Елдегі демалыс па, шетелге саяхат па?
Жылына бір келетін жаздағы жұмыс демалысын жанға жайлы әрі қолжетімді бағада өткізгенді бәрі де қалайды. Қауырт тірліктен алыстап, бой жазып, күш-қуат жинап келуді ойлайтын қазақстандықтар арасында шетелге жылда, тіпті жиі баруға жағдайы жететіндер де бар, ал жетпейтіндері олардан көп. Сол жетпейтіндері немесе «өз ақшамыз өзімізде қалсыншы» деген патриоттық сезімі бар жандар отандық туризмді таңдағанда, керісінше, ел ішіндегі қызмет құны өзге елге саяхат бағасынан көтеріңкі, ал сапасы әлдеқайда төмен болып шығады. Сөйтіп «одан да сол ақшаға неге дұрыстап демалып, әрі шетел көріп келмеске» деп шешім қабылдайтындар көбейеді.
Оlx сайты сарапшыларының деректері бойынша қазақстандықтардың көбі сыртқы туризмге 1 млн теңгеден аспайтын соманы, ал ел ішіндегі демалысқа 300 мың теңгеден көп емес ақшаны жұмсауға дайын. Сауалнама нәтижесінде оған қатысушылардың 25 пайызы Қазақстанда демалатынын, ал 17 пайызы шетелге баратынын айтқан. Шетелге бармайтындардың 83 пайызы жазда елді туристік жолдамамен аралағанды жөн көрген. Ал шетелге кетуді көздегендердің 40 пайызға жуығы Түркия, БАӘ, Египет және Таиланд елдерінде демалуды таңдаған. Ел ішіндегі туристер көбіне Алакөлге, Бурабайға, Балқашқа баруды жөн санайды.
Былтыр Қазақстандағы қонақ үйлерге 515,9 мың турист келген. Бұл – өте төмен көрсеткіш. EnergyProm сарапшыларының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстандағы ішкі туризмнің дамуын тежеп тұрған мәселе –инфрақұрылымның жоқтығы. Жолдан да басқа мәселесі көп туризм саласына бөлінген қаржы да оларды шешуге әсер ете алмай отыр. Бұған туристік қызмет көрсететін субъектілердің талаптарды сақтауын мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі бақылаудың жоқтығы бір себеп. Осы орайда сарапшылар туристік қызметтерді цифрландыру мен интернеттің әлсіздігін, негізсіз бағасын көтере беретін қонақ үйі инфрақұрылымының жеткілікті деңгейде дамымай отырғанын сынға алады.
Бағаға сапа сай емес
Толып тұрған жарнамаларға көз салсақ, Алматыдағы санаторийлердің бірінде 7 күнде демалуға 800 мың теңгеден көп ақша сұрайды. Бұл қаржыға ыңғайлы сәтті аңдып отырып, Мальдив аралдарына жеңілдікпен жолдама сатып алуға болады. Оған ұшақ бағасы, сақтандырудан бөлек, үш мезгіл тамағы да кіреді. Мұндай жағдайда елдің көбі шетелде демалу нұсқасын таңдайтыны айдан анық.
Елорда маңындағы Жібек жолы ауылында орналасқан мейрамхана – қонақ үй кешенінің коттеджіндегі екі адамдық стандарт бөлмені бір күнге жалдау бағасы – 30 мың теңге, бұған таңғы ас кірмейді, бассейні демалыс күндері ересектерге – 10 мың, балаларға – 6000 теңге, беседкалары 6 адамдық түрі 6 мың теңгеден келеді. Осы кешеннің тек бассейніне барған елордалық Гүлбану Әниятқызы қызмет сапасына көңілі толмағанын айтады.
– Астана іргесіндегі бассейн. Бағасы удай. Үш бассейн бар деген. Біреуі осы, біреуі істемейді, тағы біреуі кішкентай ғана бірдеңе. Асханасы да онша емес, бағасына татымайды. Көрші үстелдегілер пиццасы шикі деп қайтарып жатты. Ееех, қашан тек ақша табуды ғана емес, жақсы қызмет көрсетуді де үйренер екенбіз, – деп жазады ол өз инстаграм парақшасында. Былтыр осы аталған екі қалаға 600 мыңнан астам турист келіпті. Соның ішінде 220 мың турист елордаға ат басын бұрған.
Қазақстандықтар ең жиі баратын үш ел – Түркия, Египет, БАӘ-де шетелдік туристердің ағынын реттеп қана қоймай, осы салада баға саясатына ықпал ете алатын арнайы министрліктер немесе басқармалар жұмыс істейді екен. Бізге де осындай бір реттеуші мекеме керек-ақ. Әйтпесе, қазіргі таңда елдегі туризм саласы жүйелі даму жолына түсе алмай, қордаланған мәселелердің шешімі табылмай отыр. Тағы бір мәселе – отандық туризм бойынша қонақ үйлерде тұру қымбат әрі қашықтан брондау мен төлем жасау мүмкіндігінің жоқтығы шетелдік туристердің ағынын азайтуға әкеп соғады.
Шетелдегі демалыстың сапасы жақсы болғанмен, бағасы да соңғы уақытта артып келеді. Мәселен, түрлі саяси жағдайларға байланысты, инфляцияның күшеюі, азық-түліктің қымбаттауы және ресейлік туристердің ағылып келуінен былтыр Түркиядағы саяхатқа жолдамалар қымбаттап кеткен. Қазақстандықтар биыл бұл елдегі демалыс арзандай ма деп үміттенген еді. Бірақ қазіргі сәтте Анталияда екі адамның демалысы 1 млн теңгеден басталады. Ақша көп шығындамай демалатын жердің бірі – Египет, бұл елге былтыр 14,9 млн турист саяхаттаған. Теңіз көріністері, тәулік бойына үзілмейтін дәмді асханалары – елдегі саяхаттың басты артықшылығы. Египетке екі адамдық саяхат 9 күнге 750 мың теңгеге шығады. Ал Дубайда 769 қонақ үй бар. Соның 300-ден астамы ғана 4 және 5 жұлдызды, қалғандары – бюджеттік апартаменттер. Маусымның басында БАӘ-не екі адамға жолдама 730 мың теңге болған. Бұл да Қазақстандағы демалыстан әлдеқайда тиімді.
Отандық туризм оңала ма?
Отандық туризмді дамыту мәселелеріне биыл Үкімет басшысы Олжас Бектенов арнайы отырыста тоқталды. Ол Жетісу, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары туристік әлеуетін жүзеге асырмай отырғанын сынға алды.
– Шығыс Қазақстандағы туристік нысандар мен Алакөл, Балқашта сапалы жолдар мен кіреберіс жолдар, көрнекі орындар жанында автотұрақтар, кемпингтер мен демалыс орындары жоқ. Туристер демалыс аумағының көрінісі сұрықсыз екенін, жайлылық пен қарапайым санитарлық тазалықтың жоқтығын алға тартады. Мұның бәрі еліміздің беделін түсіруге әсер етеді. Туристік аймақтарда инфрақұрылымды дамытып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай туғызу керек, – деді ол.
Сонымен қатар ол нарықтағы бәсекелестіктің төмендігі туристік бизнес өкілдерін сервисті жақсартуға ынталандырмайды, керісінше бағаны одан сайын көтеруге ықпал етеді деді. Туризмді ұйымдастырушылар жергілікті халық бәрібір демалуға келеді деп қызмет сапасын арттыруға талпынбайды да. Сонымен бірге қазақстандық такси жүргізушілерінің мәдениетсіздігі беделімізді түсіріп отыр, олар Қазақстанға енді жеткен туристерге тиісіп, одан қалды таксимен жеткізу құнын екі есе көтеріп жібереді. Ел ішінде де азаматтар әдемі орындарға жетуде ұйымдастырылған көліктердің жоқтығынан ішкі туризм дамымай отыр. Осыған орай Үкіметте елдегі кіші авиацияны реттеу ұсынылды. Бұл міндетті О.Бектенов көлік министрі Марат Қарабаевқа тапсырды.
Қазақстандағы туризмнің оң жақтары дегенде көбі елде тамақтану орындарының көптігін, туристердің топырлап жүрмейтінін, халықтың қонақжайлылығын айтады. Дегенмен кемшіліктері бәрібір артықшылықтарынан басым түседі. Соның ішінде ең бірінші кезекте айтылатын кемшілік – қызмет сапасына бағасының сай келмейтіні. Одан кейінгі орында лас орындар, жолдың нашарлығы, қоғамдық әжетханалардың жиіркенішті түрі, қызмет көрсету сапасының төмендігі айтылады. Мұндай мысалдар еліміздің қай жерінде болмасын туристік нысандарға байланысты жиі сөз болады.
ӘЖЕТХАНА МӘСЕЛЕСІ ӘЛІ БАР
Мәселен, әжетхана мәселесі Астана мен Зеренді демалыс аймағы арасында бар екеніне жақында өзіміз де куә болдық. Демалыс аймағына жеткенге дейінгі 4,5 сағаттық жолда автобус екі рет тоқтайды, аялдаған жерлерде бір заманауи және бір кірпіштен соғылған сырттағы әжетхана бар. Жазда ерсілі-қарсылы ағылған ел осы жерге тоқтайтындықтан, адам қарасы көп. Олар ұзын-сонар кезекке тұрып, әжетхана есігін күзетіп әлек болды. Ал уақыты мен шыдамы жетпегендер сол тұстан әрірек тұрған орман арасына барып, қажеттілігін өтеуде. Нағыз табиғи таза орын саналатын орманның бергі шетіндегі бұталар арасы нәжіс сасып, қағаздан көрінбейді. Кірпіш әжетхананың да айналасы мүңкіп, жиі тазаланбайтыны аңғарылады. Ал қол жуатын, нәжісті ағызатын суы бар жабық әжетхана тек бір орындық. Әжетхана мәселесі шешілмей, мұндай көріністер басқа да нысандарда қайталана беретіні анық. Бұл – ешбір елде туристер тартпақ түгілі, оларды енді келместей ететін жағымсыз жайттар.
Үкімет деңгейінде бұл мәселелер қаралып жүр. Отандық туризмді дамыту үшін ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №262 қаулысымен ҚР туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Сол құжатта инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялық әлеуетті кеңейтуге, көліктік қолжетімділікті арттыруға бағытталған шаралар кешені іске асырылатын болады. Сонымен қатар туристік қызметтер мен өнімдердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, қолайлы туристік жағдай жасау көзделеді. Тұжырымдаманы іске асыру қорытындылары бойынша 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 млн адамға дейін, келуші туристер санын 4 млн адамға дейін, қонақ үйлерді «eQonaq» ақпараттық жүйесімен қамтуды 100 пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда. Мәселелерді түгел қамтыған құжаттың орындалу сапасы қандай болары – уақыт еншісіндегі жайт. Әзірге жоғарыдағы келеңсіздіктерге бұған дейін куә болып, көңілі қалған ел бірдеңе қып ақша жинап немесе несие алып барса да демалыста шетел асып кетуді көбірек ойлап тұр.