Басты ақпарат

Екпе тиімділігіне көз жетті ме?

Әдетте барлық инфекциялық аурулар күз бен көктемде күшейеді. Ал коронавирусқа келсек, соңғы үш жылда мамандар дерттің асқынуын бақылау кезінде коронавирустың ең қатты өршуі, яғни аурушаңдықтың шыңына жететін кезең шілде-тамыз айы екенін байқады. Қазір сол кезеңнің тұсында болғандықтан, вирус жұқтырушылар көбейіп отыр. Дегенмен вакцинация күшімен ковидтен келетін өлім-жітім азайып, ауру жеңіл түрде өтуде. Оның үстіне қалада әр емханада салауатты өмір салты дәрігерлері халықпен түсіндіру жұмысын жиі жүргізіп, азаматтарға әлі де беймәлім тұсы көп жаңа дерт туралы ақпарат береді.

[smartslider3 slider=3699]

Былтыр ғана жаңадан ашылған елордадағы №14 қалалық емхананың сондай дәрігері Айнагүл Төлегенова шілде-тамыз айында аурудың көбею себебінде ешқандай құпия жоқ екенін айтты.

– Коронавирустың ең күш алатын «мықты» жері – адамдар көп шоғырланған орта. Ал жаз айларында жаппай еңбек демалысына шығатындардың әрі-бері қозғалысы жиілеп, ауру күшейеді. Коронавирус жаңа инфекция болғандықтан ақпарат аз, содан болар халық арасында жалған ақпарат, бұрмаланған дерек көп. Осы орайда мамандардың міндеті – нақты дәлелденген, дұрыс ақпарат беру, түсіндіру, ақпараттық-ағартушылық жұмыс жүргізу. Жұмыс жоспарым бар, соған сәйкес аптасына екі рет дәрігер қабылдауына келіп, дәлізде кезегін күтіп отырған тұрғындар жай отырмасын деп ауру туралы түсіндіремін. Брошюра, буклет таратамын, – дейді А.Төлегенова.

Он жылдан бері медицинада ғылым саласында жүрген дәрігер барлық әріптесі секілді әлемде халықаралық деңгейде қолданылатын ғылыми сайттардың деректеріне сүйене отырып, ағартушылық жұмысын жүргізеді. Ғылыми дәлелденген ақпараттар алуға болатын PubMed, Medline, Scopus деген базалар мен сайттарды қазақстандық медицина қызметкерлері де аудармамен пайдаланады.

– Жалпы кез келген инфекциялық аурудың спецификалық және специ­фикалық емес алдын алу шаралары болады. Специ­фикалық түріне осы вакцина жатады. Екі жарым жылдан бері әлем халқы арпалысып келе жатқан коронавирус инфекциясына қарсы екпе шықты. Басында қалай емдеуді білмей, қанша адамнан айырылдық. Ал былтырдан бері вакцинацияның арқасында бірінші жылмен салыстырғанда өлім-жітімді азайттық. Ел болып екпе салдырудың нәтижесінде қазір бізде ұжымдық иммунитет қалыптасты. Осылай иммунитет қалыптаса келе, коронавирус та кәдімгі тұмау сияқты болып қалады, – дейді дәрігер.

Емхана дәлізінде түсіндіру жұмысын жүргізген дәрігерге тақырыпқа қарай сұрақ қоюшылар табылмады. Жеңіс даңғылының ескі теміржол вокзал жаққа қарайғы тұсында орналасқан емханаға бүгінде 28 мыңнан астам адам ғана тіркелген болса, солардың көбі – егде жастағылар.

– Вакцина алғаннан кейін 100 пайыз ауырмайтыныңызға кепілдік берілмейді. Жеңіл өтетінін айтып келеміз. Иммунитеттің өзі жасанды және туа пайда болған деп бөлінеді. Туа пайда болатын иммунитетті генотипке байланысты және ана сүті арқылы дайын антиденелерден аламыз. Ол – иммунитетіміздің негізі. Әрі қарай адам өмір сүре келе түрлі инфекцияларға шалдығып, ауырғанда оған жасанды иммунитет – вакцина салынады. Соның нәтижесінде антиденелер түзіледі, – дейді маман.

Вакцина алмас бұрын адам өз-өзін бақылауы керек, яғни еш жері ауырмай, қызуы болмай, әлсіз, жайсыз сезінбей тұрса ғана екпе алып, болмаса вакцинаны кейінге шегере тұрғаны дұрыс. Өйткені ауырып тұрғанда салынған екпе ағзадағы инфекцияның асқынуына әкелуі мүмкін. Егу пункттерінде вакцинация алу алғышарты бар: екпе салмас бұрын дәрігер пациенттің дене қызуын, сатурациясын және қысымын өлшеуі керек, оның жалпы жағдайын бақылап, созылмалы аурулардың және препараттарға аллергиялық әсерінің болуын және екпе алатын адамның вакцинацияға психология­лық дайындығын тексеруі қажет. Адам екпеден бас тартса да, келісімін берсе де, оның шешімі құжатпен ресімделеді. Вакцинация­дан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыс­тық жауапкершілік қарас­тырылмаған.

Дәрігердің алдына келіп тұрған соң «алдағы уақытта ревакцинациядан тағы қайталап өте береміз бе?» деп сұрадым. Айнагүл Төлегенова бәрі вирустың түрленуіне байланысты екенін, ал әзірге ревакцинациядан бір рет өткеннен кейін екпені қайта салу туралы айтылмағанын жеткізіп жауап берді. Ревакцинация алатындарға қазір қалада Sinopharm және QazVac екпелері, ал жүкті әйелдер мен балалар үшін Pfizer вакцинасы салынып жатыр.

– Аурудың қалай таралуына және өлім-жітімнің көбеюіне байланысты алдағы уақытта қайта екпе алу жайы белгілі болады. Негізі, ағзадағы антиденелер аза­йып қалатындықтан, оларды жаңарту керек. Антиденелер ағзаға түскен вируспен күресетін «жауынгер» десе болады. Ал кері әсері мың адамның ішінде біреуінде ғана кездесуі мүмкін. Оның өзі науқастың екпе алған сәттегі жағдайына байланысты болады, – деді дәрігер.

«Жүкті және бала емізетін әйелдер Pfizer екпесі туралы не білуі керек?» деген брошюра таратқан дәрігер оның мағынасын пациенттерге түсіндіріп беруге тырысты. Бұл екпе елордада жүктіліктің 16-37 аптасында жүрген әйелдерге және босанғаннан кейін 42 күн өткен бала емізетін аналар үшін қолжетімді.

Оның айтуынша, қазір қалада коронавирустың «омикрон» штамы көп кездеседі. Ал әлемде «кентавр» деген жаңа түрі пайда болыпты. Дәрігерлер вирусты бактерияларға қарағанда қитұрқылау деп айтады. Себебі ол адам ағзасына кіріп, РНҚ, ДНҚ деңгейінде мутацияға ұшырап, кү­шейеді. Өзіне жаңадан қасиет алады да, қайта басқа адамға енгенде күштірек түріне айналуы мүмкін.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button