МерейТәуелсіздік күні

ЭКСПО елге   не берді?

Елордада осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті − Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Дүниежүзілік деңгейде ұйымдастырылған айтулы іс-шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, оны 4 млн адам тамашалады. Бас-аяғы 3 айға жалғасқан халықаралық іс-шара еліміздің өндірісі мен ғылыми базасын технологиялық жаңғыртуға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік берді. Ғалымдар мен мамандардың жаһандық қарым-қатынас алаңына айналып қана қоймай, іс жүзіндегі және ғылымдағы зерттеулердің революциялық қарқынды қадамы болды.

[smartslider3 slider=492]

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі «Болашақ энергиясы», әлемдік қауымдастықты толғандыратын энергияның баламалы көздері секілді ең өзекті тақырыпқа арналды. Көрме кешенінің жалпы алаңы 174 гектарды қамтыды. Оның ішінде 25 гектар тікелей көрме аймағына бөлінген, оған Қазақстанның Ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильоны кірді. Алаңда 350 мың шаршы метр болатын 15 нысан орналасқан.
ЭКСПО көрмесі арқылы елімізде іскерлік экожүйе қалыптасты. Бүгінде ЭКСПО аумағы «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі және Astana IT University сияқты инновациялық жобалар шоғырланған елорданың іскерлік орталығына айналды. ЭКСПО кешені – ғылым, ақпараттық технология мен экономиканы дамытудың орталығы болса, Nur alem болашақ энергиясы мұражайы және Конгресс орталығы маңызды ғылыми және мәдени мұра болып, соңғы 4 жыл ішінде ел мен елорда халқы үшін ең жарқын және маңызды іс-шаралар өтетін орын ретінде қалыптасты.
Қазір Nur alem – адамдар ең көп баратын туристік нысанның бірі. Одан қала тұрғындары мен қонақтары заманауи жаңа технологиялар туралы тың ақпарат алады. Сонымен қатар ол 2017 жылдың қараша айында ерекше қорғалатын мемлекеттік сәулет нысаны болып танылды. Nur alem нысаны – диаметрі 80 метр және биіктігі 100 метр болатын шар пішінді әлемдегі бірегей ғимарат. Мұражайдың металл конструкциясының салмағы – 13 мың тонна. Бұл әйгілі ­Эйфель мұнарасынан екі есе көп. Ғимараттың ауданы бес футбол алаңына тең. Әр әйнектің өзіндік құрылымы бар және салмағы 800 келіге дейін тартады.
– Музей ашылғаннан бастап апта сайын бізге екі мыңнан астам адам келеді. Cондай-ақ елімізге ресми сапармен келген мәртебелі қонақтар да музейге ат басын бұрмай кетпейді. Негізі, бізде жұмыс істейтін экскурсоводтардың орташа жасы – 25. Олар қазақша, орысша, ағылшынша емін-еркін сөйлейді. Қытай, түрік тілдерін де меңгерген. Музейге кіру билетінің құны да қолжетімді, бар болғаны – 1500 теңге. Зейнеткерлер мен оқушыларға – 500 теңге, студенттерге – 800 теңге. Ал барлық топтағы мүгедек азаматтар, көпбалалы аналар, жетім балалар және алты жасқа дейінгі балдырғандар тегін кіреді, – дейді QazЭкспоCongress ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Гүлжан Сергебаева.

[smartslider3 slider=493]

Көрме орталығына айналды
Орталық аумағында «Цифрлы үкіметтің» кеңсесі жасалып жатыр. Жаңа кеңсені жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Бүгінде ғимараттардың 98 пайы­зы пайдаланылады. Мұнда әр саладағы түрлі ауқымды іс-шаралар да өтіп келеді. Мәселен, жыл аяғына дейін ЭКСПО-да 15 көрме ұйымдастыру жоспарланып отыр. Конгресс орталығында да қосымша он үш жиын өтеді. Ұлттық компания сауда инфрақұрылымын құру бойынша да жұмыстар жүргізіп жатыр. Оның аясында 4 трансшекаралық хаб құру көзделген. Ұлттық компанияның активінде екі 102 орындық негізгі залы бар Конгресс орталығы және көпфункционалды алаң әрі Орталық Азиядағы ең ірі көрме орталығы – ЭКСПО халықаралық көрме орталығы бар.
«2018 жылдан бастап мұражайда еліміздің барлық өңірінің қатысуымен 150-ден астам ойын-сауық және білім беру іс-шарасы өтіп, одан бөлек 500-ден астам Kids&Students Future Energy ашық сабағы ұйымдастырылды. Көрмеден кейінгі кезеңде Nur alem-ге 800 мыңнан астам адам келді. Шетелдік туристердің басым бөлігі ТМД елдері, Қытай, АҚШ, Германия, Италия, Үндістан және тағы басқа елден келді» дейді «QazЭкспоCongress» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов.
Сонымен қатар ЭКСПО шағын қалашығында халықаралық көрме орталығы бар. Ол «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі қойма болған екен. Кейін қойманы тиімді пайдалану мақсатында көрме орталығын ашу туралы шешім қабылданған.
«Бұл орталықта кішігірім ғана емес, кең ауқымды халықаралық деңгейдегі көрмелерді де ұйымдас­тыру мүмкіндігі бар. Мұндай көрме орталығы Қазан қаласында бар. Ал Ташкентте енді салынып жатыр, бірақ оның форматы басқа. Көрме орталығының тағы бір ерекшелігі – кеңдігі. Яғни кез келген форматтағы шараны ұйымдастыруға ыңғайлы. Мысалы, қазір Automechanika Astana 2021 атты халықаралық автомобильдер көрмесі өтіп жатыр» деді QazЭкспоCongress ұлттық компаниясының төрағасы.
Көрме орталығының жалпы аумағы – 13 мың шарты метр. Былтыр қыркүйек айында ашылғанымен, пандемиялық ахуалға байланысты осы уақытқа дейін бірде-бір іс-шара болмаған. Ал алдағы уақытта ULTTYQ ÒNIM, KIOSH-2021, IndustryWeek сынды ірі халықаралық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Smart City Nur-Sultan ақылды қалалардың халықаралық IT-конгресін өткізу жоспарда бар.

[smartslider3 slider=494]

Дубайға не дайындады?
«ЭКСПО-2017 Astana» көрмесінде Қазақстан Дубайға Халықаралық көрмелер бюросының туын табыс еткен болатын. Биыл еліміз 2021 жылғы 1 қазаннан 2022 жылғы 31 наурызға дейін Дубайда өтетін Дүниежүзілік ЭКСПО көрмесіне қатысады.
Дубайдағы ЭКСПО-2020 көрмесі былтыр 1 қазанда өткізілу керек еді. Алайда әлемдегі эпидемиялық жағдайға байланысты көрме бір жыл кейінге қалдырылды. 1 қазанда басталған көрме алты айға созылып, келер жылдың 31 наурызында аяқталады. Биылғы тақырыбы – «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру». Оның үш мәні бар: мүмкіндік, ұтқырлық, тұрақтылық. Ал 2017 жылы елімізде өткен көрме – халықаралық мамандандырылған көрме (немесе қысқамерзімді көрме) болғандықтан, үш айға жоспарланды.
Көрмедегі Қазақстан павильонының қандай екенін «QazЭкспо­Congress» ұлттық компаниясы» басқарма төрағасы Аллен ­Шәйжүнісов айтты.
«Біздің павильонды құрылыс әлемінде халықаралық деңгейде танымал швейцариялық компания салды. «Неге отандық компания емес?» деген сұраққа келсек, алдымен құрылыс алаңы шетелдікі, екіншіден кешен жиналмалы болады, яғни оны елге әкелу мүмкіндігі бар» деді ол.
Қазақстандық павильон төрт аймақтан тұрады. Ол – киелі мекендер картасы, мәдени мұра, табиғи байлықтар және биосандық. Біздің павильонға келушілерге алдымен еліміздің шығу тарихын баяндайтын «Шежіре» атты 6 минуттық танымдық бейнежазба ұсынылады. Сонымен қатар, көрмеде Нұр-Сұлтан қаласы жас болғанымен инвесторларды тарту жағынан әлем қалаларынан кем емес екіні көрсетілуде. Павильонның жалпы аумағы – 3 400 шаршы метр. Алдын ала болжам бойынша Қазақстанның көрме павильонын 1 млн халық келіп көреді деп жоспарланған.
«Қазақстан – Ұлы дала елі» деп аталатын бірінші аймақта ­республиканың бірегей табиғаты, киелі жерлері мен мәдени ­мұралары көрсетіледі. Ал екінші аймақ Нұр-Сұлтан қаласы мен өңірлерге арналған. Үшінші аймақта (Future road) еліміздің барлық алдыңғы қатарлы ­жетістіктері паш ­етіледі. QazЭкспоCongress өкілдері атап өткендей, ­үшінші аймақта бейне көрсетіледі. Келушілерді қызықтыру үшін арнайы интерактивті ойындар ұйымдастырылған. Төртінші ­аймақ – Final show. Бұл жобалардың барлығы көрменің ­тақырыбына сәйкес: яғни ақыл-ойды қалыптастыра отырып, адам мен жасанды интеллект арасындағы симбиоз көрсетіледі» деді «QazЭкспо­Congress» ұлттық компаниясы» басқарма төрағасы А.Шәйжүнісов.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button