Саясат

Елді елең еткізген

Грузия жаңа президентін сайлады

Грузияда президент сайлауы өтіп, оның қорытындысы бойынша Саломе Зурабишвили 59,52 пайыз дауыспен жеңіске жетті.

Сайлаудың екінші кезеңі сәрсенбі күні өтті. Орталық сайлау ко­миссиясының хабарла­уынша, Саломе Зурабишвилидің қарсыласы, оппозиционер Григол Вашадзе 40,48 пайыз дауыс жинаған. Осылайша Зурабишвилиді 1,1 миллионнан аса адам қолдаса, Вашадзеге 780 мың грузиялық жақтасыпты. Енді жаңа басшыны ұлықтау 16 желтоқсанға жоспарланып отыр.
Зурабишвили 1952 жылдың 18 наурызында Париж қаласында туған. 30 жылдан аса уақыт Францияның Ішкі істер министрлігінде қызмет етіп, 2003 жылы тарихи отанына оралған. 2013 жылға дейін Грузияда түрлі лауазымды қызметтерде болған.

Ең егде қария

Бразилияда 118 жасқа келген Жозе Феррейра дос Сантос есімді қария өмір сүреді. Ол қазір Итажуипи қаласында тұрады.

 Қарияның құжатында 1900 жылы 9 қарашада Барракан елді мекенінде туғаны көрсетілген. Daily Mail мәліметі бо­йынша оның жасы дә­лелденсе, жер бетінде ең ұзақ өмір сүрген адам болып саналады. Ал осыған дейін бұл тізімде Жапонияның 115 жастағы тұрғыны Канэ Танаки көш бастап тұрған.
Жозе Феррейра 58 жыл фермер болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта оның есімін Гиннесстің рекордтар кітабына енгізу үшін құжаттарын жинау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Ұшақ апатының себебі қандай?

 Индонезияда Lion Air компаниясына тиесілі Boeing 737 ұшағы апатқа ұшырап, 189 адам қаза болған. Араға бір ай салып мамандар апаттың басты себебін анықтады.

BBC басылымы ұшақ­тың биіктік пен жылдамдықты бақылайтын құрылғысы істен шыққанын хабарлады. Оның үстіне, аталған компания әуе кемесін осыған дейінгі проблемаларына қарамастан қолданыпты. Ал апатқа ұшырайтын күні авто­маттандырылған жүйе лайнердің тұмсығын 20 мәрте төменге қарай құлдилатқан. Ұш­қыш­тар ақаудың алдын алу­ға тырысқанмен, қол­дарынан ешнәрсе кел­меген.
Мұндай проблема Денпасардан Жакартаға шыққанында да байқалған. Механиктер жөндеу жұмыстарына кіріскенмен, аяқсыз қал­ған. Ал опат болғандар­дың туыстары Boeing компаниясының үстінен сотқа арыз берді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button