Ел тынысы

Елдегі ірі реформалар мен өзгерістерге баға берді

Президентіміз жыл сайын елдегі ірі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, соның ішінде елге абыройлы «Егемен Қазақстан», биыл міне «Ana tili» газеттері арқылы жаңа жылда өзінің мақаласын жариялауды дәстүрге айналдырды. Міне, биыл «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» деген тақырыппен көлемді сұхбат беріпті. Бұл материалда ол елімізде соңғы 5 жылда атқарылып жатқан барлық үлкен реформалар мен өзгерістерге баға беріп, журналистің сұрақтарына жауап айтқан.

Сұхбаттағы мәселелер еліміздегі барлық саланы қамтиды. Әсіресе, бірінші қойылған «Өткен жыл несімен есте қалды?» деген сұраққа жауабында 2024 жыл еліміз үшін саяси жағынан болсын, мәдени жағынан болсын есте қаларлық дүниелерге толы болғанын жеткізді. Сонымен қатар өткен жыл соңғы 80 жылда болмаған табиғи апат – су тасқынымен де халықтың есінде қалды. Осы ретте Мемлекет басшысы су тасқынынан ел болып, елдігіміз бен бірлігімізді танытып қалай аман  шыққанымыз туралы ой-пікірін айтады. Сондай-ақ елімізде үлкен саяси саммитердің қалай өткеніне де тоқталып, сондағы үлкен мәселелерді көтереді. Халықаралық ірі жиындарда Қазақстан өзін табысты, беделі бар мемлекет ретінде таныта білгенін айтады.

Сұхбатта сонымен қатар Президент шетелге сапарлары, елдегі «Таза Қазақстан» жобасының маңызы мен мәніне де тоқталып өткен. Аталған акция тек бір мезгілдік іс-шара емес, жалпы болашақ жастарды тазалық пен парасаттылыққа тәрбиелеу құралы екенін жеткізген. Бұл акцияға 4 млн-ға жуық адам қатысып, 1,5 млн тоннадан астам қоқыс шығарылған. Жалпы табиғатқа жанашырлықпен қарау – ата-бабаларымыздан қалған дәстүр болатын. Соны ұмытып кеткен едік. Осы дәстүрге «Таза Қазақстан» арқылы Президентіміз шақырып отыр.

Бұдан бөлек ол «Қаңтар оқиғасына» да тоқталып, оның қалай пайда болғанын, халықтың арасында әр түрлі пікірлер қалыптаспас үшін Парламент деңгейінде екі рет отырыс өткенін айта келіп, бұдан сабақ ала білу керектігі туралы ойын айтады. Елде қордаланып қалған көптеген мәселелер осы оқиға кезінде айқын көрініс тапқанын жеткізді.

Президенттік қызметке келген күннен бастап «Әділетті Қазақстан» ұстанымымен жүргені туралы ойын айта келе, «Әділетті қоғам деген – құқықтық мемлекет» дейді. Шынында да құқықтық мемлекет дегеніміз не? Бұл лауазымына, діни наным-сеніміне, ұлты мен жынысына қарамастан азаматтардың бәрінің заң алдында бірдей болуы.

Бұл сұхбатта ол сонымен бірге Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер бойынша қандай заңдар қабылданғанына да тоқталды. Соның ішіндегі ең маңыздысы – әйелдердің құқықтары мен бала қауіпсіздігі туралы қабылданған заңды ерекше атап өтті. Сондай-ақ есірткіге қарсы күресте есірткі өндірушілерге қатысты заңды қатайту туралы да пікірін айтып өткен. Жастардың түрлі теріс жолға, бағыттарға түсіп кетуін, лудомания мәселесін де көтерген. Елдегі реформалар әлі де жалғаса беретінін, себебі оның мемлекет үшін маңызы зор екенін, мәселен, 2022 жылы маусым айында өткен референдум кезінде Конституция баптарының үштен бірі жаңарғанын және ол нәтижесін бере бастағанын да атап өтті.

Елдегі цифрландыру мәселесі де Президент сұхбатында назардан тыс қалмаған. Себебі бұл заман талабы ғана емес, қоғам дерті – сыбайлас жемқорлықпен күрестегі маңызды құрал екенін жеткізді. Қазір Қазақстан цифрландыру бойынша әлемдегі 180 мемлекеттің ішінде 124-орында тұрғанын мақтанышпен айтты. Осы арқылы біз көптеген күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік аламыз. Әсіресе, сыбайлас жемқорлықпен науқандық тұрғыда емес, жүйелі түрде күресуде бұл аса маңызды екенін айтты.

Мемлекеттік қызметтің, мемлекеттік аппараттың да рөліне тоқтала келе, «Мемлекеттік аппарат қызметінің деңгейін елде болатын төтенше жағдай кезінде байқауға болады» деді. Мемлекеттік аппарат өзінің қызметін су тасқыны кезінде жоғары деңгейде көрсете алғанын жеткізді. Дегенмен ол мемлекеттік аппараттың қоғамдағы реформаларды жүзеге асыруда әлде де болса батыл қадам жасау керектігіне де назар аударды. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің керек кезінде жауапкершілік танытып, керек кезінде шешім қабылдауы маңызды екенін тағы да тілге тиек етті.

Зұлпыхар Ғайыпов, 

Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button