Басты ақпарат

ЕЛДІҢ ЕРЕН ЕРЛЕРІ

Елдің мерейін, мемлекеттің мәртебесін, халықтың абыройын, ұлттың намысын көтеруге келгенде спорт сайыпқырандары алдымен еске түсіп жатады. Біле білсек, бұл — заңдылық. Осы орайда, әсіресе, Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған спортшыларымызды батырға балап жатамыз. Шынымен де төрткүл дүниенің кіл мықтылары бәсекеге түсетін аламан сайыста топ жару нағыз ерлік емес пе?!

Айта бергіміз келеді, биыл Лондонда өткен ХХХ жазғы Олим­­пиада ойындарында Қа­зақ­­стан спорт­шылары бұрын ел тари­хын­да бол­маған жетіс­тік­ке қол жет­кізді. Жеті – алтын (!), бір – күміс, бес – қола медаль! Елдік бәсекеде бүкіл дүние жү­зі бойынша 12-ші орыннан кө­­рін­дік. Бұл – тәуелсіз ел болға­лы қол жеткізген толағай табы­сы­­мыз. Міне, осылайша елдік абы­­ройы­­мыз­дың асқақ­тауы сол сайып­қыран спорт­шыла­ры­мыз­дың арқасы. Сондықтан да Олимп шыңын бағындырған әр спорт­шымыз ел мақтанышы, халқы­мыз­дың батырлары болып қала бермек.

Лондонда дүбірлі дода бас­тал­ған сәтте-ақ қазақ жанкүйер­­лері қалпағын аспанға атып қуа­нышқа бөленеді деп кім ойла­ған?! Ойласақ та, ойламасақ та, қазақ елінің нағыз бір патриот спортшысы Александр Виноку­ров веложарыста шашасына шаң жұқтырмай, Олимпиада чем­пионы атағын жеңіп алды. Осыдан 12 жыл бұрын Сидней ойындарында күміс жүлдегер болған атақты спортшымызды сол кезеңде шетелдерге шақыр­ғандар да болған еді. Алайда, ол «Туған елін еш­қайда айыр­бас­­та­май­мын» деп Қа­зақстан туы ас­тын­да сайыс­тар­ға қаты­са бер­­ді. Сөй­тіп, өзінің спорт­тық ғұ­мы­рына Лондон олимпиа­да­сы­ның алтынымен нүкте қойды.

Бүкіл әлем жанкүйерін асқан күшімен, аса салқынқанды мі­не­зімен таңғалдырған ауыр ат­лет­­ші қызымыз Зүлфия Чиншанло Олимпиада чемпионы ғана болып қоймай, әлем және Олимпиада рекордтарын жа­ңар­­тып жіберді. Зүлфия Лондон төрінде қазақтың туын жел­бі­­рет­­кенде барша қазақ­стан­дықтар қуанышқа бөлен­гені сөзсіз. Сол жеңістен кейін чемпион қызымыз «Мен әлі талай жарыста  Қазақстан туын биіктен желбіретемін» деген еді. Сол кезде-ақ оның да нағыз патриот екеніне шүбәсіз сен­ген­біз, сене бермекпіз де.

Шаршы алаңның шын шебері Серік Сәпиев Олимпиада чемпионы атағымен бірге ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубо­гын қоса ұтып алуы нағыз ерлік десек жарасады. Екі дүркін әлем чемпионы болған Серіктің бұл жеңісі қазақ спорты­ның тарихи жетістігі бол­ды десек те болады.  Ал тағы бір патриот спорт­шымыз Илья Ильин де Қазақ­стан спортына өлшеусіз үлес қосты. Илья екі дүркін Олим­пиада чемпионы атанған әзірге жалғыз қазақ­стандық спорт­шы болып отыр.

Олим алтынын жеңіп алған жеңіл атлет Ольга Рыпакова, ауыр атлеттер Мая Манеза мен Светлана Подобедова да Қазақстан мерейін көтеруге орасан үлес қосқандарын ай­рық­ша атап өтеміз. Өйткені, бұл спорт­шылардың бәрі қазақ елі­нің атын да, абыройын да төрт­күл дүниеге танытты. Бұл – үлкен жеңіс, бұл – ерен ерлік.

Өкінішке қарай, кей жағ­дайда осындай атақты спорт­шылармыз туралы көңілге кірбің түсіретін жайттар да болып жатады. Мәселен, өзінің туып-өскен жеріне барып келген Зүлфия Чиншанлоны «Қытайына қайта кетеді» деп жазғырғандар табылса, Винокуровтың осыдан екі жыл бұрынғы бір жеңісін сатып алды деген шетелдік мамандардың пікірін жаңалық ашқандай жариялағандар да аз болмады. Ал, шын мәнінде осы екі спортшы да келешекте  тек Қазақстан намысын қорғайтынын талай мәрте айтқаны есімізде. Солай болып та қалмақ. Сондықтан ел мерейін өсірген чемпиондарымыз туралы жалған емес, жағымды пікірімізді сақтап жүрейікші дегім келеді.

Лондон олимпиадасында Қа­зақстан туын биіктен жел­­бі­реткен сайыпқыран спорт­шы­ла­­ры­мыз­дың жеңісті дәс­түрі 2016 жылы Бразилияда өте­тін Олим­­пиада ойындарын­да жал­ғасын табады деген сенімдеміз. Жеңім­паздар дәстүрі жеңіс­терге бастай берсін!

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button