Басты ақпарат

Ел іргесі бекем бе?

Жақында Шығыс Қазақстандағы ең алыс шекара шебіне дейін барып қайтқан «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшілері «Қытаймен арадағы шекараның Қазақстан жағын «жасанды қуыршақ» күзетіп тұр, шекарашыларымыз қайда?» деп дабыл қағуы мұң екен, жұрт мұны жаңа көргендей, тұтас әлеуметтік желі шулап қоя берді.

[smartslider3 slider=3176]

Жалпы Қазақстанның шекарасының жағдайы, күзет мәселесі көңіл көншітпейтіні бұрын да айтылып та, жазылып та келеді. Өткен айда ғана Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан шекарашылардың тұрмыс жағдайын сынға алып, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал да жолдаған еді. «Шекара – Тәуелсіздіктің басты символы. Қазақстан барлық тараппен құрлықтағы және теңіздегі шекара сызығын халықаралық шартпен бекітіп алды. Делимитация, демаркация процесі сәтті жүзеге асты. Алайда соңғы уақыттағы әлемдік геосаяси кеңістіктегі түрлі құбылыс­тар кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Осы орайда, мен Үкімет назарын еліміздегі шекара бөлімшелеріне аударғым келеді» деген депутат шекарашылардың тұрмыс жағдайларының тым төмендігін, оларға ел шетін бекем күзетуге қажетті жағдайдың толық жасалмағанын алға тартып, «Мемлекетіміздің құрлықтағы және теңіздегі барлық шекара қызметтерінің материалдық-техникалық базасы мен әлеуметтік нысандарын арнайы Үкіметтік комиссия шығарып тексеруді; Мектептерде отансүйгіштікті насихаттайтын бағдарламаларды күшейтуді; тау асып, тас басып жүрген шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жеделдетіп шешуді» талап еткен болатын, бірақ бұдан қандай нәтиже болғаны бізге беймәлім. Қорғаныс министрлігі де жұмған аузын ашқан жоқ.

Қазақстан – құрлықтық шекарасы ең ұзын елдердің бірі. Ресеймен шектесетін 7591 шақырым шекара әлемдегі ең ұзын шекара саналады. Қытаймен іргелес жатқан шекарамыз да 1700 шақырымнан асады. Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан елдерімен шектесетін шекарамызды қоса есептегенде, еліміздің жалпы құрлық шекарамыздың ұзындығы 13394 шақырымды құрайды. Демек, осындай ұзын шекараны ойдағыдай күзету оңай шаруа емес. Оның үстіне бұл шекаралардың дені асқар тау, құла түз, қу медиен дала болғандықтан, қақаған қыс пен шіліңгір ыстықта оны шарлап, «шыбын ұшырмай» күзету де қиын. Осы тұрғыдан алғанда, елдің шетінде, жаудың өтінде жүрген шекарашылардың тұрмысына көңіл бөлу, олардың жалақысын көтеріп, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету – айтып-айтпай өзекті мәселе.

Қазақстан – құрлықтық шекарасы ең ұзын елдердің бірі. Ресеймен шектесетін 7591 шақырым шекара әлемдегі ең ұзын шекара саналады. Қытаймен іргелес жатқан шекарамыз да 1700 шақырымнан асады. Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан елдерімен шектесетін шекарамызды қоса есептегенде, еліміздің жалпы құрлық шекарамыздың ұзындығы 13394 шақырымды құрайды

Әрине, неше мың шақырымдық шекараны тек күзетші әскерлерге ғана таянып күзету қиын. Былайша айтқанда, шекара күзетін күшейтуде шекара маңындағы елді мекендерде ірге тепкен тұрғындарға да сүйену керек. Алайда қазір біздің елде керісінше шекара маңындағы елді мекендер иен қалып жатыр. Бұл – ел іргесінің бекем болуына төнген басты қауіп. Бос жатқан жер жау шақыратыны ақиқат. Шекараның арғы жағында жерге сыймай, қасықтай суға, тоқымдай жерге таласып отыр­ған жұртты күндердің күнінде бергі беттегі бос жатқан жер, тусыған дала қызықтырмайды дейсіз бе?! Шекарамыз шегенделді, қазығымыз қағылды, дегенмен, қадағаламаса, қараусыз қалған жерге әркім сұқтанатыны бекер емес. Осы тұрғыдан алғанда, шекара күзетіне әсте немқұрайды қарауға болмайды.

Шекаралық өңірлерде халық саны жыл өткен сайын азайып бара жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Бұл, былай қарағанда, шекара маңында қоныс­танған тұрғындардың мәселесі сияқтанғанмен, шын мәнінде, ел іргесінің тыныштығына, шекараның бекем, іргенің қауіпсіз болуына саятын өте өзекті тақырып.

Заманның қиындап тұрған тұстарында шекаралық аймақтардағы аудандарды бір-біріне қосып, біріктіру сол кезде дұрыс шешім болып көрінгенмен, қазір оның арты үлкен ағаттыққа апарып соққанын уақыт көрсетті. Аудандарды ірілеп, қаржыны үнемдеп қарық қылдық дегенімізбен, шекарамыз жалаңаштанып, елді мекендер иен қалды. Шекараның мықты болуы ел шетіндегі сарбаздардың санына ғана емес, шеп бұзбай отыратын халықтың шоғырына да байланысты. Демек, шекараға таяу орналасқан ауылдар мен елді мекендерге халықтың көптеп қоныстануына мән беруіміз керек, өйткені әлемде геосаяси жағдайлар күрделеніп барады. Бұл ретте еліміздегі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық ауылдардың жағдайы жіті көңіл бөлуді талап етеді. Былайша айтқанда, шекаралық өңірлерге халықты шоғырландыру мәселесін басты назарға ала отырып, мемлекеттік деңгейде қолға алатын кез келді, өйткені бұл аты бар, заты жоқ ішкі көші-қон саясатымен шешілетін нәрсе емес. Осы тұрғыдан алғанда, Жетісу, Абай сынды жаңа облыстардың құрылып жатқаны қуантады. Енді бұл бастаманы иен қалған шекаралардың бойына ел толтырып, бос қалған ауылдардың бойына қайта қан жүгірту ісімен де ұштастырған дұрыс.

Көршілес Ресей Федерациясының Қосағаш ауданында гектарлап жер телімдерін тегін беру сынды мемлекеттік арнайы қабылданған бағдарламаның арқасында ақырғы 25 жылдың ішінде аудан халқының саны 1,5 есеге өсті. Ал Қытай шекараны гүлдендіріп, ел шетіндегі халықтың тұрмысын жақсарту саясатын жүргізіп, тұрғындардың бәріне тегін үй салып беріп, бір отбасынан бір адамға 2000 юань (шамамен 100 мың теңге) айлық беріп, шекара күзеттіріп отыр­ғанына 10 жылға жуықтады. Шекарада отырған тұрғындардың итінің өзіне ай сайын 25 мың теңге төленеді

Біріншіден, шекарадағы елдің етегі түріліп, іргесі сөгілмесін десек, бұрынғы аудандарды қайта қалпына келтіру керек. Еліміздің қазіргі таңдағы саяси-экономикалық жағдайы бұған толықтай мүмкіндік береді. Әсіресе, шекаралық аудандарда мал шаруашылығымен қатар, қосымша туризмді өркендетуге ден қойса, турист те, тұрғындар да молаяр еді.

Екіншіден, шекаралық аудандарды гүлдендіріп, көркейтетін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Мысалы, көршілес Ресей Федерациясының Қосағаш ауданында гектарлап жер телімдерін тегін беру сынды мемлекеттік арнайы қабылданған бағдарламаның арқасында ақырғы 25 жылдың ішінде аудан халқының саны 1,5 есеге өсті. Ал Қытай шекараны гүлдендіріп, ел шетіндегі халықтың тұрмысын жақсарту саясатын жүргізіп, тұрғындардың бәріне тегін үй салып беріп, бір отбасынан бір адамға 2000 юань (шамамен 100 мың теңге) айлық беріп, шекара күзеттіріп отырғанына 10 жылға жуықтады. Шекарада отырған тұрғындардың итінің өзіне ай сайын 25 мың теңге төленеді. Былайша айтқанда, Қытай шекарадағы елді мекендерге қалалар салып тастады деп айтуға болады. Осыдан барып Қытай мен Қазақстанның шекаралық аудандарының арасында демографиялық дисбаланс жылдан жылға ұлғайып барады. Бұл қазір білінбегенмен, келешек ұрпақ үшін қолайсыз геосаясаттық жағдай туғызуы әбден мүмкін.

Үшіншіден, шекаралық ауылдарға бағыттап, жұмыс орындарын ашу да – кезек күттірмейтін мәселе. «Шекаралық өңірлердегі елді мекендерден кәсіп ашамын, жұртты жұмыспен қамтимын» деген кәсіпкерлерге салық жағынан жеңілдік жасаумен қатар, жас мамандар шекаралық өңірлерге барса, баспана беру, жоғары жалақы тағайындау сияқты ынталандыратын әдістерді де қолдану керек. Шетелден келген қандастар сол аудандарға қоныстанса, ауыл шаруа­шылығына пайдаланылатын жер берумен қатар, көші-қон квотасын еселеп беруді де назардан қағыс қалдырмаған оң. Шекаралық ауылдардағы өнімдерді қалаға жеткізудің жолдарын қарастырып, шекаралық аймақта отырғаны ескеріліп, нарықтан алыс аймақ ретінде жеңілдікпен субсидиялар берілсе, ұтарымыз көп.

Төртіншіден, шекара күзетіндегі әскерлердің тұрмысына баса назар аударып, олардың жалақысын жоғарылату керек. Сонымен қатар, шекара бекеттерінің инфрақұрылымдарын жақсартып, Кеңес өкіметінен қалған көне қарауыл бекеттерінің орнына жаңа құрылыс­тар салынуы керек. Ол осы заманғы озық техникалармен толық жабдықталуы керек. Жарық жоқ, сигнал ұстамайды, жол жоқ… деген секілді мәселелер ендігәрі айтылмауы керек. Тіпті астананың жағасын салмай-ақ қояйық, ендігі күшті шекаралық аймақтардың қауіпсіздігіне жұмсау керек. Қанша әсем қала салғанымыз­бен шекара бекем болмаса, ондай дамудың да қайыры аз.

Бесіншіден, шекара бойына тартылған темір торларды қайта жаңалап, мал, адам өте алмайтындай етумен қатар, бейнебақылау жүйесін де кезең-кезеңімен іске асыру керек. Шекара бекеттеріне ұшқышсыз ұшақтар арқылы көмек жеткізу жұмыстарына да ерте бастан кірісу керек.

Алтыншыдан, жас ұрпақ­, әсіресе, сарбаздарға отаншылық тәрбиені күшейту керек. Отанын жанынан артық қорғайтын қасиет қан арқылы да, ұлттық тәрбие арқылы да қалыптасатынын ескеру керек. Отаншылық десе мына бір іс ойыма түседі.

Қытай қазақтары баспа­сөзінің қара шаңырағы – Шыңжаң газетінде тілші боп жүрген кезім. Бірде тілшілік сапармен шекаралық аудандардың гүлденіп көркейген бет-бейнесін жазу үшін Моңғолиямен шекараласатын Сарыбұлақ шекара бекетіне бардық. Бекет бастығы біздің елдің шекара қызметін таныстырып, «қазір шекарашы әскерлер, осы арадағы тұрғындар және бейнебақылау арқылы шекарамызды 24 сағат бойы қалт жібермей күзетіп тұр» деген соң, мен әдейі сөзге тартып, «Қытай – ірі ел, бізбен салыстырғанда Моңғолияның әскери күші неге тұрады, осынша сақтық жасап не керек?» деп сұрап едім, бетіме жалт қараған қытай командирі «жоқ, Моңғолияның әскери күші әлсіз болғанымен, әскерлерінің мықтылығына, отансүйгіштігіне немқұрайды қарауға болмайды, мен сізге бір мысал айтып берейін» деп әңгімесін бастады.

– 2009 жылы Алтай бекетіне қалың қар жауды. Таулы өңірлерде қардың қалыңдығы 2 метрден асып кетті. Сол жылы мына Моңғолияның шекара бекетінде (шекара сызығының арғы бетінде Моңғолияның шекара бекетін иегімен нұсқап) 10 шақты күзетші әскер болды. Дені – әскери міндетін өтеуге келген жас жігіттер. Бір ай бойы толассыз жауған қардан кейін олардың жолы бүкілдей кесілді. Қарлы боранда тікұшақ та келе алмайды. Сол кезде бізге жоғары жақтан «егер Моңғолия күзетшілері көмек сұраса, жәрдем жасаңдар, шекарадан өтіп, азық-түлік сұраса беріңдер» деген бұйрық келді. Біз азық-түлігімізді дайындап, бір ай күттік. Бірде-бір моңғол әскері тамақ сұрап келген жоқ, бас штабында сол маңда аштан қырылған қодастың етін әкеліп жеп жүрді, бірақ күн өткен сайын қатары сиреп, ең соңында түтіндері түгелдей өшті. Оларды сүйгін қар кетіп, жол ашылғанда бір-ақ әкетті. Көрдіңіз бе, аштан өлсе де, отанына адал болып, нан сұрап, біздің алдымызға келген жоқ. Мұндай әскері бар елден қалай сақтанбайсың? – деді бекет бастығы сұраулы көзбен. Мен де жым тұрмай, «Қазақстан солдаттары қалай?» деп сұрап едім, «Қазақстан дейсің бе, мен ҚР-мен шектесетін шекара бекетінде де міндет өтедім, 5 жыл тұрғанда олардан біз тәнті болатындай ештеңесін көргем жоқ. Шекарасын да дұрыстап күзетпейді, қарауылдарында «қуыршақ» тұрады» деп бір күліп алды да, «билігі жемқор елдің әскері не оңады дейсің, олардың кез келген командиріне сүйек лақтырсаң, жүзі жылып сала береді» деп мысқылдап, өзімді ұялтып тастады… Әне сол қытай командирі айтқандай, біздің елде отаншылдық тәрбие әлсіз. ұлттық идеология жоқ. Сондықтан шекара бекем, ел іргесі бекем болсын десек, бүгінгі жас ұрпақ пен жас сарбаздарға отаншылдық тәрбиені күшейту керек. Отаным, халқым деген идея салтанат құрмаса, шекара бекемделмейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button