Қала тіршілігі

«ЭКСПО – 2017» БАЙРАҒЫН ҚАБЫЛДАП АЛДЫ

ERA_7624

11 маусым күні Парижде Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының сессиясында Қазақстан ресми түрде танылып, «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің байрағын салтанатты түрде қабылдап алған еді. Кеше осы шараға байланысты «Rixos President Astana» қонақүйінде Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев пен «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Жиында сөз алған «ЭКСПО – 2017» комиссары Рәпіл Жошыбаев бүгінде шетелдік әріптестермен келіссөздер басталғанын және инвестициялық байланыс орнатылып жатқанын жеткізді.

«Франция астанасы Париж қаласында көрме байрағы елімізге салтанатты түрде тапсырылды. Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес көрме туының Қазақстанға табысталуын ерекше жағдай деп бағалады. Оның айтуынша, еліміз «ЭКСПО – 2017» көрмесінің тіркеу құжаттамасын сәтті қорғады. Бас хатшының қазірдің өзінде таңдаудың дұрыс жасалғаны дәлелденді дегені бізді қуантады. Ендеше, алдымызда ауқымды жұмыстар тосып тұр. Ендігі мақсат – ел абыройын асқақтататын шараға дайындық жұмыстарын тиімді ұйымдастыру» дейді ол.

Айта кеткен жөн, 12 маусым күні Ұлттық компания басшысы Талғат Ермегияев Бурабайда өткен шетелдік инвесторлар кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа көрме туын салтанатты жағдайда табыс етті. Президент көрме байрағын абыроймен қабылдап алғаны үшін компания басшылығына алғыс білдіріп, дайындық жұмыстарына оң баға берген болатын.

«Көрме өткізудің халықаралық талаптары бойынша, Туды алмайынша, ЭКСПО көрмесінің кешендерін салуға біздің құқымыз жоқ. Бірақ, еліміздің климаттық жағдайы ескеріліп, бізге сәуір айынан бастап көрме құрылысын бастауға рұқсат берілді. Бүгінде көрмеге дайындық жұмыстары кешіктірілмей, кесте бойынша жүргізілуде. Құрылыс қарқыны күннен күнге артып келеді» дейді Т. Ермегияев.

Сонымен, үш айға созылатын «ЭКСПО – 2017» көрмесінің басталуына 1082 күн қалды. Айтулы шараға жүзден астам мемлекет пен онға жуық халықаралық беделді ұйымдар және инновациялық технология саласындағы көшбасшы компаниялар қатысатын болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button