Жаңалықтар

ЕЛ ЖҮРЕГІ – АСТАНА

Тәуелсіздік алған, өзге жұртпен терезесі теңелген еліміз өзінің астанасын, бас қаласын, мәңгілік анасын, мемлекетінің жүрегін ежелгі ел қорғаны болған Сарыарқаның төсіне әкеліп орнатып, Астана деген ардақты атқа ие етті. Бұл ғұмыры мәңгілікке бағыт алған жаңа астана – әлемдегі жаңа қоғамдық құрылысқа құлшына қосылып отырған жаңарған еліміздің әкімшілік орталығы болып, тәуелсіздіктің асыл тілегін, халқымыздың алтын арманын арқалаған ардақты қала – Астана.

Әлем картасына қарасақ, тәуелсіздік жолына түскен талай елдер арманды тілекпен астаналарын өзгертті. Бірақ олардың өркендеп өсуі ондаған жылдарға созылып, ел қуатының өсу жолындағы талай сынақтардан өтіп келеді. Ал, біздің Астанамыз жылды қойып, әрбір ай сайын жаңа ғи­ма­раттарға байып, көз алдымызда түр­леніп, өсіп-көркеюде. Жаңа қала Ас­та­намыздың осыншалықты тез қар­қынмен өсуі және әлемдегі құрылыс жаңалықтарын бойына жинаған әсем ғимараттардың қатар түзеуі тегін емес. Ол – тәуелсіздік алған елдің көш­басшысы, халқы үшін бойындағы ар­дагерлік қасиетін аянбай жұмсап келе жатқан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы.

Астананың ерекше бір қасиеті – ондағы ел басқаратын Ақорда, Үкімет үйі, Парламент үйі, әр саладағы ми­нистр­ліктер ғимараттарымен бірге, елдің көркін түзейтін мәдениет орындары да қарқынды өсіп келеді. Қаланың көшесін аралаған қонақтар Есіл өзенінің жағасына келсе, жұртшылықтың рахаттанып дем алатын осынау бір тұс­тың орталығынан Кенесары ханның ескерткішін көрер еді. Кенесары өзі шабуыл жасаған патша өкіметінің Ақмола бекінісіне қарап, қабақ түйген қалпында қарап тұрғандай. Соны көріп арыстанша арпалысқан ұлы ханның асыл арманы бүгін орындалғанына тәубе дейміз. Сөй­тіп, менің сүйікті Астанам – сәулетті ғимараттармен бірге ұлтымыздың руханият орталығы.

Қазақ халқының бұрын-соңды көр­меген осындай әсем астанасы Еуро­падағы ілгері елдердің қайсысының болсын астанасымен таласқа түсе алады.

Менің ойымды, бойымды билеген мақтанышым осы!

Айым ТӨРЕБАЕВА,
Астана қаласы дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің оқушысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button