Елде қанша соғыс ардагері бар

Елімізде екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, әлеуметтік төлемдеріне қарамастан, ай сайын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәлім етті.
— 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғысының 111 ардагері, сондай-ақ Ұлы Жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы 41 468 ардагер тұрады, — деді Олжас Анафин елордада өткен ардагерлер кеңесінің республикалық пленумында.
Олардың ішінде:
— Кәмелетке толмаған концлагерь тұтқындары — 134 адам;
— Қоршаудағы Ленинград тұрғындары — 66 адам;
— Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері — 2 адам;
— Екінші дүниежүзілік соғыста мүгедек болып, өмірден өткен ардагерлердің жұбайлары — 1667 адам;
— Тыл ардагерлері — 39 588 адам;
— Басқа санатта — 11 адам.
— Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, әлеуметтік төлемдеріне қарамастан, ай сайын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері — 16 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 62 912 теңге, — дейді вице-министр.
Айта кетсек, биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ел аумағында екі мыңдай іс-шара өтеді.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай елордада өтетін әскери шеру барлық республикалық телеарна мен LED экрандардан тікелей көрсетіледі.
Бүгін елордада «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің III пленумы өтті.