ӘлеуметТаным

Ел дамуының айқын бағдары

Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын мезгiл-мезгiл ашып қарап қоямын да, қатты қуанамын. Неге дейсiз ғой? Халқымыз тәуелсiздiктiң алғашқы күндерiнде-ақ Елбасын дұрыс таңдаған екен. Шындығы сол, сонау ықылым замандардан берi тәуелсiздiктi аңсап келген, тұрмыстың тауқыметiн тартқан бiздiң аға ұрпақ, әке-шешелерiмiз дұрыс басшыны адаспай таңдай бiлген.
Бiр ғана мысал: Елбасының ең көрегендiгi – елiмiз жаһандануға бет бұрған тұста тәуелсiздiгiмiздi нығайтатын да, оны жалғастыратын да келешек ұрпақ – жастар екенiн алыстан болжай бiлдi. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ғарыш ғажайыптарымен бiрге адамзаттың жаңа заман талабына сай құралдармен жұмыс iстеуi керектiгiн, ғаламтор арқылы байланысты күшейтiп, табиғат апаттарының алдын алу үшiн бүгiнгi күнге лайықты, жаңа тұрпатты басқарушылар даярлау – таяу болашақтың кезек күттiрмес мiндетi екенiн дер кезiнде ұғынды. Осы мақсатта елiмiзде қолдан келгеннiң бәрi жасалуда. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып, бiлiм алған, басым мақсаттар мен мiндеттерге жетуге қабiлеттi бiлiмдар жастар бүгiнде туған елге оралып, мемлекет басқару iсiне бiлек сыбана кiрiсiп те кеттi.
Ұлы Абай: «Адам  ата-анадан туғанда естi болмайды: естiп, көрiп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегi жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан бiлгенi, көргенi көп болған адам бiлiмдi болады», – деген. Мiне, осындай бағаға ие адам – ол бiздiң Президентiмiз Н.Ә.Назарбаев деп бiлемiн. Өйткенi, Елбасы тәуелсiздiктiң 20 жылы iшiнде Қазақстанды дүние жүзiне танытты.
Мемлекет басшысы стратегиялық мақсаттарға қарай iлгерiлей түсуiмiз үшiн келесi жылға жаңа мiндеттер қойып, жыл сайын Қазақстан халқына Жолдауын арнап келедi. Соның iшiнде Президентiмiздiң биылғы Жолдауы мүлде ерекше. Осыған дейiн елiмiзде қаншама үлкендi-кiшiлi жобалар жүзеге асса, алда шешiмiн күткен шаруа одан да көп. Осының бәрi ел дамуының айқын бағдары iспеттi биылғы Жолдауда көрiнiс тапқан. Тiптi, дүниежүзi саясаткерлерi де оған оң бағасын беруде. Ал, отандастарымыз болса жер-жерлерде Елбасының Жолдауын талқылауда. Соның негiзiнде елiмiзде кешендi бағдарламалар дайындалып, жүзеге асырылуда.
Президент сөзiн елiмiздiң әрбiр азаматы жыл басындағы айшықты жаңалық ретiнде қабыл алатыны секiлдi, бiз де отбасымызбен биылғы Жолдауды алдымыздағы бағдаршамымыз, алдағы күндерде адастырмас компасымыз ретiнде қабылдаймыз. Өсiп келе жатқан ұл-қызымыз әлi мектеп табалдырығын аттап үлгермесе де, келешекте Назарбаев зияткерлiк мектебiнде бiлiм алулары үшiн оларды бүгiннен бастап дайындаудамыз. Әсiресе, балаларымыздың болашағына әжесi көп алаңдайды. Тiптi, немерелерiне халықтық педагогика негiзiнде ата-бабаларымыздан қалған аталы сөздердi үйретудi машығына айналдырған. Сол кiсiнiң тәрбиесiмен бүгiнде балаларым менi – көке, аналарын – апа, әкемдi – ата, анамды – әже деп атайды. Әрине, бұл бiздiң де жанымызды жадырататынын жасырмаймын. Осы ретте әрбiр жас отбасы бала тәрбиесiне барынша маңыз берiп, бүгiнгi үдемелi даму процесiне iлесе алатындай ұрпақ тәрбиелеулерi керек деп ойлаймын.

Дархан ЖАБАЕВ,
қаржы полициясының қызметкерi,
ҚР Журналистер Одағының мүшесi

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button