Басты ақпарат

ЭКСПО-2017. Қазақстан павильоны қандай болады?

Қазіргі уақытта Қазақстан павильонының тұжырымдамасы бекітілген. Оған «Болашақ энергиясының мұражайы» деген тұжырымдама ұсынылды. Алып шар тәрізді ғимарат 7 қабаттан тұрады. Әр қабат ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналады. Ал сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспозициясына арнайы бөлінген.

уц6п1ц5у1п

Аталмыш сфераның төменгі таба­нындағы 5 мың шаршы метр аумақта Ұлттық павильон болады. Павильон «Қа­зақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты аймаққа бөлінеді.

Павильонның бірінші бөліміне ландшафт, мәдениет, тарих, Қазақстанның өткені мен болашағы туралы қойылады. Мамандар «Жасампаздық энергиясы» аймағының контентін қалыптастыру жұмыстары Энергетика министрлігімен бірлесіп жасалады дейді.

Көрмеге отандық ғалымдардың үздік жобаларын, Елбасының энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы бастамаларын, «Жасыл экономиканың» республика аймақтарында жемісті жүзеге асырылған жобаларын қою көзделген.

Сонымен қатар, «Болашақтың энергиясы» көрмесін жан-жақты таныстыруды көздейтін 2 тақырыптық павильон құрылады. Егер Қазақстан павильонында көрермен табиғаттың тылсым күшінен туған барлық жаңғыртпалы энергия түрлерімен танысатын болса, тақырыптық павильондарда меймандарымыз энергия эволюциясын, оның бүгіні мен болашағын танып түсінуге, 21 ғасырдың энергетикалық қиындықтарын байқауға, технологиялық және зияткерлік жетістіктерді елестетуге, планетамызға орасан зор әсер ететін энергия тұтыну мәселесін көруге мүмкіндік алады.

ҮЗДІК ТӘЖІРИБЕЛЕР АЙМАҒЫ

Үздік тәжірибелер аймағы павильоны көрменің тақырыптық мазмұнын барынша ашады. Мұнда жаңғыртпалы энергия көздерін өндіру, сақтау мен тасымалдау саласындағы 30-ға жуық үздік әлемдік тәжірибелері таныстырылады.

Алдыңғы қатарлы шешімдер мен технологиялар 5 негізгі категорияларға бө­лінген. Олар:

  1. Жаңғыртпалы және баламалы энергия;
  2. Энергиялық тиімділік;
  3. Энергияны сақтау;
  4. Энергияны бөлу және тасымалдау;
  5. Табиғат байлықтарын ұтымды пайдалану.

Іріктеуді халықаралық іріктеу комитеті жүзеге асырады. Комитет қазіргі таң­да жасақталған, оның құрамына әлем­дік энергетика саласының атақты қайрат­керлері және көрнекті ғалымдар кірген. Олардың арасында бірнеше Нобель сыйлығының саңлақтары да бар.

ҚОҒАМДЫҚ АЙМАҚТАР

Көрме тақырыбын ашатын соңғы алаң «Қоғамдық аймақтар» деп аталады.

Тіркеу құжаттамасына сәйкес, ЭКСПО-2017 тақырыптық мазмұны павильондар аясымен шектелмей, сонымен бірге көрме кешенінің ашық аймақтарымен толықтырылу керек.

Қоғамдық аймақтар «Болашақ энергия­сының» концептуалды негіздеріне арналады да, соның нәтижесінде ЭКСПО тақырыбын одан әрі ашатын болады.

Көрме көрермендеріне арнап жай­­­­­­лы, рекреациялық аймақтар құ­ру жоспарланған, онда қонақтар тынығумен бірге ЭКСПО тақырыбы бойынша қосымша қызықты ақпарат алып, тақырыптық экспозициялар мен қазақстандық және халықаралық суретшілер инсталляцияларын, интерак­тивті объектілерді көре алады.

МӘДЕНИ ШАРАЛАР МЕКЕНІ

2017 жылы Астана елдің мәдени өмірінің эпицентрі мен әлемнің ең ірі алаңдарының біріне айналады. Мұнда ұлттық және әлемдік мәдени тен­денцияларға жарасатын бірегейлі әрі жан-жақты бағдарлама ұсынылады.

Көрменің мәдени-ойын-сауық бағдар­ламасы ЭКСПО-2017 мазмұнының негізіне алынған «Болашақ энергиясы» тақырыбын қамтиды.

Көрме аумағындағы мәдени-ойын-сауық бағдарлама, ашылу мен жабылу салтанаты, күнделікті шеру, кешкілік көрініс және т.б. арнайы шаралар ұйымдастырылады. Сонымен бірге, бағдарламаның бағдарлы мәдени іс-шаралары – академиялық, ұлттық өнер ойластырылған.

ҰЛТТЫҚ КҮНДЕРДІ ҚАЛАЙ ҰЛЫҚТАЙМЫЗ?

ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатын кез келген мемлекетке ұлттық күндер, мәдени іс-шаралар, шоу өткізу мүмкіндігі беріледі. Ұлттық күндерді ЭКСПО плазада өткізу жоспарланған.

Іс-шаралар халықаралық қатынастар мен мәдени алмасуға жағдай жасау үшін икемделіп өтеді. Ұлттық күндер бағдарламасына келесідей рәсімдерді енгізу ұсынылуда: ұлттық туды көтеру және мемлекеттік әнұранды орындау, ресми тұлғалардың баяндамаларын тыңдау, суретке түсу, қонақтар кітабына тіркеу.

Шараның шарықтау шегінде қатысушы-мемлекеттің мәдениеті таныстырылады. Ұлттық музыкалық концерттер, қатысушы-мемлекеттің ұлттық би өнерін көрсететін бағдарламалар, көріністер, шоу, т.б. қойылады.

Қатысушыларға сонымен бірге атақты әртістер мен басқа өнер өкілдерін шақы­ру ұсынылады. Мұндай жағдайда іс-шаралардың түрі мен ауқымына байланысты олар Амфитеатр, Энергия холы, Конгресс немесе Өнерлер орталығында өтеді.

Жалпы, барлық іс-шаралар 6 алаңда: Конгресс орталық, Энергия холы, Өнер­лер орталығы, Ұлттық күн сахнасы және Көрме аумағында өтеді. Күллі алаң­дар жоғары техникалық деңгейде жарақталғандықтан, кейінгі технология­ларды пайдаланып, бірегей және тартымды көрініс ұйымдастыруға болады.

Іс-шаралардан басқа, негізгі концерт алаңдарында көрермен үшін дүниежүзіне әйгілі Дю Солей циркінің қойылымдарын тамашалауға, Луна-саябаққа баруға, шетелдік қонақтарға этно-қалашықта тұрмыспен, қолданбалы өнермен, ұлттық ойындар және әдет-ғұрыппен танысуға, ұлттық дәмнен ауыз тиюге мүмкіндік беріледі.

КЕРЕК ДЕРЕК

  • Амфитеатр – ресми, ірі концерттік және театрланған мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған ашық алаң. Сыйымдылығы – 12 мың адамға дейін, оның ішінде 2,5 мың отыратын орындар.
  • Конгресс орталық – Көрме аума­ғы­нан тыс жерде орналасқан, бірақ жаяу жүргенге жақын жабулы кешен. Ол конференция, форум, семинар, концерттік шоу өткізуге арналған. Сыйымдылығы – 3 мың адамдық зал.
  • Энергия холы – мың адам сыятын концерт залы. Қазіргі орындау өнерінің барлық түрлерін (джаз, қазіргі балет, камералы өнер) көрсетуге арналған.
  • Өнерлер орталығы – көрме көрер­мендерінің дәстүрлі және қазіргі заманғы үздік көркем мәдениет үлгілерімен танысатын, Қазақстанның қолданбалы және бейнелеу өнерінің; қазіргі қазақстандық және халықаралық суретшілердің көрмесі; тақырыптық оқыту мастер-клас­тары; кино көрсетілімі мен театр қойылымы; сонымен бірге көркем саланың жетекші өкілдерімен шығармашылық кездесулер мен лекциялар жоспарланған орын.
  • Ұлттық күн сахнасы (ЭКСПО плаза) – ресми қатысушылардың ұлттық күндері, облыстар мен Астана, Алматы қалаларының мәдениет күндері аясында концерт өткізуге арналған төбесі жабық, жеңіл жиылатын сахна. Сыйымдылығы – 500 отыратын орын.
  • Қоғамдық көше аймағы – мәдени-ойын-сауық (көше театрлары), мәдени-білім беру (балалар мен ересектерге арналған интерактивті мастер-кластар).
  • ЭКСПО аумағы – бұқаралық бағдарламаларды: көше көріністерін, күнделікті шеру мен қатысушы-елдердің іс-шараларын өткізуге арналған көрме аумағы.

 

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button