Әлеумет

ЕЛ ЕРТЕҢІ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТЕМІЗ

Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырудағы тұғырлы тірегі – «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының еліміздің және астанамыздың мәдени-рухани, саяси-экономикалық дамуына қосқан үлесі аз емес. 

2013 жылғы 1 шілдедегі мәліметтерге сәйкес, партияның Астана қалалық филиалында 322 бас­та­уыш партия ұйымы, 96 партиялық бақылау бе­кеті,
26 қоғамдық қабылдау бөлімі бар. Беделі күннен-күнге артып келе жатқан «Нұр Отан» ХДП биылғы жылы партия мүшелерін есепке алу, электрондық қоғамдық қабылдау үрдістерін жетілдіру мақсатында орталықтандырылған деректер базасын құрды. Осы бағытта қалалық бастауыш ұйымдарында партия мүшелерінің тізімі қайта жаңартылып, олардың сапалық құрамына көңіл бөліне бастады. Бүгінде Астана қаласы бойынша нұротандықтар саны 37 мың адамды құрайды. Жыл басынан бері елордалық партия ұйымының төрағасы, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің жетекшілігімен «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалында іс-қағаздар жүргізу толығымен мемлекеттік тілге көшті. Бұл бастама Елбасы Жолдауындағы «Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек» деген нақты тапсырмасына сай жүргізіліп отыр. Яғни, алғашқы жартыжылдық партияның қалалық филиалы үшін тың бастамаларға толы болды.
Нұротандықтар қала дамуының барлық саласына қатыса отырып, мемлекеттік және партиялық бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруда. Биыл «Нұр Отан» ХДП Төрағасының нұсқауына сәйкес, «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру бойынша биліктің атқарушы органдарына партиялық бақылауды күшейту жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар, ҮИИДМБ, «Балапан», «Ақ бұлақ», «100 мектеп, 100 аурухана», Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту, «Қолжетімді бас­пана», «Халықтық IPO», «Бизнестің жол картасы – 2020» сынды әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар бойынша ақпаратты жинау және сұрыптау жүргізіліп, бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы жіті бақылануда.
Қоғамдық қабылдау жұмыстары – партия қызметінің маңызды бөлігі. «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен елорданың барлық аудандарында қоғамдық қабылдаулар өткізіп келеді. Қазіргі уақытта партия филиалы жанында бір қоғамдық қабылдау бөлімі және Астана қаласы мәслихаты депутаттарының округтерінде дәл осындай 25 бөлім жұмыс істейді. Биыл қаңтар-мамыр айларында барлығы 4390 азамат жеке мәселелері бойынша қабылданды. Олардың 4193-іне ауызша құқықтық кеңестер берілсе, 197-сіне жазбаша жауап қайтарылды. Өтініштердің басым көпшілігі әлеуметтік маңызды мәселелерге байланысты екенін аңғаруға болады. Атап айтар болсақ, 1268-і – жұмысқа орналасу, 1082-сі – құқықтық кеңес беру, 802-сі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 174-і – білім беру, 124-і – денсаулық сақтау саласына қатысты. Партия әрбір өтінішті назардан тыс қалдырмай, тиісті мемлекеттік органдарды жұмылдыру арқылы азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуді мақсат етеді.
«Нұр Отан» ХДП ана мен бала саясаты, отбасы құндылықтары, салауатты өмір салты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және т.б. әлеуметтік бағыттағы ғылыми-тәжірибелік конференциялардың ұйытқысы болып келеді. Осы орайда, партия республикалық және жергілікті басқарушы органдарды, мемлекеттік қызметкерлерді, құқық қорғау органдарын, үкіметтік емес ұйым өкілдерін қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында бір арнаға тоғыстырады.
Партияның халықаралық ынтымақтастық саласындағы жетістіктері де жоқ емес. 2013 жылы 2-5 шілде аралығында партияаралық байланыс­ты нығайту мақсатында Қытай Коммунистік партиясының делегациясы іссапармен Астана қаласына келді. Делегация мүшелері «Нұр Отан» ХДП басшыларымен кездесіп, партия жұмысымен танысты. Бұл кездесу мемлекетаралық қалыптасқан достық, тату көршілік қарым-қатынасты дамыту, партияаралық тәжірибе алмасуда маңызды орын алды.
Бүгінде «Нұр Отан» партиясы қарапайым азаматтардан бастап, жоғарғы мемлекеттік органдарға дейін тұтас халықты ортақ мұратқа біріктіруші, қоғамның бірден-бір қозғаушы күшіне айналып үлгерді. Партия мемлекеттік органдарды әлеуметтік-саяси маңызды мәселелерді талқылауға, қоғамдық іс-шараларға қатысуға, халықпен тығыз байланыс орнатуға шақырады.
Биылғы жыл – елордамыз Астана қаласының 15 жылдық мерейтойының атап өтілуімен ерекше. Еліміз тәу еткен тәуелсіздігін әлемге әйгілегеннен бастап өзін аймақтық көшбасшы ретінде танытып, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қарқынды жүргізу арқылы халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналды. Тәуелсіз Қазақстанның сара жолын дара Астананың қалыптасуынсыз елестету мүмкін емес. Президент өз мақаласында айтқандай: «Астана – Қазақстанды әлемге танытқан, дамудың жаңа биіктеріне бастаған, халықты топтастырған біздің бүкілқазақстандық жалпыұлттық идея». Ал, Елбасы тізгінін ұстаған «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы елорда дамуының маңызды тетігіне айналғанына көз жеткізіп отырмыз. 2017 жылы Астана қаласында тарихи маңызды оқиға – «EXPO 2017» көрмесі, сонымен қатар, мемлекеттік маңызды іс-шара – кезекті парламенттік сайлау өтеді. Сондықтан партия филиалы атқаратын ауқымды шаралар әлі алда деп білеміз.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ,
«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының кеңесшісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button