Жаңалықтар

Елдіктің елеулі белгісі

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында елордамызда бой көтерген нысаналы ескерткіштеріміздің саны елуден асыпты. Әлі де қазақ жұртының, оның кең-байтақ жерінің азаттығы үшін жанын берген ұлық ұлдарымыз бен тұғырына қондыратын тұлғаларымыз баршылық.

Осы жылдары халқымыздың ұлт-азаттық қозғалысына қатысты тарихымызды жадымызда жаңғырттық. «Жыл өткен сайын Алаштың абыройы асқақтап, беделі биіктей береді. Олардың атқарған ісі ешқашан маңызын жоғалтпайды. Себебі ұлт мүддесі, ел қамы деген ұғымдар – мәңгі құндылықтар» деді Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткіштің ашу салтанатында. Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері Әлихан, ұлт ұстазы Ахмет, ұлт бірлігіне бастап «Оян, қазақ» деп ұран тас­таған Міржақып елорда төрінде тас мүсін болып қайта бас қосты.
Осыдан он жыл бұрын мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Шот-Аман Уәлихановтың шығармашылық шабытынан туындаған, қоладан құйған сом мүсін, Кенесарының өр бейнесі Есілдің екі бетін жағалай қонған елдің еңсесін көтеріп тұрғандай.
Ханның жолы ашылғаннан кейін ел басына күн туғанда ат ауыздықпен су ішіп, ер етігімен су кешкен замандарда елдік атына кір келтірмеген, от шайнап, шоқ түкірген баһадүр батырларымызды бас шаһарымызға жинадық десе болғандай. Алты Алаштың бас сардары, «қазақтың қамал қорғаны», іргедегі Ерейменнің топырағынан жаралған Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр, қазақтың біртуар перзенттері Бауыр­жан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Жақсылық Үшкемпіров, Әлия мен Мәншүктей аруларымыздың ел есінде қалған есімімен бірге шаһарымыздағы тас тұлғасы да көз қуанышымыз, мақтанышымыз.
Мәңгілік елдігіміздің қасиетті белгілері – «Отан-­ана» монументі, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасына қоса «Қазақ елі» монументімен түйінделеді.
Қазақ – ежелден елдіктің жолынан жаңылмаған ел. Оның белгісіндей болып Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік, орыс әдебиетінің негізін салушы, ұлы ақын әрі жазушы Александр Пушкин, француз қолбасшысы Шарль де Голль мен Румыния әдебиетінің классигі Михай Эминеску мүсіндері халықтар арасындағы достықтың белгісіндей болып қалмақ. Осы ескерткіштердің арасында «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі де бар. Бұл да ел тарихының бір кезеңінен сыр шертеді.
Бас қаламыздың бас­ты ескерткіштері тек көрік беріп қана қоймай, еліміздің өткенінен сыр шертіп, қала тұрғындарының қазақ тарихын жасаған тұлғаларына деген құрметіндей асқақтай бермек.

Айгүл
УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button