Мәдениет

Елдік пен ерлік ордасы

Былтыр жыл аяғында бас қалада ашылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейіне бас сұғуды біраздан бері жоспарлаған едік. Соның сәті жауынгер аталарымыздың майдандағы ерлігі ерекше әспеттелетін жеңісті мамыр айының алғашқы күндерінің біріне түсті. Музей залдарын аралағанымызда кеше мен бүгіннің арасындағы сабақтастықты байқадық. 

ERM_0001

ҰЛЫ РУХТЫҢ ҰЛАҒАТЫ
Мұнда тұлпарларының тұяғы Ұлы дала төсін дүбірге бөлеген ата-бабаларымыздың жорық жолдарынан бастап, өткен ғасырда ел басына күн туғанда соғысқа аттанған май­дангерлердің етігімен су кешкен кезеңдері қолмен қойғандай сайрап жатыр. Бүгінгі азат елдің айбыны мен айбарын асыратын жәдігерлер де жинақталған. Соның бәрін көзімізбен көріп, көңілді тоғайтып қайттық. Ерліктің даңқы өшпейді екен. Әу баста атаның қаны, ананың сүтімен бойға сіңген ұлы рух қиын күндері атойлап шығады. Ол ер мен ел намысы қатар түскенде анық көрінеді. Қазақ қазақ болып атанғалы да бұл рух сан рет бұлқынды. Елорданың көрікті жерінен орын алған ғимарат сол рухты сезіндіріп тұр. Ішіне еніп, шыққанға дейін соның әсерінен арылмайсыз.
Кіре берісте суретші Мұхит Қалимовтың «Әбілқайыр хан» атты картинасы хандық дәуірге қарай жетелейді. Онымен қатар орналасқан «Мәңгілік ел» атриумы бүгінгі ұлы мұрат­та­рымызды айғақтайды. Бұдан әрі қарай жүргенде «Мерзімді көрмелер» залына кіресіз. Мұндағы жәдігерлерді тамашалап, бейнеэкраннан беріліп жатқан көріністер арқылы Ұлы Отан соғысында ата-әжелеріміз көрсеткен ерлікке қанығасыз. Оның оң қапталында «Қазақстан Республикасы Қарулы Күш­терінің» залы орналасқан. Осы залда әскеріміздің бүгінгі күш-қуатына көз жеткізесіз.

????????????????????????????????????

АЛАШ ҰЛАНДАРЫНЫҢ МҰРАТЫ
Жоғарыға қарай көтерілгенде алдыңыздан «Көне заман ХІХ ғасыр» және «ХХ ғасырдың әскери тарихы» залдары шығады. Алғашқысында бес қаруы сай болған батыр бабаларымыздың найза, қылыштарына көз суарасыз. Мұндағы түрлі сызбалардан сол заманда шайқас жүргізудің тәсілдерін де біле түсесіз. Мәселен, қазақтың соңғы ханы, азаттық жолында басын бәйгеге тіккен Кенесары Қасымұлының атты әскері сапта қалай тұрғанын көресіз. «Жанды қамал» атты тактикалық тәсіл туралы естігендеріңіз бар ма? Мұны батырларымыз ХVІІІ ғасырда қолданған екен.
Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен аты шыққан аңыз тұлға Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» атты еңбегінде майдандағы тактикалық тәсілдер туралы айтылады. Соның бастауы жаугершілік заманда жатқан жоқ па деп ойланасыз. Әйтпесе, қазақ қолы Орбұлақ шайқасында 600 адаммен жаудың 50 мың әскеріне төтеп бере алар ма еді?! ХІХ және ХХ ғасырлар арасында осындай да сабақтастық бар сияқты.
«ХХ ғасырдың әскери тарихы» залына кіре берісте орнатылған электронды құрылғыда «Мемориал» сайты базасындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен жауынгерлердің тізімі берілген. Бұл залда өткен ғасырдағы аталарымыздың ерлік жолдары, Ауғанстан соғысының алапатын бастан кешірген жауынгер-интернационалистердің дерек­тері бедерленген.
«Қайтсек жұрт боламыз? Жауап біреу-ақ, әскеріміз болса ғана жұрт боламыз» деген екен халқымыздың арда ақыны Мағжан Жұмабаев. Ақын «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының мүшелерімен ниеттес, мұраттас болған. Осы қозғалыс көсемі Әлихан Бөкейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деп айтып кеткен. Осы жолда алашордалықтар әскер құрған. Қозғалыстың белсенді мүшесі Жүсіпбек Аймауытұлы «Ғаскер маршын» жазған. Залда осы өлең мәтіні мен әскердің ұйымдық құрылымына көз тоқтаттық. Ерекше назарымызды аударған «Оян, қазақ!» деп ұран салған Міржақып Дулатұлының тайжақысы болды. Музейдің офицер-экскурсия жүргізушісі Дәулет Қадыровтың айтуынша, бұл жәдігер ҚР Ұлттық музейінен уақытша алынған. Ал, бұл құнды мұраны кезінде Президенттік мәдениет орталы­ғының мұражайына Алаш ардақтысының қызы Гүлнәр Дулатова сыйға тартқан. Міржа­қыпқа бұл ішікті астана Орынбордан Қызылордаға көшіп келген 1925 жылы бір еврей ісмер тігінші арнайы тігіп берген екен. Содан ол тайжақыны 1928 жылы қамалып, айдалып кеткенге дейін үш жыл бойы үстінен тастамай, қадірлеп киген.

ERM_9923

ҰЛЫ ЖЕҢІС ЖАУЫНГЕРЛЕРІ
Келесі мүйіс Ұлы Отан соғысы тарихына арналған. Мұнда Кеңес Одағы батырларының тізімдері, халқымыздың батыр ұл-қыздарының фотосуреттері мен оларға қатысты құнды деректері жинақталған. Сол жерден Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сынды қазақтың даңқты перзенттерінің аяулы бейнелерімен жолықтық. Халық қаһарманы атанған қазақстандық майдангерлердің тізімдерін де қарап шықтық. Елбасы Жарлығымен сондай атақ алты майдангерге беріліпті. Аттарын атап, түстерін түстей болсақ, Бақтыораз Бейсекбаев, Хиуаз Доспанова, Қасым Қайсенов, Александр Капорин, Рақымжан Қошқарбаев және Сағадат Нұрмағамбетов. Залды аралап жүріп, сұрапыл жылдары Мәскеуді қорғап қалған Панфилов дивизиясының құжаттарын да көрдік.
Ұлы Отан соғысы жылдарында партизандық қозғалыс та үлкен күшке ие еді. «Партизандық қозғалысқа қатысқан қазақ­стандықтар» бөлімінен Қасым Қайсенов, Жұмағали Саин, Әди Шәріпов т.б. бұл қозғалыс жауынгерлерінің фотосуреттері орын алыпты. Осы қатардағы Нұрғаным Байсейітова есімі ерекше назар аударды. Қазақ қыздарының арасында Әлия мен Мәншүк, Хиуаз апаларымыздан басқа майданда ерлік көрсеткен апаларымыздың ерлігі көп айтылмайды. Ал, екінші дүниежүзілік соғыс тарихында індетіп зерттейтін осы тақырып болуы тиіс. Біз өзіміз үшін халқымыздың тағы бір батыр қызының есімін аштық. Бақсақ, Нұрғаным Байсейітова Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген екен. Жәнібектегі балалар үйінде тәрбиеленіп, орта мектепті бітіргеннен кейін Орал радистер мектебі мен 3-Мәскеу арнаулы мектебін аяқтаған. Бұдан соң Белоруссияда партизан отрядында радист болған. Кеңес Одағының Батыры, армия генералы С.Г. Жунин басқарған 8-бригада құрамында Варшаваға дейін жеткен. Сұрапыл соғыстан аман-есен оралып, елде қызмет еткен. 1998 жылы, 75 жасында дүниеден озған. Орал қаласында ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған.

ERM_0126

ШВЕЦИЯ МУЗЕЙІ ҚАНДАЙ СЫР ШЕРТЕДІ?
Музейдегі «ХХ-ХХІ ғасыр­дағы қару-жарақ» залында қарудың неше атасын көрдік. «Бейнелеу өнері» залында суретші Болат Қасымбеков кескіндеген «Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов» картинасын, белгілі суретші-кескіндемеші Евгений Сидоркиннің «Алпамыс батыр» графикасын, Қанат Нұр­батыровтың «Томирис», Бақытжан Әбішевтің «Әлия» мүсіндерін көрдік.
Ең жоғары қабатқа көтеріл­генде бойымызды бір үрей басты. Мұнда Швецияның Стокгольм қаласындағы Әскер музейінен жеткізілген «Өмір мен өлім арасындағы заттар» атты көрме орналасқан. Мұндағы көп жәдігерді швед жидашысы Торбьерн Ленског жинаған. Мұнда жауынгерлер өздерімен бірге алып жүретін фотосуреттерден бастап тұрмыста тұтынатын заттар қойылған. Мұның сырын білген соң үрейленгеніміздің себебін де анықтадық. Бұл заттар қан майданнан осы заманға жеткен тірі куәгерлер екен…
Азулы ақын Серік Ақсұң­қарұлының «Пушкинді әр дәуірден іздеп жүрме, Пушканы әр заманнан табасың» деген мағынаға саятын өлең жолдары бар. Әскери-тарихи музейде зеңбіректің неше түрі, тіпті Қытай зеңбірегі де бар.
Музей қорындағы жәдігер­лерден бөлек, қазіргі күндері мұнда Орал қаласынан арнайы әкелінген Мәншүк Мәметова атындағы музейдің экспонаттарын, Тұңғыш Президент мұрағатынан алынған Ұлы Отан соғысына қатысты құпиялығы ашылған құжаттарды және Радио күніне арналған көрмені тамашалауға болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button