Саясат

Елді елең еткізген

АҚШ ЕСКІ САНКЦИЯЛАРЫН ҚОЛҒА АЛДЫ

Ақ үй басшысы Дональд Трамп Иранға салған ескі санкцияларын толықтай қайта қолға алды. АҚШ-тың бұл елге қойған шектеуі 2015 жылы тоқтатылған болатын.

BBC агенттігінің хабарлауынша, енді Иран Батыс елдерімен бизнес жүргізе алмайды. Нақтырақ айтқанда, Вашингтон бұл елдің мұнайын сатып алуға толықтай тыйым салды. Сол сияқты энергетика саласына да шектеу қо­йылды. Ал Иранның орталық банкімен келісім жүргізген кез келген шетелдік компания Американың қаһарына ілігетін болады.
Американың жоспары бойынша мұндай халықаралық тыйымдар Иранның ядролық бағ­дарламасын тоқтатуына, сондай-ақ Сирия президенті Башар Асадтың қолдауынан бас тартуына септігін тигізеді.

ГИННЕСТІҢ КІТАБЫНА ЕНГЕН КИІЗ ҮЙ

Моңғолияның шеберлері жасаған алып киіз үй Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілді. Бұл туралы montsame басылымы хабарлады.

«Сэлнэн» компаниясының қызметкерлері да­йындаған киіз үй Моңғолияның шығысындағы Дорноговь аймағының Хатанбулаг ауылында құрылған. 36 қанатты киіз үйдің жалпы ауданы 1 мың шаршы метрді, ал биіктігі 14 метрді құрайды. Ол бір мезетте шамамен 500 адамды сыйдыра алады.
Көшпенділер үйі­нің басты ерекшелігі – моңғол xалқының дәс­түрлі дизайнымен сәнделген. Үлкен болғанына қарамастан, оның небәрі төрт бағанасы бар. Жаңа ғимарат шетелдік туристерді тарту мақсатында пайдаланылмақ.

ӘЛЕМДІК ТҰҢҒЫШ РОБОТ-ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ

Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясының Ханчжоу қаласында өтіп жатқан V дүние­жүзілік World Internet Conference конференциясы барысында тележүргізуші кейпіндегі жасанды интеллекттің қатысуымен алғашқы жаңалықтарды көрсетті.

«Тележүргізуші» Синьхуа жаңалықтар агенттігі мен Қытайдың ресми медиаөкілдігі және қытайлық Sogou.com іздеу компаниясының бірлескен жобасы аясында жасалды. IТ саласындағы ең жаңа технологиялар негізінде жасалған ер адам бейнесіндегі тележүргізушінің даусы да, бет-әлпеті мен қимыл-қозғалысы да адамнан айнымайды. «Ол» қазір өз бетінше хабар таратуға үйренуде. Ал мәтіндерді кәсіби жаңалық таратушы ретінде оқи алады. Сондай-ақ робот тележүргізуші ресми веб-сайтта және әртүрлі әлеуметтік желілерде 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеуге қауқарлы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button