Басты ақпаратЖаңалықтар

ЕЛБАСЫ БАС ШЫРША ШАМЫН ЖАҚТЫ

ERA_4951112

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры алдында орнатылған еліміздегі бас шыршаның шамдарын жағып, бүкіл қазақстандықтарды желтоқсандағы мерекелерімен құттықтады.

«Құрметті балалар, бүгін – Тұңғыш Президент күні. Ол – мен үшін жасалған мереке емес, еліміздің тәуелсіздігімен сабақтас мереке. Осыдан 23 жыл бұрын 1 желтоқсанда біздің еліміз бүкіл халық болып тұңғыш рет өз Президентін сайлаған болатын және сол кезде халықтың 98 пайызы маған дауыс берді. Сол дауысқа сүйене отырып, мен тәуелсіздік жариялауды өзіме міндет еттім. Екі мейрамды егіз дейтінім сол. Содан бері Қазақстанымыз өркендеп өсті, дүниежүзіне белгілі болды, елдің әл-ауқаты өсті.

Барлық жасап жатқан шаруамыз – сендер үшін, балалар! Сендер оқысын деп мектеп, балабақша және университеттер салып жатырмыз. Денсаулықтарың мықты болсын деп спорт кешендерін де тұрғыздық. Ата-аналарыңа да жұмыс беріп жатырмыз. Осының барлығы – елдің қамқорлығы. Балалар бақытты болса – ел бақытты.

Бүгін біз еліміздің ең негізгі шыршасын жаққалы отырмыз. Жаңа жыл – ертегі, жаңа жыл – арман. Ол – іздеп, күтіп отыратын бақыт. Сондықтан келе жатқан жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Бақытты болыңдар, балалар!» деген Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандық балалар мен олардың ата-аналарына жүрекжарды тілегін айтты.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының алаңында құрылған еліміздің биылғы бас шыршасына «Бақыт құсы» атауы беріліп отыр. Шыршаның биіктігі – 25, ал диаметрі 16 метрді құрайды. Оны жасандыру үшін 7650 метрлік безендіру заттары, 2020 ойыншық, 4000-нан аса түрлі-түсті шамдар және өзге де әшекейлер қолданылған. Жалпы, биыл Астана қаласында 19 шырша тігіліп, оларды құруға шағын және орта бизнес субъектілері тартылып отыр.

Салтанатты рәсімге әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар қатысты.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button