Тәуелсіздікке 30 жыл

Елбасының рөлімен танылды

Бүгінде Тәуелсіздіктің құрдастары әртүрлі салада еңбек етіп, ел дамуына еселеп үлес қосуда. Солардың ішінде театр сахнасында жүргендері де баршылық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрдың актері, тәуелсіздік құрдасы – Әбілмансұр Серіков.

[smartslider3 slider=1465]

Тек театрда ғана емес, кинода да атын қалыптастырған Әбілмансұр өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі Әбунасыр Серіков – белгілі әзілкеш, актер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Ал анасы Лиза Серікова – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы. Әке ізін жалғаған Әбілмансұр 10 жасынан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жасөспірімдер және балалар театрының сахнасына шыққан. Алғашқы рөлі – драматург М.Қабанбайдың «Жиһангез Тити» ертегісіндегі бас кейіпкер Тити. Кино саласына 6-сынып оқып жүргеннен бастап кіріскен. 2009-2013 жылдары Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқуға түсіп, «Театр және кино артисі» мамандығы бойынша тәлім алған.

Ол жастығына қарамастан  театр мен кино саласында едәуір жетістікке жетті. Атап айтқанда, 2015 жылы Мәскеуде өткен «Золотой Витязь – 2015» халықаралық театр форумында «Тыраулап ұшқан тырналар» спектакліндегі Пернебек рөлі үшін «Алтын диплом» иегері атанды. Содан соң «Сахнагер-2017» тұңғыш ұлттық театр байқауында «Үміт» аталымымен марапатталды. 2020 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды. Сондай-ақ ол бірнеше кинофильмде: 2009 жылы «Біржан сал», 2011 жылы «Балалық шағымның аспаны», «Жаужүрек мың бала», 2014 жылы «Вопреки всему», «Одноклассники: Комок», «Сұрбойдақ», «Жедел жәрдем 2», «Ұлжан», 2015 жылы «Несломленный», «Кеңесшілер», «Махаббат көктемі», «Жібек», «Таңдау», 2016 жылы «Сүйе білсең», «Ва-Банк» секілді киножобаларда шебер ойнаған.

Кейіпкеріміз «Балалық шағымның аспаны» фильмінде Сұлтан рөлі арқылы дүйім жұртқа танылды. Биографиялық фильмде Елбасының рөлін жоғары деңгейде сомдап, ел ықыласына бөленді. Дәл сол жылы Ақан Сатаевтың үздік туындыларының бірі «Жаужүрек мың бала» фильміне түсті. Тәуелсіздік құрдасы Әбілмансұр Серіков есімі жастар арасында танымал. Жақында шыққан «5:32» фильмінде басты рөльдердің бірін сомдады.

«Актер ой адамы болады» дейді француздар. Біз бүгін тәуелсіздікпен қатар өрбіген жас таланттың өміріне тоқталдық. Орда бұзар отыз жасында халықтың сүйіктісіне айналған абзал жанға ақ жол тілейміз!

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button