#Жаңа Қазақстан

Елдегі сайлаушылардың 69,44 пайызы дауыс берді

Кеше Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс Президент сайлауында дауыс берудің алдын ала қорытындысы туралы брифинг берді.

– 2022 жылғы 20 қарашада өткен Президенттің кезектен тыс сайлауында дауысты санау нәтижесі туралы облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен Астананың сайлау учаскелеріне сайлаушының 69,44 пайызы келді. Сайлау комиссияларының хаттамасы негізінде 8 миллион 300 мың 46 адам бюллетень алды, – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Өңір тұрғындарының арасында саяси науқанға Жетісу, Қызылорда, Түркістан және Абай облысының тұрғындары белсенділік танытты. Бұл облыстағы сайлаушылардың 80 пайыздан астамы өз таңдауын жасады.

Жамбыл облысы сайлаушыларының 79,57 пайызы бюллетень алды. Сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының 79,49 пайызы сайлауға қатысса, Қостанай облысы – 79,28 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысы – 79,01 пайыз, Ақмола облысы – 78,87 пайыз, Қарағанды облысы – 78,39 пайыз, Павлодар облысы – 77,58 пайыз, Ұлытау облысы – 75,48 пайыз, Ақтөбе облысы – 72,81 пайыз, Алматы облысы – 72,10 пайыз, Атырау облысы 70,87 пайызды құрады.

Жалпы сайлаушыларының 70 пайызы саяси науқанға қатыспаған өңірдің арасында Батыс Қазақстан және Маңғыс­тау облысы ерекшеленді. Үш мегаполис Шымкент қаласы сайлаушыларының 59,79 пайызы, Астана қаласы 48,67 пайызы, Алматы қаласы 28,72 пайызы дауыс берді.

Әр аймақтағы халықтың саяси белсенділігін сайлауға қатысушылардың деңгейі арқылы саралауға әбден болады. Бұған алдағы уақытта арнайы тоқталатын боламыз.

Енді сайлау бюллетенінің 6 кандидатқа бөліну реттілігін саралайтын болсақ, 206206 сайлаушы Қарақат Әбденді қолдады. Бұл – жалпы сайлау­шылардың 2,60 пайызы.

Нұрлан Әуеcбаевқа 176116 сайлау­шы дауыс берді (2,22 пайыз), Жигули Дайрабаев 271 641 дауыс жинады (3,42 пайыз). Мейрам Қажыкен 200907 бюллетень (2,53 пайыз), Салтанат Тұрсынбекова 168 731 бюллетень (2,12 пайыз) алды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлаушылардың 81,31 пайызы сенім артты. Бұл – 6 456 392 дауыс берді деген сөз.

Ал сайлаушылардың 5,80 пайызы, яғни 460484 адам «Барлығына қарсымын» деп көрсетіпті.

Сайлау рәсімін Президентке кандидаттың 11 мыңнан астам сенім білдірген адамы, шет мемлекет пен халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардан 15,5 мың байқаушы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан астам байқаушы байқады.

Сондай-ақ сайлау учаскелеріне қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының 1225 өкілі, 23 елден 41 шетелдік БАҚ өкілдерін ұсынатын 106 аккредиттелген журналистер қатысып, сайлау барысын жариялады.

Нұрлан Әбдіров Президент сайлауының нақты нәтижесі қашан, қалай шығарылатынын түсіндірді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, аумақтық сайлау комиссиялары дауыстар саналғаннан кейін екі күн ішінде әр өңір бойынша хаттамалардың түпнұсқаларын жеткізуге тиіс. Биылғы 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауының қорытындылары Орталық сайлау комиссиясының отырысында бекітіледі, оны өткізетін күн мен уақыт қосымша хабарланады» деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы. Ол Орталық сайлау комиссиясы мен аумақтық сайлау комиссияларының атына келіп түскен ресми және барлық өтініштер заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатынын айтты.

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button