Басты ақпарат

Елбасы және қарудан азат әлем

Тұңғыш Президент күніне орай Нұрсұлтан Назарбаев Қоры және Әлемдік экономика және саясат институты бірлесе отырып халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық диалогты қайта бастау мәселелері бойынша халықаралық онлайн конференция өткізді. Бұл жиын Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы қарашада Астана клубының 5-ші отырысы барысында жария еткен ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын (ЖКА) құру идеясын ілгерілетуді мақсат етті.

Конференцияда Астана клубының Консультативтік кеңесінің жетекші мүшелері, сондай-ақ сыртқы саясат және ядролық қауіпсіздік мәселелері саласындағы бірқатар көрнекті әлем саясаткерлері мен сарапшылары сөз сөйледі. Олардың ішінде: МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры (1997-2009), 2005 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеи, Финляндияның экс -президенті (2000-2012) Тарья Халонен, Мадрид клубының президенті, бұрынғы Словения президенті (2007-2012) Данило Тюрк, Ауғанстан Ислам Республикасының экс-президенті (2004-2014) Хамид Карзай, «Ядролық қаруды жою жөніндегі халық­аралық науқанның» атқарушы директоры (ICAN), 2017 жылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Беатрис Фин, Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің вице-президенті (CFR) Джеймс Линдси, Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің (РХІК) бас директоры Андрей Кортунов, Халықаралық бейбітшілік институтының (IIP) вице-президенті, БҰҰ Бас хатшысының экс-орынбасары Ангела Кейн, норвегиялық Нобель комитетінің мүшесі Асле Тойе және басқа да беделді сарапшылар бар.

Тұңғыш Президент – ­Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев онлайн-басқосуға қатысушыларға бейнежолдауын жіберіп, конференцияның негізгі спикері болды. Елбасы өз сөзінде ел Президенті қызметін атқарған кезінде саналы түрде сыртқы саяси қызметінің едәуір бөлігін ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу идеясына арнағанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның осы бағыттағы үлесіне, атап айтқанда, «тәуелсіздікке қол жеткізе отырып, Қазақстан ғаламшардағы қуаты бойынша төртінші ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартқанына» тоқталды. Тұңғыш Президент «тарих бұл қадамның дұрыстығын растады – біз өзіміздің батыл үлгімізбен прогресс пен өркендеу жолында бейбіт жолмен жүруге болатындығын көрсеттік» деп атап өтті. Соңынан конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде: «Сіздер мен сияқты жаппай қырып-жоятын қарусыз әлемге ұмтылу идеясын сөзсіз қолдайтын танымал саясаткерлер мен беделді сарапшыларсыз. Әрине, бұл жол оңай болмайды және мұнда айтарлықтай кедергілер бар. Бірақ Теодор Рузвельт айтқандай: «Сіз қолыңыздан келетініне сенсеңіз, мақсатқа жетелеген жолдың жартысына жеттіңіз». Осыған орай, ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін Жаһандық көшбасшылар альянсын құру туралы менің бастамамды қолдағандарыңыз үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін. Бүгін біз қабылдаған ашық үндеу – бұл бағыттағы алғашқы практикалық қадам болып табылады» деді.
Конференцияны ашып, сөз сөйлеген Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан ­Гранофф Елбасының жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы рөліне тоқталып, былай деді: «Өз басым мұндай ауқымдағы шараға шақырту алу мен қатысуды зор мәртебе деп санаймын, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл мәселедегі ең маңызды артықшылығы – іс-әрекетке негізделген моральдық беделі». Соңында Дж. Гранофф Жаһандық көшбасшылар альянсын құру бастамасы үшін Елбасына алғыс білдірді. Ол: «Біз адамзатты соғыс қаупінен біржола арылту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұдан маңызды мақсат жоқ» деп сөзін түйіндеді.
МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры, әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеи ­Елбасы бастамасының табысты жүзеге асатынына сенім білдіре отырып: «Президент ­Назарбаев айтқандай: «Сене білу – бұл жарты жолдан өту», біздің барлығымыз осыған сенеміз деп ойлаймын» деді. Беделді саясаткер Тұңғыш Президенттің ядролық саладағы барлық бұрынғы жобалары мен бастамаларының қажеттілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақстанның 2019 жылы жұмыс істей бастаған МАГАТЭ-нің төмен байытылған у­­ран банкін өз жерінде орналастыру ұсынысы бүкіл әлемдік қауымдастық үшін маңызы зор оқиға болды».
Нобель сыйлығының тағы бір лауреаты, «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның» (ICAN) атқарушы директоры Беатрис Фин Қазақстанның Ядролық қаруға жан-жақты тыйым салу туралы шартты ілгерілетудегі ерекше рөлін айқындады. Осы тұрғыда ол: «Осы Шартты күшіне енгізу процесіне қатысатын жетекші елдердің бірі бола отырып, Қазақстанның осы шарт бойынша жасаған ауқымды жұмысын тағы да бір рет атап өткім келеді» деп мәлімдеді.
Жиында сөз кезегін алған норвегиялық Нобель комитетінің мүшесі Асле Тойе ­Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі делдалдық рөлінің негізгі маңыздылығын еске салды.
«Менің ойымша, ­Қазақстан ұсынған мәселелердің маңызы зор. Бұл елдің мұсылман әлемі мен Батыс, Ресей мен Қытай арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етуге дайындығы көңілге үміт ұялатады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болған кезде біз бұған көз жеткіздік» деді Асле Тойе.
Халықаралық бейбітшілік институтының (IIP) вице-президенті, БҰҰ Бас хатшысының экс-орынбасары Ангела Кейн Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету кезінде аса маңызды рөл атқарғанына назар аударды. Сарапшы Қазақстан басшылығы бұл мәселені қолдамаса, ­Нұрсұлтан Назарбаевтың мықты саяси және моральдық беделі болмаса, жаһандық деңгейдегі мәселенің шешімін табуы мүмкін болмайтынын айтты.
Конференцияға қатысқан сарапшылардың сөздерін қорытындылаған Мадрид клубының президенті және Словенияның экс-президенті Данило Тюрк: «Қазақстан – салыстырмалы түрде шағын ел бола тұра басынан бастап батыл дипломатиялық бас­тамасының арқасында тәуел­сіздікке қол жеткізген мемлекеттің тамаша үлгісі, осыны бағалаған жөн» деп атап өтті.
Конференцияда Ұлыбританиядағы танымал «FIRST» баспасы шығарған Британ-
Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудманның «Ұлт атасы: Әлем адамы. Көшбасшылық тарихы» кітабының тұсаукесері жасалды. Автор өз еңбегінің тұсаукесерінде: «Мен Тәуелсіздік алғаннан кейін бірден Қазақстанға алғаш рет келіп, Тұңғыш Президенттің басшылығымен ел басынан өткерген шын мәніндегі ерекше өзгерістерге куә болдым» де мәлімдеді. Ол Нұрсұлтан Назарбаев «ядролық қарусыз әлемнің нағыз қорғаушысы» болып табылатынын жеткізді. «Осы кітапты жаза отырып, мен бұл шын мәнінде ядролық сынақтарға байланысты өз халқының басынан өткерген қорқынышты тәжірибесі бүкіл адамзат үшін ескерту сигналы болуы керек деп сенетін адамның шынайы миссиясы екенін түсіндім. Бұл хабарлама, менің ойымша, қазір өткен конференцияның барысында тағы бір рет анық және айқын айтылды» деп қорытындылады сөзін Руперт Гудман.
Астана клубының Консультативтік кеңес мүшелерінің Жаһандық көшбасшылар альянсы жұмысын әрі қарай қолдау қажеттілігі туралы әлемдік көшбасшыларға арналған Ашық үндеуін (Open Call) қабылдауы конференцияның басты қорытындысы болды. Осылайша, қатысушылар құрамының деңгейі мен пікірталас сапасы бойынша өткен конференция 2020 жылы антиядролық саладағы ең елеулі әлемдік іс-шаралардың біріне айналды.
Бұл конференция ­Қазақстанның Тұңғыш ­Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаевтың орасан зор халықаралық беделін, оның бастамалары әлемде кеңінен қолдауға ие болғанын тағы да бір рет растап, ядролық қарудан азат әлем құру мәселесін жаһандық деңгейде ілгерілетуге ықпал етуге себепкер болды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button