Қала тіршілігі

ЕЛ МЕРЕЙІ – ЭКСПО

Бас шаһарда болатын беделді шара – «ЭКСПО-2017» көрмесіне әркім өзінше үлес қосуға дайындықты бастап кетті.

ERM_9427

Атап айтқанда, астаналық әйелдер қауымы ЭКСПО қарсаңында экологияны жақсартуға қандай шаралар қажеттігі туралы ойларын Жасыл технологиялардың ұлттық академиясында өткен дөңгелек үстел барысында ортаға салды. Ал Астана қаласын «EXPO- 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындауда Астана Конвеншн бюросы ауқымды жұмыстарды бастап кетті.
Елдің мерейін асыратын жаһандық көрмеде қандай жобалар алдымен қолға алыну керектігін айтқан қыз-келіншектер су, жарық және жылу көздерін үнемдеудің тиімді тәсілдері туралы да жан-жақты талқылады. Әсіресе, «Ақбота» қоғамдық корының директоры Татьяна Немцанның бүгінде өздері тұратын мекенде іске асырылып жатқан жасыл жобалар жайлы айтқан әңгімесі көпшіліктің көңілінен шығып, қонақтар тарапынан үлкен қызығушылық туғызды.
– Қазіргі таңда Ақмола облысы Аршалы ауданы Арнасай ауылында әлеуметтік нысандардың бюджеттік жүктемелерін азайту мақсатында көптеген ілкімді шаралар қолға алынған. Мұнда жасыл технологияның көмегімен бюджет қаржысын 1,5 миллион теңгеге дейін үнемдейтін орта мектеп бар. Сондай-ақ, 168 аулада тамшылай суару жүйесі орнатылған. Мұнымен қоса, жылыжайдың 4 түрі – күн биовегетарийі, фитодиодты жылыжай, көшетхана және пирамидалық жылыжай жұмыс істейді. Ауылдағы 100 әйел органикалық көкөніс өсірумен шұғылданады, – деді ол.
Ал «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайын­дық барысындағы Астана Конвеншн бюросы жиынына қатысуға Алтай аймағының және Барнаул қаласында орналасқан туристік компаниялардың жетекшілері келді. Келген қонақтар қаланың көрікті жерлерін аралап, қонақүйлердің қызмет көрсету сапасымен танысты.
Ұйымның қолға алған бағыты – халық­а­ралық байланысты дамыту. Қазіргі уақытта Астана қаласы шетелдік 28 мемлекетпен, соның ішінде 26 аста-намен ұзақ мерзімді келісімге келу туралы меморандумға қол жеткізген. Осыған байланысты туризмді дамыту мақсатында биыл Астана қаласында жетекші туроператорлардың, блогерлер мен шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен ақпараттық турлар ұйым­дастырылуда. Бұл – екінші рет өткізіліп отырған шара. Ресейден келген қонақтар Recommended by EXPO бағдарламасы бойынша елорданың туристік әлеуетімен танысып қана қоймай, ЭКСПО көрмесінің құрылысын да тамашалады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button