ӘлеуметБасты ақпарат

Елдіктің іргетасын бекемдейді

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері шетелдегі этникалық қазақтарды тарихи отанына оралту саясатын белсенді жүргізіп келеді. 1991 жылы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шетелдерден ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші қазақ ұлтының адамдарын Қазақстан Республикасында қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» қаулы қабылданды.

Келесі жылы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтіп, қандастарды тарихи отанына оралтуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні ресми түрде жарияланды. Осыдан кейін көші-қон саясаты күшейіп, қандастарға арнайы жеңілдіктер мен қолдау шаралары қарастырыла бастады. Соның нәтижесінде 1991 жылдан бастап қазірге дейін 1,5 миллион­ға жуық қандасымыз тарихи отанына оралып, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына өз үлесін қосуда. Бұл – ұлттың бірігуі мен тарихи әділеттілікті қалпына келтірудегі маңызды қадам.

«Елге ел қосылса – құт» демекші, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран, Түрікменстан, Еуропа елдерінен келген қандастарымыз еліміздің демографиялық өсіміне үлес қосып қана қоймай, ел экономикасының өсуіне, мәдениетінің түрленіп, ғылым-білім саласының дамуына, мемлекеттік тілдің күш алуына, ұлттық құндылықтарымыздың ұлықталуына үлкен үлес қосты. Көптеген қандас жеке кәсіп ашып, ауыл шаруашылығы, өндіріс, сауда-­саттық салаларында еңбек етіп, жаңа жұмыс орындарының қалыптасуына ықпал етсе, шетелден келген қазақ зиялылары, ғалымдары, оқытушылар мен IT, емдеу-денсаулық сақтау саласының мамандары өз саласына үлкен жаңалықтар әкелді. Олардың бірқатары Қазақстанның жетекші университеттерінде дәріс оқып, ғылыми зерттеулер жүргізуде. Отанына оралған ағайындар арасында ақын-жазушылар, тарихшылар, музыканттар, киноре­жиссерлер, қолөнер шеберлері де аз емес. Олар қазақтың дәстүрлі мәдениетін дәріптеп, мәдени мұраны жаңғырту жұмысына да белсене атсалысты.

Шетелден келген қандастарымыздың еліміздің бас қаласы – Астанаға орналасып, елорданың әр саласының ілгері басуына айтарлықтай үлес қосып жатқанын атап өткен жөн. Астана іскерлік орталық болғандықтан, қандастардың бір бөлігі шағын және орта бизнес ашып, сауда, құрылыс, қызмет көрсету салаларында белсенді жұмыс істеуде. Қытай, Түркия, Өзбекстан, Моңғолиядан келген қазақтар ұлттық өнімдерді өндіру, мейрамхана және сауда бизнесін дамытуда аса белсенді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы Астана қаласында қандас мәртебесін алған 28013 этникалық қазақтың 19591-і қазіргі уақытта Қазақстан Рес­публикасының азаматтығын алған. Өткен жылы Астанада этникалық қазақтардың отбасын біріктіру мақсатында 6 шақырту рәсімделді. Сонымен қатар 245 этникалық қазақтың қандас мәртебесінің мерзімі ұзарған.

2023 жылы шілдеден бастап шет елде тұратын этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасын алып, Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігі берілді. Шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып, 10 жылдық мерзіммен берілетін бұл картаға қызығушылық танытып отырған қандастарымыз да көп. Айта кетейік, 2023 жылы 1 шілдеден бастап қазірге дейін 65 «Ата жолы» картасы берілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде өз ісін дамытуға дайын бизнес-иммигранттар 27 карта алса, сұранысқа ие мамандар 38 картаның иегері атанған.

Қазір қандастарымыздың Қазақстанға көшіп келуіне ақпарат беріп, консультация көрсету мақсатында «Отандастар» қорының ақпараттық қолдау орталығы жұмыс істейді. Бүгінге дейін мұнда қандастардан келген 30 мыңнан аса өтінімге жауап берілген.

Қандастардың жаңа ортаға сәтті бейімделуі – мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Олардың бас­ты мәселелерінің қатарында құжат рәсімдеу, тұрғын үймен, білім алу мен жұмыспен қамту секілді факторлар бар. Қазақстан Үкіметі осы мәселелерді шешу үшін түрлі бағдарламаны қолға алып отыр. Мысалы, қандастарға арналған арнайы квота, тегін тіл курсы мен кәсіптік оқыту курсы ұйым­дастырылып келеді. Сонымен қатар қандастардың өздері де жаңа ортаға бейімделу үшін белсенділік танытып, кәсіп ашып, түрлі салада қызмет етіп, елдің дамуына өз үлесін қосып келеді. Бүгінде ғылым, мәдениет, кәсіпкерлік және спорт салаларында жетістікке жеткен қандастардың саны артып келеді. Бұл – олардың жаңа ортаға тез бейімделіп, тарихи отанында өз орнын таба алғанының айқын дәлелі.

Белгілі ғалым, тарихшы Тұрсынхан Зәкен қандастардың елге оралуын тек көші-қон үрдісі ғана емес, ұлттың тұтас­тығы жолындағы ұлы миссия деп есептейді.

«Қазақ көшінің ұлы керуеніне көз жүгірткенде, оның түпкі мақсаты ұлттың бірлігі мен болашағын нығайту болғанын байқаймыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін қандастардың елге оралуы жай ғана миграциялық процесс емес, ол, ең алдымен, ұлттық сана жаңғыруының көрінісі. Қазақ халқы тарыдай шашылып, әр қиырға кеткенмен, олардың ортақ арманы тәуелсіз еліне жету еді. Бүгінгі таңда біз сол ұлы армандардың орындалып жатқанын көріп отырмыз. Бұл Қазақстанға сандық өсіммен қатар, сапалық өзгеріс те әкеліп, елдік сананы тіпті нығайта түсті. Демек, бұл көш – ұлттың қуатын еселейтін, елдіктің іргетасын бекемдейтін тарихи құбылыс» дейді ғалым.

Қысқасы, «Шетелдегі қандас­тарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүние жүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша атап көрсеткендей, этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуы тек көші-қон процесі ғана емес, бұл – ұлттың ұлы ұйы­суын жүзеге асырып, ұлттық бірегейлікті сақтау және ұлттың ұлы дамуы жолындағы маңызды қадам.

Қандастардың болашақта Қазақстанның дамуына зор үлес қоса беретініне күмән жоқ. Ең бас­тысы, олардың елде өздерін толыққанды азамат ретінде сезінуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалса болғаны.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button