Президент пәрмені

Ел игiлiгi ескерiлген

Елбасы Н.Назарбаев «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту тұрғысында он бағытты негiзге ала отырып, жаңа мiндеттердi айқындап көрсеттi. Оның iшiнде халықты қолжетiмдi баспанамен қамту керектiгi айрықша аталып көрсетiлдi. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы «Қолжетiмдi баспана – 2020» бағдарламасын әзiрлеп, кешiктiрмей жасап қабылдауды Үкiметке тапсырды. Осы орайда Жолдауда жалға берiлетiн тұрғын үйдi бiрiншiден, алушы келешекте жағдайы келiп жатса, өз меншiгiне сатып алу мүмкiндiгi, екiншiден, сатып алуға жағдайы келмесе өмiр бойы сол үйдi жалдап тұра беру мүмкiндiгi қарастырылатыны айтылады.

Бұл үшiн Елбасы жыл сайын салынатын жалға берiлетiн тұрғын үйдiң көлемi 1 миллион шаршы метрге жеткiзу қажет дедi. Елiмiзде қазiргi күнде баспанаға қол жетпей жүрген жастар өте көп. Сондықтан, бұл көлем жыл сайын ұлғаятыны сөзсiз. Демек, халықтың жағдайы жан-жақты қаралмақ. Осы бағдарламаның механизмiн жасаған кезде көптеген мәселелердi қарастырған жөн.
Бiрiншiден, ең өзектi мәселе жер ресурсы болады. Кейбiр қалаларда құрылыс жүргiзетiн жер телiмдерi азайған, содан оның бағасы қымбаттап отыр. Мұның бiр себебi жер телiмдерiнiң денi жекешелендiрiлiп кеткен. Сондықтан жасыл аймақты, яғни әлi игерiлмеген жерлердi тұрғын үй құрылысына пайдалануға мүмкiндiк туғызу керек.
Екiншiден, отандық құрылыс материалдарын шығаруға аса мән беру керек. Шетелдерден келетiн құрылыс материалдарының бағасы қымбат. Сондықтан отандық құрылыс материалдарын шығаратын кәсiпорындарға жан-жақты қолдау беруге мүдделiк таныту қажет. Сырттан алатын кейбiр ерекше құрылыс материалдары үшiн кедендiк салықты жеңiлдету жолдарын қарастырған жөн.
Үшiншiден, құрылыс материалдарын арнайы тексеретiн жергiлiктi зертханалар жұмыс iстеуi қажет.
Төртiншiден, тұрғын үй құрылысына қажеттi инженерлiк жүйеге техникалық шарт рұқсат қағазын алғанда туындайтын қиыншылықтар қағазбастылыққа салатын әкiмшiлiк кедергiлерге қысқартудың жолдары қарастырылса жөн болар едi.
Бесiншiден, салынған тұрғын үйдi пайдалануға алатын комиссияға қатысты мәселелердi де оңтайландыру керек. Әсiресе, көп адамның қолын жинау сияқты қағазбастылық реттелсе дұрыс болады. Жалпы, бұл мәселеде жаңа заманға сай шетелдiк тәжiрибелердi қолданған артық етпейдi.
Алтыншыдан, тұрғын үй құрылысын салатын компанияларға берiлетiн банк несиесiне жеңiлдiктер болу қажет. Қазiргi тұрғын үй салатын компаниялар көбiнде банктен несие алу арқылы жұмысын жүргiзедi. Алайда жоғарыда айтылғандай, инженерлiк жүйеге техникалық шарттың бiрi немесе әлдеқандай бiр кедергi туындаған жағдайда құрылыс жұмысы кiдiредi, соның әсерiнен компанияның банк алдындағы несие өсiм уақытылы төленбей кедергiлер пайда болады. Айналып келгенде компания тағы ақша сұрауға мәжбүр болып, осының бәрi, әрине тұрғын үй бағасының қымбаттауына да әкелiп соғады.
Жетiншiден, құрылысты жылдам саламын деп арзан материалдарды пайдаланып, сапасыздыққа жол беретiндер болады. Оның арты тұтынушы тарапынан дау-дамайға ұласып жатады. Осындай келеңсiздiктер болмауы үшiн зертхана жұмысын жетiлдiрiп, тегеурiндi талап қоятындай мекемеге айналдыру қажет.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан туындаған «Қолжетiмдi баспана – 2020» бағдарламасы бұл – елдiң игiлiгiн ескерген береке бастамасы. Бұл ретте Президент те, Үкiмет те, жергiлiктi әкiмдiктер де барлық жағдайды жасап берiп отыр. Ендi тек айтулы бағдарлама науқанға айналмай, нақты игiлiкке айналуға тиiс деп ойлаймын.

Бейсен МАМЫРБЕКҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button