Басты ақпаратМәдениет

Экранда – жаңа фильмдер!


Астаналық кинотеатрларда жаңа маусым басталды. Сәуiрдiң репертуарында бiрнеше шетелдiк кинопремьералар өтедi. Бұлардан бөлек, бiрнеше отандық кинотуындылардың тұсауы кесiлмек. Таныс болыңыздар:
«Жан жүрегiм – Астана» – Қазақстан, 2012 жыл
Бiрнеше режиссер бiрлесе түсiрген елорда туралы жаңа фильмнiң таныстырылымы өткен. Қызықты он хикаядан тұратын киноальманах күн сайын өсiп, көркейе түскен ару қала – Астана тұрғындарының өмiрiнен сыр шертедi. Басты рөлдерде Санжар Мәдиев, Бибiгүл Ақтан, Евгений Жұманов, Наталия Арынбасарова, Қарлыгаш Мұхамеджанова, Нұрлан Өтешев, Сұлушаш Кәрiмова, Валерий Задорновский, Айнұр Ниязова, Баадур Цуладзе, Любовь Толкалина, Сергей Никоненко. Егор Михалков -Кончаловский мен Алексей Голубевтiң жобасы бойынша түсiрiлген фильм көрермендердi елорданың өткенi мен бүгiнi туралы көп қызықтарға қанықтырады.

«Қажеттi заттар факультетi» – Қазақстан, 2012 жыл
Ерлан Сейтiмовтiң зияткерлiк фильмiнiң фабуласында кейiпкер Тайырдың бокспен шұғылдана жүрiп көрген түрлi қиындықтары баяндалады. Жаттығу жасаудан адам жасы жасармайтынын түсiнген ол шешiмдi өзге арнадан iздеуге талпынады. Басты рөлдердi Қанат Ибраимов, Назгүл Қарабалина, Ринат Танеков, Ерлан Хайрушев сомдаған.

«Шал» – Қазақстан, 2012 жыл
«Келiн» киносымен ел есiнде қалған Ермек Тұрсыновтың соны туындысы осылай аталады. Түсiрiлiмi жуырда аяқталған көркем фильмнiң жуырда жабық көрсетiлiмi жасалды. «Хемингуэйдi көзi қарақты оқырманның бәрi де оқыған. Мен теңiздiң орнына байтақ даланы алдым. Бiрақ, одан айтайын деген ойым олқы түстi дей алмас ем. Барлық элементтер сақталды, тек өзгеше түрде түсiндiрiлдi. Басты мақсатым – адамды өл-тiруге болса да, оны жеңуге болмайтынын жеткiзу едi. Адамның ұлы рухының алдында өлiм де суық қолын керi тартатынын көрсету болатын», – дейдi фильм режиссеры. Қариялар «барсакелместiң» кемесiне мiнгенде кейiнгi ұрпаққа не қалдырып кететiнiн астарлы оймен көрсеткен кино 14 жастан асқан ересектерге арналған. Басты рөлдерде Ерболат Тоғұзақов, Орынбек Молдахан, Iсбек Әбiлмәжiнов, Оңдасын Бесiкбасов ойнаған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button