Жаңалықтар

Елдік пен бірліктің ордасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел астанасының атауын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне орай Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Кеше елорда әкімдігінің ұйытқы болуымен «Елдік пен бірліктің елордасы – Нұр-Сұлтан» атты концерт өтті.

Концертке өнер жұлдыздарынан бөлек спортшылар, қала тұрғындары мен түрлі ұйымдардың, мекемелердің өкілдері қатысты. Олар іс-шара барысында бас қала атауының өзгеруіне қатысты өз ойларын білдірді.
– Елбасы егемендік алған уақыттан бастап спортшыларға деген қамқорлығын аяған емес. Астана атауын Тұңғыш Президентіміздің құрметіне орай өзгертілуін қолдаймын. Көп ұзамай жұрт Нұр-Сұлтан атауына үйренісіп кететініне сенімдімін, – дейді бокстан Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова.
Ал бас қаламызда былтыр ғана ашылған «Рыскелді қажы» мешітінің бас имамы Яхия қажы Абдоллаұлы қала, ел атауын беделді тұлғалардың атына өзгерту қалыпты жайт екенін айта келіп, мұндай үрдіске шариғат жолында еш шектеу қойылмағанын қозғап өтті.
– Мысалға, Сауд Арабиясының өзі тұңғыш басшысы Абдул-Азиз ибн Абдур­рахман Аль-Саудтың атына қо­йылған. Одан өзге де патшалардың, басшылардың атымен аталған қалалар, көше атаулары аз емес. Яғни ислам әлемінде бұған тыйым салынбағанын еске сала кеткен жөн, – деді имам.
Қала тұрғындарына арнап Дос және аға­йынды Жүгінісовтермен бірге сахнада өнер жолын енді бастаған әншілер ән шырқады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button