Саясат

Елді елең еткізген

АҚШ әскері Сириядан шығады

АҚШ-та ел әскерін Сирия жерінен шығару туралы шешім қабылданды.

CNN басылымы бұл қаулыға Пентагон басшысы Джеймс Мэттис қол қойғанын хабарлады. Өткен аптада бұл мәселені АҚШ президенті Дональд Трамп мәлім еткен. Ол бұл әрекетін Сириядағы экстремистік топтардың жеңілуімен байланыс­тырды. Алайда Мэттис ел президентінің бұл шешімімен келіспейтінін айтып, отставкаға кетті. Қазіргі уақытта Сирияда шамамен 2600 америкалық әскери бар.

Сұрапыл су тасқыны

Индонезияның батыс аймағындағы Зонд бұғазында су тасқыны болып, 334 адам қаза болды. Jakarta Post басылымының мәліметіне сәйкес, 3000-нан аса адам зардап шеккен.

Бұдан бөлек жүздеген үй мен ғимарат қирап, жарамсыз болып қалған. Ал 61 адамның із-түзсіз жоғалып кеткені белгілі болды. Цунами болардың алдында 5 балдық жер сілкінісі тіркелген. Бұған қоса өңірдегі Анак Кракатау жанартауы атқылаған. Бір өкі­ніштісі, Индонезияда табиғи апаттың жиі болатындығына қарамастан арнайы ескерту құрылғылары орнатыл­маған. Жақында су тас­қыны тағы да болуы мүмкін деген болжам да бар.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия басшысы Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Пластик қалдығынан жанармай өндіреді

Франциялық өнертапқыш Кристофер Кост плас­тик қалдықтарды жанармайға айналдыратын аппарат ойлап шығарды.

Бұл аппарат қоршаған ортаның ластануының алдын алмақ. Ол плас­тик қалдықтарын 450 градустық пеште қыздырғаннан кейін одан шыққан сұйықтықтың 65 пайызы дизельді, 18 пайызы бензинді, 10 пайызы газды, ал 7 па­йызы көміртекті құрайды. Өнертапқыштың айтуынша, бір килограмм пластиктен бір литр сұ­йықтық бөлінеді екен. Алдағы жылы француз маманы сағатына 40 литр жанармай өнді­ретін машина құрас­тыруды жоспарлап отыр.
Әлемде жылына 260 млн тонна пластик қалдықтары шығарылады. Оның 8 миллионы мұхиттарға түсіп, суасты тіршілігіне зиян тигізіп отыр екен.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button