Екпіні ерек елорда
«Алдымен экономика, содан кейін саясат» ұстанымын әу бастан ең басты қағида етіп алған елміз, бұл өте дұрыс бағыт болғанына талай мәрте көз жеткізді. Экономика өркендемей, мәдениет пен тұрмыс та алға баспайды, әлеуметтің ахуалы жақсармайды. Осы орайда еліміздің жүрегі саналатын Астананың экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіші қандай? Көздеген межеге қол жеткізіп, негізгі жоспарларды орындай алдық па? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ұсынған көрсеткіштерді саралап көрген едік.
Бүгінгі табыс кешегі еңбек жемісі
Халықта «Адал еңбек айдалаға кетпейді» деген сөз бар. Шынында да, ізгі мақсат, жалпы игілік үшін төккен тер ерте ме, кеш пе, түбі ақталады ғой. Сол сияқты елордадағы өнеркәсіп орындарының өткен жылғы еңбегі, жеткен жетістігі биыл ақталды. Былтыр жыл ішінде бұл салада өндірілген өнім көлемі 389 131,6 млн теңгеге жетіп еді. Ал биылғы алты айдағы өнім көлемі
173 781,5 млн теңге шамасынан көрінді. Бұл өндірісте тоқтау жоқ екенін білдірсе керек. Соның ішінде тамақ өнімдерін өндеуде былтырғы жылмен салыстырғанда біршама ілгерілеу бары анық байқалады. Мәселен, 2015 жылдың алғашқы жарты жылдығында өңделген макарон өнімдері 8784 тонна көлемінде болса, биылғы осы кезеңде оның мөлшері 9349 тоннаға дейін артқан. Сүт пен кілегей өнімдері өткен жылдың алғашқы жартысында 55 тоннаға жуықтаса, биылғы жылдың алғашқы бес айында-ақ өнім мөлшері 70 тоннаға жетіп жығылған. Жалпы халық бірінші кезекте тұтынатын ұн өнімдерін өңдеу де осындай өрлеу үстінде. 2015 жылдың бірінші жарты жылдығында 6759 тонна ұн өңделсе, биылғы осындай мерзімде 7279 тонна өңделіп, сауда сөрелеріне ұсынылған. Мұның бәрі, әрине, кешегі еңбектің жемісі екені сөзсіз. Өткен жылы өндіріске жаңа технологиялар енгізілмесе, өндіріс цехтары жаңартылып, кеңейтілмесе, былтырғы көрсеткіштен жоғары нәтижеге қол жеткізу оңайға түспес еді.
Инвестицияға тартымды қала
Елорданың еңселі дамуында инвестицияның алар орны да ерекше. Инвестицияға тартымды, қолайлы болу да кез келген қаланың маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Шетелдік инвесторлар бірінші кезекте қаланың даму көрсеткішіне, саяси тұрақтылығына және басқа жағдайларға баса назар аударады, сарапқа салады.
Осы тұрғыдан келгенде, Астананың бағы жоғары. Әлемде инвестицияға тартымды санаулы қалалардың бірі болғандықтан, елордаға жылда қомақты инвестиция құйылып отырады. Биылғы жылдың шілде айына дейін Астанаға негізгі капиталға құйылған барлық инвестициялар 211 936,3 млн теңгеге жеткен. Әрине, мұның ішінде мемлекеттік бюджет, банктердің несие қарыздары да бар. Осындай мөлшердегі қаржыны елорда есепті мерзімде мақсатты игере білген.
Биылғы жылдың шілде айына дейін Астанада 1 134, 3 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылған екен. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 120,5 пайызға көп. Осының ішінде 44,7 мың шаршы метрі мемлекет меншігіне тиесілі болса, 975,7 мың шаршы метрі жеке меншік, 113,9 мың шаршы метрі шетелдік меншік болып саналады. Жалпы алғанда, кәсіпорындардың, ұйымдардың және халықтың жеке қаражаты есебінен биылғы алты айда 10 202 пәтер пайдалануға беріліп отыр.
Елорданың сауда саласында да өсім бар. Сауда қызса, сауда жақсы жүрсе, оның қызметіне қатысқандардың бәрі табысқа кенелетінін өмір көрсетіп жүр. Тіпті анау өндіріс тоқтап, жалпы экономика тұралап қалған тоқсаныншы жылдарда да ел тұрғындары тек саудамен жан бағып, саудамен шаруаларын түзеп еді. Астананың биылғы жарты жылдықтағы
сауда тірлігіне көз салсақ, бөлшек тауар айналымының көлемі өткен жылғы осы мерзімнен 98,9 пайызға, сауда кәсіпорындарының тауар айналымы 96,3 пайызға, нарықтардағы тауар айналымы 104,9 пайызға артқанын көреміз. Ал ТМД елдеріне экспортталған өнім көлемі 149,8 млн долларға жетсе, шетелге шығарылғаны 1 237,9 млн доллар шамасында екен. Импорт көлемі экспорттан біршама төмен. Шетелден импортталған тауар 853,2 млн доллар шамасында. Бұдан Астананың ішкі және сыртқы саудада айтарлықтай ілгерілеп келе жатқанын байқауға болады.
Әлеуметтік саланың әлеуеті
Қаланың экономикалық көрсеткіші шынайы болса, халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсы болары сөзсіз. Әлеуметтік нысандар тұрақты жұмыс істеп, халықтың денсаулығын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіледі, білім беру, балаларды тиісті базалық біліммен қамту ойдағыдай іске асырылады.
Елордада қазіргі уақытта дәрігерлік амбулаторлық-емханалық мекемелер (ауруханалар мен диспансерлердің емханалық бөлімшелерін қоса алғанда) ретінде 15 нысан жұмыс істейді. Бұған қоса, төрт мың орынға жуықтайтын 14 аурухана тұрғындардың дертіне шипа болуға тырысуда. Емдеу-сауықтыру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде. Бәрінде дерлік жаңа заманның құрал-жабдықтары орнатылған. Сондай-ақ, медициналық қондырғыларды үнемі жаңартып отыруға, соңғы үлгідегі құрылғыларды алуға баса көңіл бөлінеді. Осы тұрғыдан келгенде, елорданың әлеуеті зор. Халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы біртіндеп жоғарылап келеді.
Орайы келгенде айта кетейік, елордада базалық білім беретін орта мектептер жеткілікті. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін 92 орта мектеп жұмыс істейді. Оларда 2015-2016 оқу жылында 117 097 бала білім алған. Ал мектепке дейінгі біліммен қамту бағытында 166 балабақша жұмыс істейді. Бұған қоса, 25 шағын орталық та бүлдіршіндерге мектепке дейінгі білім беруге тырысады. Елордада болашақта тағы бірнеше орта мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандарын салынатынын қаперге алсақ, әлеуметтік
салада ілгерілеу жалғаса беретініне сенуге болады.
– Астанада 70 мыңға жуық адам зейнетақымен қамтамасыз етілсе, 22 мыңнан астам адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады, арнайы әлеуметтік жәрдемақы 38 501 адамға беріледі. Мемлекеттік арнайы жәрдемақыны 352 адам тұрақты түрде алып отыр. Мұның сыртында бала тууына байланысты және баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне орай мемлекеттік жәрдемақы алатындар да бар, – дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Әліби Жұмаев.
Ал экономикалық белсенді халықпен салыстырғанда тіркелген жұмыссыздардың үлесі 0,5 пайыз ғана екенін ескерсек, еңбек нарығындағы ахуал әжептәуір жақсарып келе жатыр деп батыл айтуға болады.
Меңдолла ШАМҰРАТОВ