Жаңалықтар

ЭКСПОҒА БАЙЛАНЫСТЫ КЕЙБІР ЗАҢДАРҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛЕДІ

Мая-Егімбаева

ЭКСПО мамандандырылған көрмесін өткізу және ұйымдастыру барысында еліміздің бірқатар заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ Заң департаментінің директоры Майя Егімбаева мен аталмыш ұлттық компанияның басқарма төрағасының құрылыс жөніндегі кеңесшісі Қанағат Тілемісов хабарлады.

3 желтоқсан күні Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астанада ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көр­месін ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойғаны белгілі. Осыған байланысты қолданыстағы 8 заңнамалық актіге және бюджет және салық кодекстеріне түзетулер қарастырылып отыр. Атап айтқанда, осы өзгерістерге сәйкес, ЭКСПО көрмесін ұйым­дастыруды және өткізуді қолға алатын ұйымдарды корпо­ративті кіріс салығы, жер, мүлік салықтарынан жартылай босату қарастырылған.

«ЭКСПО сияқты ауқымды шараны өткізу елордамызбен қатар, тұтас еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына қосымша серпін береді» деп атап өткен Майя Егімбаева «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясын мемлекеттік бюджеттен жедел мақсатты салым түрінде қаржыландыру мүмкіндігі де ес­керілгенін жеткізді.

«Техникалық реттеу туралы» заңына енгізілген толықтырулар арқылы көрмеге дайындалу және оны өткізу аясында қызмет, жұмыс және тауарларға қатысты шетел сертификаттарын қолдану, ЭКСПО объектілерін жобалау және құрылыс жүргізу кезінде халықаралық стандарттарды пайдалану мәселелері қарастырылып отыр.

Ал «Халықтың көші-қоны туралы» Заңындағы өзгерістер еліміздегі көр­меге қатысқысы келетін шетелдік аза­маттардың виза рәсімдеуін жеңіл­дететін болады.

Сонымен қатар Майя Егімбаева «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның шетелдік мамандарды тарту рә­сімдерін жеңілдету бөлігіне өзгертулер енгізілетінін мәлімдеді. Өйт­кені, жасыл экономиканы дамытуды нысанасына алған  ЭКСПО үшін энергия үнемдеуші технологияларды барынша пайдалану аса маңызды. Ал әлемде бұл саланы терең меңгерген шетелдік мамандар баршылық. Басты мақсат та сол, болашақ энергиясын енгізуге маманданған шеберлерді елімізге тарту, солардың тәжірибесімен бөлісу.

Көрмені өткізу кезінде өз маман­да­­ры­­мызға деген сұраныс та артпақ. Қа­зіргі жоба бойынша тек ұйымдастыру жұ­мыстарының өзіне 10 мыңға жуық маман керек екен.

Сөз соңында Майя Ерболатқызы атал­ған заңдар ресми түрде жариялан­ғаннан соң 10 күннен кейін күшіне ене­тінін айта кетті.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button