Жаңалықтар

ЕЛ ЖҮРЕГІ – АСТАНА!

Баннер-№-3

Алда болатын Астана тойын биыл 70-тен астам шара айшықтамақ. Бүгіннен бастап газетіміздің әр саны арқылы мереке аясында ұйымдастырылатын түрлі мәдени және спорттық шаралармен оқырмандарымызды таныстырмақпыз.

«АЗИЯ ЖАҢҒЫРЫҒЫ»

Астаналық цирк аренасында 1 шілде күні «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнері фестивалінің шамдары сегізінші мәрте жағылады. Жыл сайын мыңдаған көрерменді жинайтын фестивальге биыл Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Латвия, Испания және Куба мемлекеттерінің үздік әртістері қатысады.

Бір аптаға созылатын фестиваль бағдарламасына африкалық арыстандар, ғажайып трансформация, ержүрек эквилибристер, шарғы мінген өнерпаздар, әуеде бас айналдырар трюктерді жасайтын және аренаға орыс таяқтарын алып шығатын гимнасттар, ерекше хула-хуптар, батыл осетин жігіттері мен көңілді сайқымазақтар көрсететін әртүрлі қызықты номерлер енгізіліп отыр.

Фестиваль көркін «Кавалькада», яғни шараға қатысушылардың шеруі аша түспек. Олар үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен «Цирк – «Нұр Астана» мешіті – Сығанақ көшесі – Бәйтерек – Керуен – Қабанбай батыр көшесі – Цирк» бағытымен жүріп өтпек.

ASTANA ARTFEST ФЕСТИВАЛІ

4-6 шілде аралығында Сулы-нулы жасыл желекжолда өнер мен архитектураны, дизайн мен жаңа технологияларды бір арнаға тоғыстыратын Astana ArtFest фестивалі өтіп, заманауи инсталляциялар, дала театрларының қойылымдары мен балалар шығармашылығы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жайлы сыр шертіп, оның тақырыбын аша түседі.

Ашық аспан астында өтетін фестиваль алаңқайы «От энергиясы», «Су энергиясы» және «Ауа энергиясы» сияқты тақырыптық аймақтарға бөлінеді. Көрме қонақтары Франция суретшісі Александрэ Калинканың бірегей сандық инсталляциясын, Германия мен Голландия инсталляторлары РЕФАНК стилінде жасаған әлемдегі жалғыз киіз үйді, италиялық сәулетші Джоржио Пинидің виртуалды әлем шлеміндегі архитектуралық жобасын тамашалай алады.

Арт-фестивальге әрлендірілген WI-FI ағаштар, Қазақстанда тұратын этностардың оюларымен өрнектелген жылқылардың мүсіндері көрік бере түседі.
Шараның кішкентай көрермендерін арт-нысандар, дала қойылымдары және өзге де жарқын көріністер қызықтырады. Шығармашылық көрменің меймандарын желекжол асфальтындағы үш қабатты суреттер бейжай қалдырмайды. Онда ресейлік стритартшылар футуристік ғимараттар мен ұшатын көліктерді салып, Астананың келешегін бейнелемек.

«ЖҮРЕГІМ МЕНІҢ»

Елордада Астана күні мерекесінің аясында әйгілі композиторларымыздың шығармашылығына арналған концерт өткізу дәстүрге айналып келеді. Былтыр «Әнім сен едің» концертінде вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың әндері шырқалса, биыл музыканың сан алуан жанрында еңбектенген Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына орай шілденің 6-сы күні «Қазақстан» орталық концерт залында Жүрегім менің» концерті өтеді.

Концертте композитордың көпке танымал туындыларын Симфониялық оркестр мен Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі орындайды. Оған композитордың қызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева дирижерлік етеді.

Кеште Роза Рымбаева, Майгүл Қазтұрғанова, Еркін Шүкіманов, Сүндет Байғожин, Мәдина Сәдуақасова, «МузАрт» тобы, т.б. отандық эстрада жұлдыздары барша қазаққа сүйікті әндерді айтады.

Сондай-ақ, Нұрғиса Тілендиев туралы бейнебаян көрсетіледі.

ВЕЛОЖАРЫС ӨТЕДІ

Алдағы жексенбі күні елордада веложарыс өтеді. Оған қатысатындар Салтанат сарайы – «Астана-Арена» стадионы бағытымен 4600 метр қашықтықты жүріп өтеді. Шарада елімізді әлемге танытып жүрген велошабандоздар, белгілі спортшылар мен эстрада жұлдыздары, мәдениет қайраткерлері, қоғамдық құрылымдардың өкілдері бой көрсетпек.

Жарысқа кез келген азамат қатыса алады. Атап өтер жайт, велосипедтерді жалға алуға болады. Бағыт бойында медициналық көмек көрсету бекеттері жұмыс істейді. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталады. Бұған қоса концерт ұйымдастырылады. Веложарысқа қатысушы ретінде сол күнгі сағат 9.00-ден сағат 10.00-ге дейін тіркелуге болады.

СТИВЕН СИГАЛ КЕЛЕДІ

Астанада биыл тұңғыш рет жауынгерлік өнер сайысынан халықаралық фестиваль ұйымдастырылады.

Фестивальге Қазақстаннан, Америкадан, Қытайдан, Ресейден, Чехиядан, Оңтүстік Корея мен Жапониядан айқас түрлерінің майталмандары – ең жоғарғы белбеу және дан иегерлері жиналады. Көрермендер айкидо, джиу-джитсу, капоэйра, будзинкан, тай боксы, каратэ годзю-рю, шин кали, кендо, таеквондо, вин-чун, шаолинь және қоян-қолтық айқас сынды түрлі ұрыс түрлерін тамашалайды.

Белгілі Голливуд актері, айкидо айкикайдан 7 дан иегері Стивен Сигал, актер, кәсіби спортшы, «Бокс әлемі», «Қаһармандар елі» тележобаларының жүргізушісі Сергей Бадюк, ресейлік кокбоксшы, кәсіпқойлар арасында көп мәрте әлем чемпионы атанған Бату Хасиков фестивальдің құрметті қонақтары болады.

ЖАСЫЛ АЛАҢДА – ЭСТРАДА ЖҰЛДЫЗДАРЫ

2 шілде күні Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қазақстан мен Ресей эстрадасының жұлдыздары футболдан жолдастық кездесу өткізеді.

Қазақстандық «Алатау» командасының құрамында «МузАрт», «Нұр-Мұқасан», «Rin’Go»,  «Mysterions», «Арай» топтарының жігіттері, Жұбаныш Жексенұлы, Нұржан Керменбаев, Абдулкәрім Кәрімов, Ғаділбек Жанай, Мэлс Сағатұлы, Тәуекел Мүсілім бар. Ал, ресейлік «Starco»  командасы Ираклий Пирцхалава, Илья Авербух, Эдгард Запашный, Илья Глинников, Михаил Гребенщиков, Пъер Нарцисс, Виктор Зинчук, Сергей Крылов және т.б. жұлдыздардан құралған. Ойынды белгілі ресейлік спорт комментаторы  Виктор Гусев жүргізеді.

Әр таймы 35 минуттан болып, екіаралық үзілісте және ойыннан кейін екі команданың жұлдыздары көрермендерге арнап концерт қояды.

Бетті дайындаған: Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button