Саясат

Елді елең еткізген

БРАЗИЛИЯ ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТІН САЙЛАДЫ

Бразилия елінің жаңа басшысы болып Жаир Болсонару сайланды. BBC мәліметі бойынша ол сайлау­да 55,2 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті.

Сайлау барысында оның басты қарсыласы Фернанду Аддад 44,8 дауыс жинаған. Ол алдын ала дауыс беру нәтижесі анықталған соң оппозицияға кететінін мәлімдеді. Ал Жаир Болсонару болса алғашқы кезеңде де көш бастаған болатын. Жеңіске жеткен соң мемлекетті Інжіл кітабы мен конституция заңының талаптары бойынша басқаратынын жеткіз­ді. Жаңа президентті ұлықтау салтанаты 2019 жылдың 1 қаңтарында өтеді. Бразилияда мемлекет басшысы төрт жылда бір рет сайланады. Қазіргі уақытта бұл қызметті 2016 жылғы импичменттен кейін Мишел Телмер атқарып келеді.

ҰШАҚ АПАТҚА ҰШЫРАДЫ

Индонезияда Джакартадан Панкалпинанг қаласына бағыт алған Lion Air әуе компаниясының Boeing 737 MAX 8 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады.

Ұшақ әуеге көтерілген соң 13 минуттан кейін радар бетінен жоғалып кеткен. Көп ұзамай, Ява аралының батыс жағалауындағы теңізге құлап кеткені белгілі болды. RT мәліметі бойынша, оның бортында 181 жолаушы, 2 ұшқыш пен 6 экипаж мүшесі болған. Индонезия билігі ешкімнің аман қалмағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта құтқарушылар тобы 6 адамның мәйі­тін тапты. Әуе көлігі су астында шамамен 30-35 метр тереңдікте жатыр. Апаттың себебі әзірге белгісіз. Қазақстан Рес­публикасының Сырт­қы істер министрлігі оның ішінде қазақстандықтардың жоқ екендігін хабарлады.

СОЛТҮСТІК КОРИЯ ҚЫСПАҚТАН ШЫҒА МА?

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын 2019 жылы өз еліне салынған халықаралық санкция­лар күшін жоятынын мәлім етті.

Lenta агенттігінің хабарлауынша, солтүстіккореялық шенеуніктер мен мемлекеттік кәсіп­орындар қытайлық әріп­тестерімен серіктес­тік байланыс орнатуға қы­зығушылық танытып отыр. Қытай билігі Солтүстік Кореямен арадағы шекара бақылауын айтарлықтай әлсіреткен. Нақтырақ айтқанда, КХДР-ға жіберілетін жүк бұрынғыдай тексерістен өтпейді. Сол сияқты бұл ел қытайлық мамандарды электроэнергетика, жеңіл өнеркәсіп секілді салаларды дамытуға шақырмақ.
КХДР-ға халықаралық санкция алғаш рет 2006 жылы БҰҰ көлемінде салынған. Ал 2016 жылы АҚШ бұл шектеуді күшейте түскен.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button