Басты ақпарат

Елбасының құттықтауын жеткізді

Еліміздің әр аймағынан келген жастардың жолы елордада түйісіп, олардың арасында шаңырақ көтеретіндері аз емес. Солардың бірі – Айдар мен Айнагүл Сүлейменовтер.

Кеше жас жұбайлар Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың қабылдауында болды. Айтуларынша, Айдар «ЭКСПО» көрмесінде жұмыс істеген. Айнагүл көрмені тамашалауға келсе де, бір-бірімен жолықпапты. Кейіннен әлеуметтік желіде хат алмасып, бір үйде тұратындарын білген. Содан көп ұзамай жастар көңіл қосып, жұптасуға уағдаласқан. Үйлену тойының алдында күйеу жігіт Мемлекет басшысының батасын алуды мақсат тұтып, қаңтарда Ақордаға электронды хат жолдап, үйлену тойына Президентті де шақырыпты.
– Бұл менің идеям болды. Осы күннің мәңгіге есте қалғанын қаладым. Біріншіден, екеуміздің де әкеміздің көзі тірі емес. Сол себепті ұлы адамдардың батасын алсақ, нұр үстіне нұр болар деген ой келді. Бізді байланыстыр­ған Астанаға рақмет. Осылайша отбасын құ­рып, елордада өмір сүріп жатқанымызға өте қуаныштымыз, – деді Айдар Сүлейменов.
Бақыт Сұлтанов жас жұбайларға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын табыстады. Қала басшысының айтуынша, Елбасы жас жұбайлардың шақыру хатын ыстық ықыласпен қабыл алып, Айдар мен Айнагүл Сүлейменовтерді отбасылық өмірге қадам басуларымен құттықтаған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қос ғашыққа зор денсаулық, бақыт пен жарқын болашақ тілеген екен.
– Сіздерді қала тұрғындары атынан заңды некелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Осы жылды Елбасының «Жастар жылы» деп жариялауы – сіздер сияқты азаматтарға деген артылған үміт пен мүмкіндік. Сіздерге татулық пен бақ-береке тілеймін! – деді Бақыт Сұлтанов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button