Ел патриотын тәрбиелеу – бүгіннің талабы

Қазақ жері дүние жүзі картасында жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұр. Кезінде бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен осындай жерді қорғап қалды. Одан кейін кеңес өкіметі құрылғанда, жаңа өкіметке шекарамызды сақтап қалу үшін дәлел қажет болды. Алаштықтар осы мәселені қорғауға Әлімхан Ермековті өкіл eтіп жіберіп, ол 4-5 сағат Ленинге шеткі аймақтарды, әсіресе батыс өңір қазақ жері екенін дәлелдеп беріп, құжатқа қол қойғызған.
Сөздің реті келгенде айта кетейін, әлі де болса Ә.Ермековтің есімі өз дәрежесінде көрінбей тұрғандай. Мен ол кісіні айдаудан оралған соң Қарағандының тау-кен институтында icтеп жүрген кезінде көрдім. Сырттай өте сыпайы кісі. Меніңше, институтқа сол кісінің есімі берілгені дұрыс болатын еді. Естуімше, қайтыс болғанда да елеусіз қоя салыпты. Ол кездегі көзқарас басқаша болды ғой, соны қазір түзетуге болатын сияқты.
Тарихты кім жасайды? Меніңше, елден шыққан алаштықтар сияқты халқын, елін сүйетін азаматтар жасайды. Соларды зерттеп, дәлелдеп, үлкен тарихқа енгізу тарихшылардың міндеті ғой деп есептеймін. Бауыржан Момышұлының мынадай сөзі бар: «…шындық шығады, бірақ кешігіп шығады». Шындығында, кезінде баға бере алмаймыз. Ұзақ уақыт өткеннен кейін жазылса, ол дәл шындық болмаса да, шындыққа таяу болады. Мысалы, қазір кеңес дәуіріндегі тарихты жазу керек. Соңғы жылдары Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, т. б. туралы материалдар газет беттерінде жазылып жатыр. Сол мақалаларды оқи отырып, біздің ұрпақ Жұмабай Шаяхметовтің қандай еңбек сіңіргенін біліп жатыр. Соғыстың ауыр кезеңінде елді басқару оңай шаруа емес.
Оған қоса, Сталиндей қатаң басшыға жағып, ұлттар кеңесінің төрағасы болу әркімнің қолынан келмейді. Сондай жағдайда жүре тұра ұлтының жағдайын ұмытқан жоқ. Осы кісімен қатарлас еңбек еткен Нұртас Оңдасыновты халық қалай ұмытады?! Елімізде екінші басшы бола тұрып, Қазақстанның дамуына, өркендеуіне зор үлес қосқан. Қазақстан халқы үшін аянбай еңбек етті.
Ұлттық құрылтайда Президенттің: «Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз.
Шетелдіктерге қазақтың бір карыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз» деп қадап айтқаны есімізде. Біз тарихшы емеспіз, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білеміз. Зиялы қауым туралы жазғандар да төбеден алған жоқ шығар, соған сенеміз. Кеңес өкіметі жаңа құрылған кезде алаштықтар, оның ішінде Әлімхан Ермеков болса, кеңес дәуірінің орта шенінде Хрущев барлық жүйені өзгертпекші болып неше түрлі реформа жасап, халықты дүрліктірген жоқ па, бірақ олардың бәрі өміршең болмай, бұрынғы қалпына келді ғой. Соның ішінде қазақ жерін бөлшектегісі келді. Оңтүстікті бір көршімізге, оңтүстік-батысты екінші көршімізге, солтүстіктегі бес облысты солтүстіктегі көршімізге беріп, қазақ жерін талан-таражға салғысы келді. Арам ойының біреуі ғана іске асып, қазақтарымыздың біразы оңтүстіктегі көрші мемлекетте тұруға мәжбүр болды. Қазақтың ең астықты өлкелері: Қостанай, Ақмола, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары бір адамның батылдығының арқасында аман қалды. Сол кездегі бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевты Хрущев әртүрлі тәсілмен келісуге көндірмек болған. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Дінмұхамед Ахметұлы Кремль басшысына Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшеневтің келісімін алуды сұраған. Сол өтінішті орындау үшін екі басшыны да орталыққа шақыртқан. Мәселені Жұмабек Тәшеневке қойғанда, ол кісі «бұл мәселені шешпек түгел, күн тәртібіне қоюға қарсымын…» депті. Осы сөзді айтардан бұрын Жұмабек ағамыз келешегіне зиян келетінін сезді, халықтың мүддесі өзінен жоғары болу керек екенін түсінді. Сол заманда Мәскеудің тапсырмасын мүлтіксіз орындағандар қазақ халқының зиялылары емес. Өз халқының жерін, мүддесін сақтауға тырысқандарды ғана ұлтына шын жаны ашитындар қатарына қосып, ұлықтауға лайық азаматтар деп есептейміз. Еліміздің зиялы азаматтары Ғабит Мүсірепов «…менің жүрегімнің төрінде Жұмабек Тәшенев» десе, Бауыржан Момышұлы «бейбіт күннің батыры» деп баға берген, ал Сағадат Нұрмағамбетов «қамқор аға еді» деген. Кезінде Орталық Комитеттің бірінші хатшысы болған Исмаил Юсупов «…Қазақ халқы біреуге қарыздар болса, бірінші Тәшеневке» деген екен. Осылайша Жұмабек Ахметұлын елінің, халқының патриот азаматы болғанын айта беруге болады. Бүгінгі таңда ол кісінің туғанына 110 жыл толады, сонда жоғарғы жақ бір бағасын берер деп ойлаймын.
Жалпы тарихшылар кеңес дәуірінде, ұлттық шовинизм өршіп тұрған уақытта, халқының қамын ойлап қызметімен қоштасқандарды немесе басқа да қысым көргендерді анықтап, егеменді ел тарихында лайықты орнын анықтайтын уақыт жетті. Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, Ж.Тәшенев секілді азаматтарды білім саласындағы оқулықтарға кіргізген жөн болар еді. Жас ұрпақ мұндай қайраткерлердің жалғасы болғанын түсініп, елін сүйетін патриот болар еді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен құрылтайда «ономастика саласы – тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы» деген болатын. Көтеріп отырған мәселем осыған сай келетін сияқты. Одан кейін «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Менің мақсатым – экономика мен егемендікті нығайту» десе, оны жүзеге асыруға атсалысу – әрбір қазақстандықтың парызы. Əсіресе дамыған елдердің қатарына қосылу үшін патриоттық сезім жоғары болуы қажет. Ондай сезім жоғары болу үшін жас ұрпақ елі мен жері үшін күрескен ата-ағаларының жолын, тарихын білгені дұрыс болады деп ойлаймын. Оны оқулықтар, БАҚ арқылы жеткізген дұрыс болар еді.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, зейнеткер