Басты ақпарат

Елдіктің ерен нышаны

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Мемлекеттік рәміздер – ту, елтаңба және әнұран еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі, халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін білдіретін құнды таңбалар. Осы айтулы күнге орай біз Мемлекеттік рәміздердің насихатталуы мен қорғалуы жайлы Геральдикалық зерттеу орталығының директоры Асылбек БАЯЖҰМА мырзаны әңгімеге тартқан едік.

[smartslider3 slider=3141]

– Өзіңіз жетекшілік етіп отырған орталықтың негізгі жұмыс бағытына тоқталсаңыз.

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен былтыр шілде айында Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығы ашылған болатын. Орталығымыз үш бағытта жұмыс жасайды. Бірінші, біз геральдикалық зерттеулер мәселесімен айналысамыз. Осы мақсатта тастағы таңбаларды сөйлетіп жүрген Қаржаубай Сартқожаұлымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Әрине, тастағы таңбаларды өзге ғалымдар да зерттейді. Бірақ тиісті еңбектер әр жерде жазылып, біріктірілмей келеді. Біздің мақсатымыз – ғылыми жұмыстарды біріктіру. Осы мақсатта жақында ғана «Қазақ геральдикасы» деген кітап дайындап, баспадан шығардық. Геральдика, таңба мәселесін зерттеу, оны бір ізге келтіру үлкен күшті талап етеді, өкінішке қарай, біздің елімізде геральдист маман жоқ, маман дайындайтын оқу орны да жоқ. Сондықтан біз Ғылым және білім министрлігіне геральдиканы пән ретінде оқыту жөнінде ұсыныс енгіздік. Сондай-ақ орталықтың даму бағдарын айқындау үшін Түркия, Моңғолия, Қытай елдерінің мамандарымен хабарластық. Бір қызығы, ол елдерде геральдистер болғанмен, біздегідей арнайы мекеме жоқ екен. Енді біздің орталыққа, керісінше, олар қызығушылық білдіріп, жұмысымызбен танысқысы келіп отыр. Алдағы уақытта Орталық Азия кеңістігіндегі ірі геральдикалық зерттеулер орталығына айналатын мүмкіндігіміз бар. Министрліктің демеуімен келесі жылы геральдистердің халықаралық конференциясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Кәдімгі түймеден ою-өрнекке дейінгі геральдикалық белгілердің экспозициялық залын ашу да жоспарда бар, бұл келесі жылы іске асады. Болашақта Халықаралық геральдистер одағын құрсақ деген ойымыз да бар.

Жұмысымыздың екінші бағыты – Мемлекеттік рәміздерді насихаттау. Биыл Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы, дегенмен жасырары жоқ, бізде Мемлекеттік рәміздерді насихаттау қарқынды емес. Әсіресе жергілікті деңгейде, облыс, аудан әкімдіктерінде бұл формалды жұмысқа айналған, бұған жақында Шығыс Қазақстан облысындағы сапарымда көз жеткіздім. Әр басшының кеңсесінде Мемлекеттік рәміздер ілулі тұрады, бірақ оның ережесін, ілу тәртібін білмейтіні бірден байқалады. Тиісті маман жоқ. Сондықтан орталығымыздың мамандары әдістемелік құрал мен Мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың ережесін әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта өңірлерге шығып, семинар ұйымдастырып, түсіндіру жұмысын жүргізу жоспарымызда бар.

Ендігі бір маңызды бағыт – бізде мемлекеттік деңгейде екі жүзден астам мемлекеттік награда бар, ішкі істер, күштік құрылымдар, қорғаныс, төтенше жағдайлар және өзге салалар бойынша қызметкерлерді марапаттау мақсатында немесе мерейтойларға байланысты әртүрлі наградалар шығарады. Олардың эскизі бізге жіберіледі, біз сараптамалық кеңесте қарап, барлық стандартқа сай болуын қадағалаймыз. Өкінішке қарай, бүгінде көптеген қоғамдық, мемлекеттік емес ұйымдар да түрлі түсті орден, медаль шығарып келеді, енді оны да бір ізге келтірудің жолын қарастырып жатырмыз. Себебі жекеменшік сектордағы мемлекеттік емес ұйымдар шығарып отырған орден, медальдардың бейберекетсіз дайындалуы, таратылуы елдікке сын, соны стандартқа түсіруді қолға алдық.

– Мемлекеттік елтаңбамыз бен көк туымыз көз сүріндірер көркімен ғана емес, мәнді символикасымен де көз тартып, ежелгі тарихтан сыр шертіп тұрғандай сезіледі маған.

– Біздің көк туымыз Тәуелсіздіктің 30 жылында әлемдік деңгейдегі спорттық шараларда 4000 рет көкке көтерілген екен. Сондай-ақ көк туымыз Оңтүстік, Солтүстік полюстерде және әлемнің ең биік шыңы – Эверестке де тігілді. Көк туымызды ғарышқа алғаш рет Талғат Мұсабаев ағамыз алып ұшса, ғарышкер Айдын Айымбетов­пен бірге Жер орбитасын 150 рет айналып шыққан. Өз тарихында Мемлекеттік туымыз үш мәрте өзгеріске ұшырады, 1992 жылы Мемлекеттік ту конкурсына 1200-ге жуық жоба ұсынылған, соның ішінде Шәкен Ниязбековтің жобасы бірауыздан қолдау тапты. Алғашқыда оюы қызыл түсті және қазіргіден өзгеше болды, кейінірек сары түске ауысты. 1996 жылы туға қошқармүйіз салынып, ені кеңейді. Содан бері өзгеріссіз қолданылып келеді. Ал біздің елтаңбамыз әлемдегі ең әдемі елтаңбалардың рейтингінде тоғызыншы орында тұр. Елтаңбада шаңырақ, уық, қанатты пырақ, жұлдыз секілді бүкіл қазақтың болмысын білдіретін символикалық белгілер бар, оның барлығын Жандарбек Мәлібеков ағамыз өте шеберлікпен үйлестіре білген. Елтаңбамызға да бірнеше өзгеріс енді, атап айтқанда, «Қазақстан» сөзі латын графикасымен «Qazaqstan» деп өзгертіліп, ΔE түстер диапазоны қолданылды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың басты борышы.

Ежелгі ғұндардың елтаңбасында күн мен айдың бейнесі болған, айдың пішіні кәдімгі көк туымыздағы қыран бейнесіне ұқсайды. Бұл сәйкестіктің өзі – таңдай қақтырар ғажап құбылыс. Тек айдың орнын бізде бүркіт алмастырған. Демек, сан ғасырлар бойы қуғын мен сүргінді, азап пен тозақты, жақсы мен жаманды бастан өткерсек те, ата-баба аманатынан айнымаған елміз. Осыншама ұланғайыр даланы сақтап қалу үшін ата-бабамыз жан беріп, жан алысты, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін, жерін қорғады. Осы күресте оларға рух, күш берген ту, жалау еді. Туымызды құлатпау – арғы-бергі аталарымыздың ең басты мұраты. Туға деген құрмет те ерекше болған. Мемлекеттік ту мен елтаңба біздің дербес, тә­уелсіз мемлекет екенімізді, жеріміз, еліміз, халқымыз бар екенін айғақтайды. Сондықтан Мемлекеттік рәміздер қашан да біздің рухымыз, мемлекеттігіміздің нышаны, тәуелсіздігіміздің символы, ата тарихымызбен сабақтастыратын басты белгіміз.

Рәміздік мәні бар таңбалар тарихын зерттеу бізде енді-енді қолға алынып жатыр, біз өткенде тарихи тулар көрмесін әзірлеуге кіріскен едік, алайда ерте заманнан бергі тудың барлығын тізбектеп келгенде, қазақстандық ғалымдардың осы бойынша ортақ пікірі жоқ екенін байқадық. Алдағы уақытта орталық жанынан ғылыми кеңес шақырып, ғалымдардың пікірін мүмкіндігінше ортақтастырып, оны қоғамның талқысына салғаннан кейін төл тарихымыздағы айтулы рәміздердің шынайы бейнесін халыққа ұсынамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл мәселемен, түптеп келгенде, тарихшылар айналысуы тиіс, біздікі – осы жұмысқа ұйытқы болу.

– Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы қарсаңында елімізде өткен концерттің бірінде көк туды умаждап лақтырмақ болған әншінің ерсі әрекеті жұрттың жағасын ұстатып, қоғамдық пікірге тамызық болғаны, шынымен, ыңғайсыз жайт, осы жайлы сіздің пікіріңіз…

– Тәуелсіз еліміздің тарихында Мемлекеттік рәміздерге байланысты бірнеше мәрте резонансты жағдай болды. Бәрін санап отырмасақ та, соңғы сорақылық ретінде Shiza-ның қылығын айтуға болады. Бұл мәселе заңда да қарастырылған, Әкімшілік кодекстің 341, 636-баптарына сәйкес, ондай тұлғалар міндетті түрде жазалануға тиіс. Бірақ жаза жеңіл, азын-аулақ айыппұл төлетумен, он күнге қамаумен түбегейлі тоқтау қоя алмаймыз. Сондықтан алдағы жерде заңды қатайту, күшейту жөнінде ұсыныс енгізу мәселесін қолға алған жөн деп ойлаймын. Дегенмен насихат жұмысының да баяу жүргізіліп жатқанын мо­йындау керек. Жастарымыз болған оқиғадан сабақ алар деп үміттенемін, алып та жатыр, оған күні кеше жастармен кездескенде анық көзім жетті. Қазіргі таңда орталығымыз түрік еліндегі туды насихаттау жұмысының тәжірибесін зерделеп жатыр. Еуропада өткен саммитте жердегі жалауды Түркия Президентінің еңкейіп алып, қалтасына салып алғаны есіңізде болар, бұл – мемлекет басшысының өз туына деген құрметі. Үлгі боларлық іс. Жалпы ол елде әртүрлі саяси кикілжіңдер күнде дерлік болып жатса да, ту көтерілгенде түгел жиналады.

Міне, біз осы бағытта жұмыс жасауымыз керек. Әнұранымыз орындалып, көк туымыз көтерілгенде, араздықты ұмытып, жұдырықтай жұмылатын күнге жетсек, бізді ешқандай жау алмайды. Әсіресе өскелең ұрпақтың санасына Мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін түсіндіру – күн тәртібіндегі басты мәселе. Ертең ел тізгінін қолға алып, кемел келешекке жол бастайтын – осы жастар. Қазір дұрыс тәлім-тәрбие бере алмасақ, кейін өкінгеннен еш пайда болмасы анық.

Ерлан МАЗАН

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button