Таным

ЕЛБАСЫ және АТА ЗАҢ

«Еуразия жүрегінде», «Ой бөлістім халқыммен», «Қазақстан жолы», «Өзекжарды ойлар», «Ғасырлар тоғысында», «Бейбітшілік кіндігі», «Тәуелсіздік белестері», «Тарих толқынында», «Туған елім – тірегім», «Қалың елім, қазағым», «Әділеттің ақ жолы»… Мұның бәрі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламынан туған туындылар. Бұл кітаптарда тоталитаризмнің тас құрсауында болған қазақ жұртының кермек тынысы мен қорғасындай ауыр күрсінісі бар-ды. Содан кейін, еркіндіктің дәмін сезінген халықтың тау қопарарлық серпіні мен ілгерілеу қадамдары айшықталған. Бұл кітаптарда айбыны биік Ата Заңымыздың үні, Алатаудан Арқаға асыққан Астана көшінің айқыш-ұйқыш ізі, азат елдің арайлы таңы мен күні және бар…

«Ғасырлар тоғысындағы» қарекет

Тәукенің «Жеті жарғысынан» бастау алған Ата Заң егемен елдің Конституциясымен жалғаспады ма?.. Мерейлі күні сол егемен елді 2030-дың шыңына жетелеген Елбасы кітаптарын тағы да парақтағанбыз. Көңілге түйген ой көп, көкірекке түскен сәуле сарай ашады, көз алдымызға келе қалған суреттер әсерлі, жан толқытады.
Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заңның шым-шытырық жазылу тарихы жайында, түрлі кедергілер мен талас-тартыстар турасында негізінен «Қазақстан жолы» мен «Ғасырлар тоғысында» кітаптарында кеңінен тоқталыпты. Соңғысының «Жол айрығында» тарауындағы мына жолдар қазақ Конституциясының оңайлықпен жазылмағандығын, қалай қабылданғандығын айғақтайды. «Мен экономикалық реформаларға керекті заңдарды қабылдайтын мәжілістердің көбіне қатыстым. Оларды көп адамдар түсінген де жоқ, қабылдағылары да келмеді. Маған Қазақстан Конституциясының ұлтымыз бен рес­публика халықтарының мүдделерін қозғайтын әрбір бабы бойынша сөйлеп, қандай да болмасын бір бағытқа біржақты бұрылып кетпеуге күш салуға тура келді.
Алғашқы Конституция сондай қызу талас үстінде қабылданды. Мені, әсіресе, жер, тіл, біздің мемлекетіміздің сипаты мәселелерінің қалай шешілетіндігі қатты толғандырды. Дегенмен де, кеңестен кейінгі кезеңдегі парламенттік екі шақырылым бәріміз үшін де қоғамды демократияландырудың үлкен мектебі болды. Бәлкім, кемшіліктерден құралақан емес шығар. Алайда, Қазақстан мемлекеттігінің негізін салған шешімдер қабылданды. Бұл – саяси мәміле мектебі еді» дейді. Сонымен қоса, «…Парасат жеңіске жетті. Жоғарғы Кеңес өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға қатардағы депутаттар бастамашы болды. 360 депутаттың 200-і өз өкілеттігінен бас тартпайтындықтары жайында арыз берді. Кеңестік жүйенің күйреуі Жоғарғы Кеңесті өзін-өзі таратуға мәжбүр етті.
Парламенттің ол құрамы жекелеген кемшіліктеріне қарамастан, тәуелсіз Қазақстан тарихында үлкен қызмет атқарды. Ең бастысы – егемен мемлекеттің ең бірінші Конституциясы қабылданды. Ол – тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңіндегі, сөзсіз, саяси-құқықтық жетістігіміз еді» деп бір тоқталады «Ғасырлар тоғысында».
Мемлекет басшысы Ата Заңды жазуда өзіне көмектескен азаматтардың да атын атап, ризашылығын білдіріпті. «Олар: Нағашыбай Шәйкенов – заң ғылымдарының докторы, профессор; Бауыржан Мұхамеджанов, Константин Колпаков – заң ғылымы кандидаттары. Заңның әр түрлі салаларының мамандары. Әрқайсысы өз тарауларын зор жігермен жазып шықты» деп ойын жалғайды.

«Қазақстан жолындағы» қадамдарнемесе екі рет түлеген бас құжат

Айта кетерлігі, Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі екен. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана бозбала жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл – аз мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Көп зерттеушілер Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік елу конституцияның бірі екенін айтады. Бұл біздің Ата Заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.
Тарихқа сәл кері шегінсек, тәуелсіз Қазақстанның ең басты қадамы Конс­титуцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында былай жазады: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын». Иә, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы қабылданған алғашқы Конс­титуция біздің тарихымыздағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Мұның мәні мен маңызына келсек, негізгі құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болатын. Оның біріншісі – мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншісі – экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншісі – жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншісі – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата Заңда көрсету. Елбасы еңбектеріндегі жолдарға сүйенсек, жоғарыда қамтылған төрт мақсатты шешіп беретін баптар әуелгі Конституцияның жобасында барынша қамтылмаған. Президент бұл ретте тұңғыш Конституция жобасы әуелден-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ қалғанын жазады. Сөйтіп, уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына қарай, бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан, араға екі жыл салып, 1995 жылы қазіргі Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Мемлекеттігін айқындаған Ата Заң екі қайтара түледі. Өйткені, тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын.

Ата Заң авторы – Назарбаев

Күні кешегі тарихи оқиғаларға жүгінсек, жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылған. Президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар көптеген әлем елдерінің конституция­ларын, әсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандарын мұқият сараптаудан өткізген. «Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бесжылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституция­ны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проб­лемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді. Иә, кейде біздің шешімдеріміз жартыкеш, ымырашыл сипатта да болды. Кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілетін. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін» деп жазады Елбасы кітабында. Сосын, 1994 жылы өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа Конституцияның жобасын тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата Заңымыздың негізін қалаған еді. Ендеше, 1995 жылы қабылданған Конституцияның да басты авторы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев деп толық сеніммен айта аламыз.
Шындығында, 1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Ата Заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конс­титуция. Бүгінде айтылып жүрген ресми мәліметтерге сүйенсек, бас құжатты талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1100-і конс­титуция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол», «Ғасырлар тоғысында» атты кітаптарында егжей-тегжейлі жазады. «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан, кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек» деген.
Қазіргі һәм өмір бойғы бас­ты міндетіміз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану, құрметтеп, қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button