Жаңалықтар

ЕЛДІКТІ ҚОРЛАҒАНДЫ ЕСІРКЕМЕЙІК!

Қылмыстық кодекстегi мемлекеттiк рәмiздердi қорлағаны үшiн қарастырылған жауапкершiлiктi қатаңдату керек.
Бұл – кеше Мәжiлiстiң жалпы отыры­сында Үкiмет басшысының, Мемле­кет­тiк хатшының, Бас прокурордың атына сауал жолдаған мәжiлiсмен Бақытбек Смағұлдың көтерген мәселесi.
«Алматы облысының әкiмшiлiк орталығы – Талдықорған қаласындағы облыстық әкiмдiк жанында Туымыздан сүйретпе қап жасаса, Атырау облысы Атырау қаласындағы облыстық проку­ратура жанында қоқысты жинап жат­қан топ Мемлекеттiк Туымызды қап ре­тiнде қолданған. Осының бәрiне куәгер бола отырып, бейшаралығымызға на­мысым келдi», – деген депутат жолдаған сауалында, Азиададағы жарыста жан­күйерлердiң Туды табан асты етiп қорлағанын республика бойынша мәселе етiп көтергенiн де атап өттi.
Сондай-ақ, Бақытбек Смағұл Қоста­най­дағы, қала бердi, Кувейттегi жа­рыстарда да Әнұранның ауысқанын ашына айтты.
«Әнұранды қойып Мемлекеттiк Туды талақ етiп отырғанымыз ба? Түркi әле­мiнiң ту тiккен мекенi деп мақтанған елдiгiмiз осы ма? Бұл бiздiң жауапсыз­дығымыз ба, әлде сауатсыздығымыз ба?»
Халық қалаулысы елiмiздiң  Мемле­кеттiк Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қорлаған жағдайда Қазақстан Респуб­ликасының Қылмыстық кодексiндегi 317-бабында қарастырылған жазаны күлкiлi деп бағалады.
Сондықтан, 2013 жылға қарай Қыл­мыстық кодекстi жаңарту үрдiсiнде ең бiрiншi кезекте әлгi 317-баптағы қыл­мыстық жауапкершiлiктi қатаңдатуы­мыз керек», – дедi ол.
Естерiңiзге сала кетейiк, iлгерiдегi бапта қарастырылған жаза – 200 АЕК пен 1000 АЕК дейiнгi мөлшерде айып­пұл салуға не 1 жылға дейiнгi мерзiмде бас бостандығынан айыру.

P.S.
Бақытбек мырза, сiрәда, Әнұран мен Тудың қатарын Елтаңба да толықтыр­ғанын естiмесе керек.
Айтып отырғанымыз, Қостанайда (тағы да, Қостанай) Қазақстан Респуб­ликасының гербi бейнеленген күлсал­ғыш та сатылған едi.
«Тере берсең, көп қой, тегi – «Астана» деген әжетхана қағазы, Жаппар ие жаратқанның аты жазылған арақ – «бас жарылса, бөрiк iшiнде» деуге болар едi. Бiрақ, болмайды…
Ғаламтордағы «This Is Хорошо» ин­тер­нет-шоуының (өткен жылы көрер­менде­рiнiң саны 100 млн адамнан асқан) авторы Стас Давыдов атты «боғымызбен жасты бала», Қостанайдағы келеңсiздiктi мы­сал­ға алып, «Қазақстанның Әнұраны – (… бiз жұмсартып айтсақ) жапа» деген едi.
Осыдан соң, «Өзгелер қорықсын десең, өзiңдiкiн ұр» дегендей, депутат Смағұл­дың ойы орынды ма деймiз.

Нұрберген МАҚЫМ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button