Мәселе

Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік алды

Өткен ғасырдың ортасында ұлы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең бесігіңді түзе!» деп ұран тас­тап еді. Бүгін сол мәтелдің мәні өзгеріп тұр. «Ел боламын десең – экраныңды түзе» дейтін кезеңге келдік. Кез келген елдің қоғамдық-саяси өмірінде киноның алатын орны айрықша. Соңғы жылдары елімізде түрлі бағытта түсірілген фильмдер аз емес. Алайда сол фильмдердің сапасына қатысты сұрақ-сауалдар пісіп-жетіліп, арнасынан асып тұр…

Кино – идеология, кино – саясат, кино – керек десеңіз, ұлттың қауіпсіздігі. Жапония Екінші дүниежүзілік қырғыннан кейін ұрпақ санасы мен ұлттық болмысын дәл осы ұлттық кино арқылы жүйелеп алғаны айдай ақиқат.

Кино – бүтін ұлтты ұйытатын, сол арқылы жас ұрпақтың санасына әсер ететін күшті қару. Әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, салт-дәстүрі, діни ұстанымы, әлеуметтік жіктелісі бар. Әсіресе, дәл қазіргідей қазақ қоғамы шетелдік сериалдарды тамсана тамашалап, жастардың санасын бөтен жұрттың мәде­ниеті жау­лап жатқан тұста ұлттық ­киноға көңіл бөлудің маңызы сәт сайын артып тұр.

Кино саясаты қоғам көшін бастауы керек еді, ал біздің бұл өнеріміз қоғамның жетегінде кетіп барады. Соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыспен ­тарихи тұлғаларға арналған сериалдар мен көркем фильм­дер түсірілуде. Осы орайда ­Антон Чеховтың: «Біз Гогольді халықтың деңгейіне түсірмеуіміз керек, керісінше халықты Гогольдің деңгейіне ­көтеруіміз қажет!» дегені еріксіз ойға ­оралады.

Дәл осы найзағайдың отына нан пісіріп жатқан кезеңде кино бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқаруы керек. Сондықтан режиссерлер мен сценаристер ең әуелі кинофестивальдардан сыйлық алуды емес, киноның ұлтқа әкелер пайдасын, ұрпаққа берер тәлімін көбірек ойлағаны ләзім.

Әбжыландай ысқырған бүгінгі жаһандану дәуірі еліміздің ұлттық кино саясатын түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Тіпті бала-шағамызбен қатар отырып фильм көрсең, бетіңнен отың шығып, кірерге тесік таппайсың. Анайы эпизодтар мен сүйегіңнен өтетін бейпіл диалогтар, шұп-шұбар тіл, атыс-шабыс, жадағай жаргон сөздер, одан қалса әр жерден ұрлап-жырлап, көшіріп алған инкубатор-фильмдер. Керек десеңіз, мұндай теріс имидж тудыратын фильмдер ақыл-есі түзу жұрттың ашуын туғызуда.

Ең қиыны – қатаң сүзгінің жоғынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. Сонымен қатар, дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар да жоқ емес. Өткен 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шығыпты. Соның 56-сы – комедия. Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз. Жалпы, қазір күлетін кезең бе?.. Картиналар жыл сайын 30 фильм­ге толыққан. Кассадан түскен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам табыс жинаған. Бірақ көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Көбі – тарихи, экшн, комедия­лық, авторлық фильмдер. Ұлттық кинолардың қатары тым аз. Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы қазақстандықтар 17 млн 47 мың 524 рет кино­ға барса, соның үштен бірі – 6 миллионға жуығы отандық фильм­дерді көрген. Сұраныс жоқ емес, бар!

Әлеуметтік сауалнама бо­йынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқан. Алайда ұлттың есін екеу, түсін төртеу етіп, бала-шағасымен театрға түнететін өнім болмай тұр. Кино өндірісіне нарықтық сипат береміз деп жалаңаштап алған жағдайлар да аз емес. Сөз жоқ, кино нарығы коммерция­лық тұрғыдан өзін-өзі қаржыландыру керек. Алайда әлемде ұлттық кино өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау жасап отырған елдер бар. Мамандар даярлауда арнайы мемлекеттік саясат белгіленген. Мәселен, Германия кино саласына маман дайындау үшін жыл са­йын 76 миллион еуро бөледі. Ал Оңтүстік Корея отандық киноны қолдау үшін кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік фильмдердің сағатын шектейді.

Сондықтан салаға жауапты министрлік мына шараларды жеделдетіп қолға алуы керек:
Бірінші – бүкіл мемлекет бойынша (мейлі мемлекет болсын, мейлі жеке тұлғалар болсын) түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-­сараптамалық кеңес құру;

Екінші – мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беру;

Үшінші – фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын бұзуды қатаң қадағалау;
Төртінші – халықты арнайы ұлттық киноларды көрсететін кинотеатрлармен қамтамасыз ету.
Бұл орайда, жауапкершілікті арттыру мақсатында «Кинематография туралы» заңды қатаңдату бағытында бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенімізді жеткіземіз.

Жанарбек ӘШІМЖАН,
Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы
фракциясының мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button