа 28 теңгеден төлейсіз.  Әрбір жолаушыға қалағанынша бөтелкедегі судан алуға рұқсат. Салон ішінде танымал «Forbes», «Harper s Bazaar», «Esquire»  және « Report» журналдарының соңғы санын оқуға немесе алып кетуге болады. Оның нарықтағы бағасы 1200-2500 теңге аралығында. «Мына журналдардың жанына өзіміздің қазақ басылымдарын неге қоймайды екен?» деген ойдың қылтиғаны рас. Сөйтсе, жарнама үшін аталмыш баспалардың өздері тегін беруге мүдделік танытқан екен.

«Экотакси» қызметінің басқарушы директоры Әділхан Жақыпбековтің айтуынша,  алдағы уақытта  такси бағасын банк карточкаларымен төлеуге болады. Компания төлем терминалын орнату үшін екінші деңгейлі банктермен келісімшарт жасасуда. Сонымен қатар, барлық көліктерге Wi-Fi нүктесі орнатылмақ.

Жолың болсын, жолаушы!

Бұл күні  жүргізушілердің рұқсат етуімен  «Экотаксиге» мінген  жолаушылармен де емін-еркін әңгімелестік. «Сарыарқа» сауда үйінен шыққан отағасы қызымен Абай көшесіне бара жатыр.  22 желтоқсанда астаналық энергетиктердің кәсіби мерекесі тойланыпты. «Энергетик күні» біздің жолаушымыздың да еңбегі еленіп, марапатталыпты. Энергетика саласының үздігі атанған маманнан астаналық «ТЭЦ-1» стансасының 1961 жылы пайдалануға берілгенін, оның құрылысы мен іске қосылу кезеңдері туралы біраз ақпаратқа қанықтық. Жанында отырған қызы да  Еуразия ұлттық университетінде көлік энергетикасы бойынша білім алуда. Әкесінің жолын қуып, қазаққа қажет мамандықты игеріп жатқан қыздың талабына сүйсініп қалдық.

Жолшыбай астаналық саябақ жанында құрылыс бастау үшін қоршалған аумақты көзім шалды. Есіме бірден түсті. Осыдан бір жұма бұрын астаналық архитектормен жолыққан едім. Елорданың  танымал сәулет нысандарына қолтаңбасын қалдырған қарт  сәулетші Ұзақбай Әбдіжапбаров дәл сол араға екі мың адамға арналған ашық ойын-сауық орталығы салынатынын айтқан еді. Онда фонтан ойнағанда, әдемі суреттер шығады. Алдағы қала күнінде пайдалануға берілуі керек.  «Жобаның құрылысы енді басталады. Ай тәрізді нысан өзенге тақау жерде болады. Осы жобаның кеңесшісімін. Жоспарымыз бойынша, 6 шілде күні пайдалануға беріледі» деген болатын.

Келесі жолаушылармен де танысудың сәті түсті. Студенттер екен. Бәрі «Жаннұр» сауда үйіне бармақшы. «Экотакси» қызметін бірінші рет пайдаланып отырмыз.  Бірақ, біздің қалтамыз көтермейді екен. Әзірге, қауіпсіздігімізді 300 теңгелік «жабайы таксиге» сеніп тапсыра береміз. Егер байып бара жатсақ қана өміріміз туралы ойланатын шығармыз» дейді біреуі. Атақты журналдың бірін таксиде көргеніне қуанған студенттен қазақша қандай басылым оқитынын сұрадық. Өкініштісі, бұл сұраққа ешқайсысы жауап бере алмады. Бар болғаны «уақытымыз жоқ, сабақ қиын, болашақ дәрігерлерміз ғой» деген жауап естідік.

Ал, келесі мінген жолаушымыз үнемі «Сарыарқа», «Жебе» такси қызметін пайдаланады екен. Бүгін «Экотаксиге» мінудің сәті түсіпті. «Осыдан біраз уақыт бұрын асығып жолшыбай такси тоқтатып, міндім.  Жүргізуші қатты жылдамдықпен жүреді екен, бірнеше мәрте апатқа ұшырай жаздады. Көлікті тоқтат дегеніме құлақ аспады. Әйтеуір, үйге аман-есен жеттім. Сөйтсем, көлік иесі ішімдік ішіп алған екен. Мейрамханада болған бір  тойдан келе жатқанын өзі айтты. Содан бері көшеден көлік тоқтатуды қойдым» дейді ол.  «Каскад» тұрғын үй кешенінен Министрліктер үйіне дейінгі жолдың құны 480 теңге болды.  Қыздың ұялы телефонына автоматты түрде чек жіберілді.

«Экотаксидің» бір артықшылығы  рация қолданбайды. Бәрі планшетпен жабдықталған. Тапсырыс бергенде ғана диспетчермен бір мәрте ғана тілдесесіз. Одан кейін такси үйіңіздің алдына жеткенде көліктің  нөмірі  жазылған смс хабарлама телефоныңызға келеді.

Кейбір таксопарктер әлі күнге дейін рациямен жұмыс істейді. Қайбір жолы өзім де бір таксиге міндім. Кенет диспетчер орыс қызбен бір жүргізушінің ұрысы басталды. Қазақ тілді жүргізуші орысша айтқан мекенжайды дұрыс түсінбей, жолаушыны 20 минут күттіріп қойған екен. Орыстың әлгі жүргізушіге айтпаған сөзі жоқ. Ол да түсінбейді деп ойлады ма, «Кет, әкеңнің…» деп боқтап жіберді. Оны естіп отырған менің жүргізушім күлкіден жарылды.  «Дауысын өшіруге болмай ма?» дегенім сол еді, «Рация арқылы мұндай «хай-вайды» сізден басқа  көлікте кетіп бара жатқан отыз жолаушы да естиді» дегені әлі есімде. 

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Фото Ерлан ОМАРОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button