Басты ақпарат

Елбасы Индустриалды паркте болды

Елбасы 30 маусым күні Астанадағы көлік-логистикалық орталығында, Үй құрылысы комбинатында және «Тұлпар тальго» зауытында болды.

ERM_5300

Астана көлік-логистикасы – индустриалдық бағдарлама аясында салынған бірегей орталық. Бұл Орталық Азияны былай қойғанда, Кавказ бен Сібір аумағындағы ең ірі көлік-логистикалық хаб болып саналады. Мұнда кедендік тауарлар екі-үш сағат көлемінде рәсімделеді. Бұрын оған үш тәулік уақыт кетеді екен. Сондай-ақ, бұл орталықта халықаралық және республикалық жүк тасымалына қызмет көрсету, тауарлар сақтайтын қойма және басқа қызметтер де көрсетіледі.

Бұдан соң Елбасы «GLB» ЖШС-ның үй құрылысы комбинаты жұмысымен танысты. «Шар құрылыс» компаниясы базасында бой көтерген инновациялық кәсіпорын Астананың индустриалды паркінде орналасқан. Оның құрылысына 30 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Қазақстанда мұндай өндірістің баламасы жоқ. Кәсіпорында тұрғын үйлердің қабырғалары ортасына жылу ұстағыш материал салынған темірбетондардан құрастырылады. Сондай-ақ, үйдің қабырғаларын әрлеу, ішін және сыртын безендіру де осындағы 8 цехта жүзеге асады. Тіпті, есік, терезесімен қоса жасалады. Автоматтандырылған құрылғылар Германиядан, Австриядан әкелінген.

ERM_5196

– Ол құрылғылармен жұмыс жасау үшін арнайы мамандар оқытылып, дайындалған. Қазір өндірісте бес жүзге жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорын толық қуатына көшіп, екі ауысымда жұмыс жасағанда 1200 адам жұмыспен қамтылады. Үй құрылысы комбинатының жаңа заманғы жоғары технологиялы стандарттармен жасалған үй қабырғалары және басқа өнімдерін пайдалана отырып, көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын бұрынғысынан екі-үш есе жылдам салуға болады, – деп түсіндірді Елбасыға «GLB» ЖШС Бас директоры Жанна Бектемiрова.

ERM_5368

Президент Нұрсұлтан Назарбаев индустриалды парктегі «Тұлпар-Тальго» зауытына барғанда жаңадан құрастырылған вагондарды аралап, сапасымен жете танысып шықты. Бұл вагондардың бұрынғысынан өзгешелігі – оның ауқымы кеңейтілген, биіктігі де бұрынғысынан сәл жоғары. Соның нәтижесінде купелер де, әжетхана және басқа бөлмелер де кеңіген. Бұрын жолаушылар оның тарлығына, ыңғайсыздығына көп шағым айтатын. Енді оның бәрі ретке келген сыңайлы. Биыл жыл аяғына дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясы осындай 149 кең вагондарды қолданысқа енгізгелі отыр. Сапасы анағұрлым жақсарған вагондар 50-60 градус аязға да шыдамды.

ERM_5375

– Зауыттың жұмысымен жақын танысып шықтым. Барлығы да талапқа сай. Индустриалды парк өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жүретін «Тұлпар-Тальго» пойызы бұрын үш күн жүретін жолды екі-үш есеге қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Вагондардың іші кең, жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Жолға кететін уақыттың қысқаруы экономикамызға да өте пайдалы, – деді Мемлекет басшысы.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button