Басты ақпаратЖаңалықтар

ЕЛ ИГIЛIГIНЕ АЙНАЛАДЫ

ЭКСПО3, 28.02

Кеше Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» архитектуралық жобасының тұжырымдамасымен танысты. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайтында жарияланды.

Көрменің ең үздік жобасына арналған конкурстың жеңім­пазы «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture LLP» компаниясының Ақордада өткіз­ген таныстырылымы барысында Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» Астанада бұрын-соңды өтпеген ірі іс-шараға айналатынын атап өтті. – Бұл кешен қала келбетін түбегейлі өзгертеді. Мен конкурсқа қатысушылардың «ЭКСПО-2017» негізгі ғимаратына ұсынған 50 жобасының бар­лығымен танысып шықтым. Содан кейін олардың арасынан үздік 10 жоба іріктелді, оның ішінде «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture LLP» нұсқа­сын таңдау жөнінде шешім қабылданды. Бұл компанияның тек құрылыс қана емес, «жасыл экономика» саласында да мол тәжірибесі бары ескерілді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз компанияның жобасы «жасыл» энергетика саласында үлгі болатынын және алдағы құрылыстың осы тәжірибеге негізделетін айта келе, «ЭКСПО-2017» көрмесінің барлық орынжайы көрмені өткізгеннен кейін халықтың игілігіне пайдалануға тиіс екеніне тағы да назар аударды.

– Біз Назарбаев Университеті жағынан үсті толық­тай жабық, ұзындығы 500 метр көше салу туралы уағдала­судамыз. Адамдар онда қыста да, жазда да емін-еркін серуендейтін болады. Ғимараттың бірінші қабатында сауда кешендері, қалған үш қабатында қонақ үйлер, сәулетті үй-жайлар мен кеңселер болады. Мен үсті жабық қала туралы бұған дейін де айтқанмын, сол ойым енді жүзеге асуда. Бұған қоса онда өтетін түрлі іс-шараларды үш мыңнан астам адам тамашалай алатын, көрермендерге арналған аумағы үлкен ашық алаңдар, сондай-ақ, үш мың адамға лайықталған Конгресс-холл болады. Осының бәрі Астана мен Қазақстан тұрғындарының игілігіне айналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ЭКСПО2, 28.02

Өз кезегінде «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture LLP» архитектуралық компаниясының құрылтайшысы Э.Смит «ЭКСПО-2017» кешені үшін баламалы энергияның негізгі көзі күн энергиясы екенін хабарлады.

– Біздің жобамызға сәйкес, ғима­рат­тың дизайны, оның контурлары, энергия үнемдейтін материалдар мен панельдер есебінен энергияның 48%-ы үнемделеді. Шын мәнінде, бұл ғимарат энергетикалық жағынан толығымен тиімді болады. Жалпы, біз үшін бұл – ерекше жоба, өйткені, компаниямыздың философиясы соған негізделген. Біз энергияны өзі өндіретін, энергиялық жағынан тиімді және энергиялық тұрғыда орнықты ғимарат тұрғызғымыз келеді, бұл энергия көздерінен тасымалдауда электр шығынын болдырмайды, – деді Э.Смит.

Компанияның құрылтайшысы сфера түрінде жобаланған негізгі ғимарат «Астана ЭКСПО-2017» кешеніндегі ең басты ғимаратқа айналатынын және оған ең озық технологиялар мен материалдар пайдаланылатынын атап өтті.

– Сфера құрылысында ғимаратты сыртқы температура мен дыбыс­тан қорғайтын қос қабатты, жоғары тех­но­ло­гиялық берік әйнек қолда­ны­лады. Мұндай технология Сеулдегі федеративтік ғимаратты жобалау кезінде қолданылды. Біз іс жүзінде жобадағыдан да әдемі әрі жақсырақ болуы үшін ұсақ бөлшектеріне дейін көңіл бөлетін боламыз. Бұл кешен «жасыл технологияларды» пайдалануға негізделген үлгілі жобаға айналады деп ойлаймыз, – деді Э.Смит.

Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Э.Смиттің бұл салада 45 жылдан астам уақыт жұмыс істейтінін айтты. Осы уақыт ішінде ол әлемдегі ең биік 12 ғимараттың бесеуінің, соның ішінде БАӘ-гі «Бурдж Халифа» және Сауд Арабиясындағы «Кингдом Тауэрс» жобаларын жасаған.

Соңында Мемлекет басшысы көрме нысандары құрылысының мерзімі мен сапасына бақылау жасайтын инжи­ни­рин­гтік компания қазірдің өзінде таңдап алынғанына тоқталды.

– Жобаның ұсынылған тұжы­рым­да­ма­сын жалпы мақұлдауға болады. Таңдап алынған сфераны Астана қала­сы­ның бас жоспарымен үйлестіру қажет. 2017 жылға дейін аз уақыт қалды, енді жұмысты бастаған жөн. Жобалау­шылар құрылыстың барлық кезеңіне қатысады деп үміттенемін және тиісті технология мен мамандар тартылады деп ойлаймын. Тәжірибе көрсеткендей, құрылыс тоқтап қалмас үшін сәулет­шілер мен құрылысшылардың ұдайы әрі жедел өзара іс-қимылы қажет керек. Мұндай жобаны іске асыру – елі­міз үшін зор жауапкершілік, себебі біз келетін екі миллион адамды қабыл­дап қана қоймай, құрылыста жоғары технологияның қолданылуын көрсе­те­тін боламыз. Көрме кешені қаланың танымалдығын арттырады. Кейін оның қала тұрғындары мен елорда қонақтарының демалып, көңіл көтеретін сүйікті орнына айналуы да маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button